* * *
Өз ісінің білгірі мен кәсіби маман ғана кез келген даму үдерісінің негізгі күші екені ақиқат, деп атап өтті өз сөзінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек. Тәуелсіздіктің табалдырығын аттаған кезде Елбасы алғашқы қадамды елімізге керекті маман даярлау ісіне баса назар аударудан бастады. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында маман даярлау ісі осылай басталған болатын. 1994-2004 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің 13 елінде 700 жас талап тәлім алды. Негізінен олардың алған негізгі білімдері – мемлекеттік және ұжымдық басқару, халықаралық қатынас пен экономика саласының мамандары секілді мемлекетімізге аса қажетті мамандықтар еді. Және олардың алған білімі мен тәжірибесі мемлекеттік қызметте, ұжымдық басқару және халықаралық жобаларда өз жемісін берді. 1997 жылы 2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясы жасақталды, ал 2003 жылы 2003-2015 жылдарға бағытталған Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы мақұлданды. 2005 жылы Елбасы шетелдерде оқитын «Болашақ» стипендиаттарының санын 3000 шәкіртке дейін арттыру жөнінде маңызды шешім қабылдады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі он сегіз жыл ішінде 4500 шәкірт халықаралық дәрежеде білім алды. Тағы да 3000 шәкірт әлемнің ең алдыңғы қатарлы университеттері мен тәжірибелік зертханаларында білімдерін жетілдіруде. Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандардың 8,6 пайызы мемлекеттік орындарда, 9,6 пайызы мемлекеттік құрылымдарда, 21,2 пайызы мемлекетке қарасты ұлттық компанияларда, 56,5 пайызы жеке компанияларда, 2,5 пайызы халықаралық ұйымдарда және 1,6 пайызы коммерциялық емес ұйымдарда жұмыс істеп жатыр. «Болашақ» бағдарламасы 2011-2015 жылдарға жасаған жоспарында бакалавриат дәрежесіндегі мамандар қатарын оқытуды доғарып, магистрлер мен PhD докторларын даярлау ісіне баса назар аударып отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттің дамуын жеделдететін мамандықтар мен тәжірибелі жастарды оқыту ісі көңіл аудартады. Инновация дегеніміз – фирмалар үшін, рынок үшін, тіпті бүкіл әлем үшін өнім мен үдерісті коммерциялық талдау болып табылады, деп бастады сөзін Орталық Азия бойынша жеке меншік және қаржы секторының уәкілі Эммануель Салинас. Ал, технологияны игеру дегеніміз қолданыстағы технологияны, өнім мен үдеріс әлеуетін әлі қолданылмаған жаңа жағдай аясында іске асыру. Неліктен инновация соншалықты маңызға ие деген сұрақ туындайды. Өйткені, табиғи байлық пен сыртқы қаржы көздері тұрақты емес. Тек инновация мен технологияны игеру ғана өнімділікті арттыру көзі екенін түсінген жөн. Есте сақтайтын бір мысал, өнімділік артқан кезде ғана бәсекеге қабілеттілік күшейеді. Қазақстанның жаңа технологияны игеру үшін пайдаланатын және өнімділік үдерісіне жұмсайтын қазба байлығы бар. Ірі компанияларға шетелдік жаңа технологияларды алу үшін, өнімділік үдерісін арттыру үшін, мамандарды дайындау және жаңа өнімге икемделу үшін мол қаражат керек. Бұл дегеніңіз, инновацияны меңгеру жолындағы мемлекеттің даму әлеуетін байқатады. Ол үшін не керек? Әуелі, техникамен жұмыс істей алатын тәжірибе және басқару шеберлігі керек. Ол білімділікті талап етеді. Сосын ақпараттық технологиялар, шетелдік тапсырыс берушілер мен халықаралық рынок алаңына шығатын мүмкіншілік, яғни инфрақұрылымды дамыту қажет. Және осы талаптарға сай бизнес жүргізу машығы керек. Ал өз тарапынан Қазақстан Үкіметі инновацияны дамыту үшін мынадай мәселелерге назар салуы тиіс. Фирмалардың ісін алға оздыратын жаңа технологияларды енгізу жолында қолдау көрсетерлік амалдарды жетілдіру керек. Жекелеген гранттарды пайдалану, мәселен, Ұлттық инновациялық қордың қызметіне жүгіну. Инжинирингтік қызметтер, қолдау көрсету шараларының толық қамтылуын қадағалау. Инновацияны енгізу жолында және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Қазақстанның оқу-тәжірибелік бағдарламаларды пайдалануға ықпал еткені абзал. Пленарлық отырысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылады. Үкімет басшысы өз сөзінде жуықта Алматыда өткен ғылым ордасындағы үлкен басқосуда Елбасы инновациялық даму мәселесіне баса мән бергендігін, осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілгендігін айтып өтті. Сондықтан Үкімет өзінің 2012 жылғы бірінші отырысын нақ осы инновациялық даму мәселесіне арнамақ екен. Үкімет басшысы қазіргі инновациялық дамудың жоспарлары мен қағидаттарын айқындау ісінде сарапшылардың, шетелдік кеңесшілердің ақыл-кеңестері маңызды екендігіне де тоқталып өтті. Осы ретте Үкімет үшін жаңашылдық қозғалысқа қалайша серпін беруге болады, ол үшін қандай әдіс-тәсілдерді әзірлеп, өмірге енгізген жөн деген сұрақтардың маңызы зор екендігін атап көрсетті. «Әдетте инновациялық үдерісті қандай бір жарлық және декретпен жолға қоя алмайсыз? Өйткені, инновация дегеніміз жанды шығармашылық болып табылады. Өнертапқыштық, жаңашылдық қасиеттер екінің біріне беріле бермейді. Оны былайша айтқанда, жекелеген адамдарға табиғаттың жасайтын сыйы ретінде қарастырып жатамыз. Міне, жеке адамның бойындағы осы қасиетті қалайша жарқыратып аша аламыз, оның даму ортасын қалай қалыптастырамыз? Бұған нақты жауап беру және оның жолдарын айқындап, тетіктерін үйлесімді ету тіптен де оңай міндет емес. Бірақ бұл іспен айналыспауға тағы да болмайды. Онымен айналыспасақ дамудың қазіргі биігінің өлшемдері бойынша көш соңында қалатындығымыз айқын», деген Премьер-Министр тиісті идеяларды іздестіру үстінде осындай жиындардың берері мол екендігін еске салып өтті. Форум жұмысына үлкен табыстар тіледі.II ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЛИН-ФОРУМ
Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналған Инновациялық форум шеңберінде ІІ Қазақстандық лин-форум өтті. Іс-шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Ұлттық инновациялық қор» АҚ ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – 2010 жылдағы заманауи басқару технологияларын енгізу туралы бюджеттік бағдарламаның қорытындысын жасау, жоо-лар, бизнестің әлеуетті өкілдерінің арасында лин-технологиялар философиясын түсіндіріп тарату. Осылайша, жыл сайын өтетін лин-форум Қазақстандағы заманауи басқару технологияларын енгізу туралы мәселелерді талқылауға арналған дәстүрлі сұхбат алаңына айналуға тиіс. II Қазақстандық лин-форумға экономиканың әртүрлі секторларынан 500-ден астам кәсіпорындардан, даму институттарынан, университеттерден, халықаралық және қазақстандық сарапшылардан, мемлекеттік органдардан, қаржы институттарынан өкілдер жиналды. Лин-форум барысында халықаралық сарапшылар – Кайдзен (Ресей) университетінің өкілдері, Кайдзен институтының (Үндістан), Фраунхоффера (Германия) институтының, «Solving Efeso», «Strategy Partners Group», «Оргпром» компанияларының өкілдері лин-технологияларды енгізудің көп жылдық тәжірибесімен алмасты. Қатысушылар кәсіпорындардағы ұтымды өндіріс құралдарын енгізудің қыр-сыры туралы, енгізудің бастапқы кезеңіндегі қиыншылықтар мен ерекшеліктер туралы хабардар болды. Сонымен қатар, қатысушылар лин-технологияларды енгізуге арналған жобалардың шынайы отандық бизнес-кейстерімен танысты. Өткен жылы заманауи басқару технологияларын енгізу бағдарламасы бойынша 13 отандық кәсіпорын қатысқанын еске салып өту қажет. Олар: «СК «Стройкласс»» ЖШС (Астана қ.), «КазСПО-N» ЖШС (Алматы қ.), «Гордорремстрой» АҚ (Алматы қ.), «Caspian Beverage Holding» АҚ (Алматы қ.), «ZHERSU POWER» ЖШС (Талдықорған қ.), «Кайнар АКБ» ЖШС (Талдықорған қ.), «Экостройсервис» АҚ (Қарағанды қ.), «Караганда Энергоцентр» ЖШС (Қарағанды қ.), «Мунаймаш» АҚ (Петропавл қ.), «Петропавловский завод тяжелого машиностроения» АҚ (Петропавл қ.), «Костанайские минералы» АҚ (Жітіқара қ.), «Актюбинский завод нефтяного оборудования» АҚ (Ақтөбе қ.), «АЗИЯАВТО» АҚ (Өскемен қ.). Форум барысында жарияланғандай, кәсіпорын тарапынан өндірістік бизнес-үдерісті оңтайландыруға, өндіріс орындарындағы тар салаларды анықтауға, лин-құралдарды енгізуге, өнім бірлігін өндіруге жұмсалатын уақытты қысқартуға қол жеткізілді. «Бағдарлама шеңберінде өткізілген іс-шаралар нәтижесінде кәсіпорындарға тиімдірек жұмыс жасауға мүмкіндік туды, өндірістік қызметкерді лин-технология құралдарына үйретті, сол арқылы қызметкерлердің ынтасын көтеруге және ішкі өндірістік және ақпараттық ағымдардың сапасын көтеруге мүмкіндік туды», – деп атап өтті іс-шара барысындағы басқарушы директор, «НИФ» АҚ (басқару технологияларын енгізу бойынша бағдарлама операторы) Инновациялардың сервистік құралдарын басқару орталығының директоры Гүлнара Есенғазина. Сонымен қатар форум барысында қазақстандық кайдзен-клубтың жұмысын бастағаны туралы хабарланды, бұл клуб өз айналасына кайдзен философиясын кез келген кәсіпорында жүзеге асыруға бар күшін салып отырған қазақстандық сарапшыларды біріктіреді. I Қазақстандық лин-форум нәтижесінде «Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа ықпал ету» бағдарламасы аясында (GTZ) ГмбХ Техникалық Ынтымақтастығы бойынша германиялық қоғаммен және Ресей Лин-мектебімен меморандумға қол қойылды. II Қазақстандық лин-форум шеңберінде Қазақстанның жоба менеджерлері одағымен, Кайдзен институтымен (Үндістан), Ресей Кайдзен институтымен, «Solving Efeso» (Франция) компаниясымен, «Оргпром» (Ресей) компаниясымен, «Жас маман» (Қазақстан) студенттік экономикалық бюросымен өзара меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ КОММЕРЦИЯЛАУ БОЙЫНША КОНФЕРЕНЦИЯ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Инновациялық форум шеңберінде «Қазақстан Республикасында технологиялар мен зияткерлік меншікті коммерциялау жүйесі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияның басты мақсаты – тәжірибе алмасу және Қазақстанда технологияларды коммерциялаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға ықпал ету. Бұл елде ғылымды қажет ететін өндірістің пайда болуына және экономикалық өсуге алып келген маңызды элемент болып табылады. Конференция жұмысына ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушин, «Ұлттық инновациялық қор» басқарма төрағасының орынбасары Мүсілім Бектеп, Inno (Германия) басқарушы директоры Питер Хайдебрек, Yissum израильдік компаниясының президенті Яааков Михлин, Сколково (Ресей) жобалары бойынша директор Лоуренс Райт және т.б. қатысты. Технологияларды коммерциялау жүйесін құруда белгілі жетістіктерге жеткен елдердің экономикалары да жоғары өрлеу қарқынына қол жеткізді. Осы елдердің барлығында мемлекет түрлі көтермелеу тетіктері арқылы инновациялық қызметті ынталандыруда маңызды рөл ойнады. Технологияларды коммерциялау жүйесінің пайда болуы тікелей немесе жанама түрде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, олар мысалы, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 2010 жылдан бері үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Ұлттық инновациялық қор Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі атынан технологияларды коммерциялау жүйесін қалыптастыра бастады. 2011 жылдан бастап Ұлттық инновациялық қорда Технологияларды коммерциялау жүйесін үйлестіру орталығы жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта жоо-лар мен ҒЗИ-да коммерцияландырудың 9 кеңсесі жұмыс жасайды, коммерциялау кеңселерінің қызметкерлеріне арналған оқыту тренингтері жүргізілуде. Конференция барысында айтылғандай, келесі жылы Қазақстандағы коммерцияландыруды дамыту үшін 6 жаңа коммерцияландыру кеңселерін ашу, технологияларды коммерцияландыруға гранттар енгізу, жобалардың санын 3 еседен астамға көбейту, сондай-ақ аймақтық коммерцияландыруды қолдау орталықтарын ашу жоспарланған. Конференция қорытындысы бойынша Ұлттық инновациялық қор Inno-group Inno-group (Германия), Yussum (Израиль) және HTSPE (Ұлыбритания), Mobile Monday (Финляндия), Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен (Ресей Федерациясы) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Кейінгілері технологияларды коммерцияландыру жүйесін құру бойынша бай тәжірибеге ие. Меморандумдар аталған ұйымдармен тұрақты ынтымақтастық орнату үшін негіз болады, бұл олардың технологияларды коммерцияландыру саласы мен инновациялық саясатты жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесінен үйренуге мүмкіндік береді. ФОРСАЙТ (БОЛЖАУ) БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Инновациялық форум шеңберінде «Форсайт болашақты жақындату тәсілі ретінде» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Ұлттық инновациялық қор» АҚ ұйымдастырды. Конференция жұмысына Ғылыми-техникалық саясат жөніндегі жапон ұлттық институтының (NISTEP), Австрия технологиялық институтының, Манчестер инновациялық технологиялар институтының (Ұлыбритания), Корея өнеркәсіп кешені корпорациясының (KICOX) өкілдері және т.б. қатысты. Олар форсайт жүргізудің ұтымды тәжірибелерімен бөлісті. Конференция жұмысында Қазақстанда алғаш рет өткізілген «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-тың Корея ғылыми-техникалық форсайтты ғылыми-техникалық жоспарлау және ғылым мен технологияны бағалау институтының (KISTEP) әдістемелік қолдауымен өткізген тұсаукесері ерекше назарды аударды. Форсайттық зерттеулер экономика, ғылым және академия салаларының білікті мамандарынан тұратын сарапшылар тобының жұмысында өз көрінісін тапты. Ағымдағы трендтерді талдай отырып сарапшылар берілген тақырыпты әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретін жаңа әдістемелер жасады. Қазақстан дамуының күшті және әлсіз жақтарына, қазіргі кезеңде біздің еліміздің алдында тұрған мүмкіндіктер мен қауіптерге талдау жүргізді, сонымен қатар ел болашағының дамуына маңызды ықпал ететін факторлар мен қажеттіліктерге сараптама жасалды. Сондай-ақ, ғылым мен технологияны дамыту саласындағы әлемдік трендтерге толықтай талдау жасалды. Ғылым мен техниканы дамытудың жаһандық және ішкі трендтеріне толығымен талдау жасау, сондай-ақ Қазақстанның басқа елдермен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілік деңгейінің орнын анықтау қорытындылары негізінде сарапшылар тобы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі ғылыми-техникалық дамуының мақсаттары мен міндеттерін болжамдады. Дамудың ойға алған деңгейіне 2020 жылға дейін жету үшін Қазақстанға қажетті өнімдер мен қызметтер тізімі анықталды. Сарапшылардың кең ортасында Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуы және болашағын талқыға салу және Қазақстанға ең үлкен әлеуметтік-экономикалық тиімділік беретін басты технологиялық бағыттар мен негізгі салаларды анықтау мақсатында, сондай-ақ әлемдік рыноктарда орынға ие болуға мүмкіндік жасау мақсатында Дельфи сауалнамасы (қазақстандық сарапшылардың үлкен көлеміне жүргізілген сауалнама) жүргізілді. Сауалнама нәтижелері бойынша, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуындағы басты салалардың қатарына агроөнеркәсіп кешені, кен-металлургия кешені, энергетика секторы, мұнай және газ секторы, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, химия және мұнай химиясы секілді ҮИИДБ-ға кіретін 12 негізгі салалар жатқызылды. Республиканың стратегиялық басымдыққа ие ресурстарын бір жерге шоғырлау мақсатында анықталған басым салалардың шеңберінде еліміздің әрі қарай дамуына түрткі болатын және оларды жаңа техникалық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін технологиялар анықталды. Аталмыш технологиялар, олардың Қазақстан үшін экономикалық және стратегиялық тартымдылығы мен іске асушылығына техникалық талдаудан өткеннен соң еліміз үшін сыни технологиялардың қатарына қосылды. Жүргізілген форсайт зерттеулерінің нәтижелері бойынша 2020 жылға дейінгі кезеңге еліміздің басым салаларының әрқайсысы бойынша технологиялық жол карталарының жобалары жасалды. Онда басым салалардағы сыни технологиялар, оларды дамытуға қажетті ресурстар, сондай-ақ қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың уақытша шегі өз көрінісін тапты. Форсайт зерттеулерінің нәтижелері мемлекеттің басым салалар мен технологияларды дамыту жөніндегі стратегиясының, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі ғылыми-техникалық дамуының салааралық жоспарын көкейкестілендірудің негізі болып табылады.«20 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БОЛАШАҚҚА ФУТУРОЛОГТАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Инновациялық форум шеңберінде «20 жылдан кейінгі инновациялық болашақ футурологтардың көзімен» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Ұлттық инновациялық қор» АҚ ұйымдастырды . Дөңгелек үстелдің мақсаты – ХХІ ғасырдың І жартысындағы әлемнің инновациялық және техникалық болашағының сұлбасын, сонымен қатар Қазақстанның алдағы таяу 20 жыл ішіндегі инновациялық және ғылыми-техникалық дамудағы рөлі мен алатын орнын анықтау. Батыстық, ресейлік және отандық жетекші футурологтар, философтар, әдебиетшілер, ғылым өкілдері, экономистер, қоғам қайраткерлері жиналып жиырма жылдан кейінгі Қазақстанның бейнесі жайлы сөз қозғады. Қазақстанда осындай деңгейдегі мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр Дөңгелек үстел барысында ресейлік әдебиет сыншысы Сергей Переслегин, танымал америкалық жазушы Брюс Стерлинг, Ресей футурологтар ассоциациясының үйлестірушісі Владимир Кишинец және т.б. баяндамалар жасады. В. Кишинец атап өткендей, уақытты алдын ала көре білген өте маңызды. Осылайша, футурологиялық зерттеулердің нәтижелері тек қана теориялық емес, саяси және экономикалық мәнге де ие. Оның сөзі бойынша, біз бұрын көрмеген технологиялар және жоғары деңгейдегі құбылыстар заманында өмір сүрудеміз, ол біз үшін әдетке айналған әлеуметтік өмір мен саясаттан мүлде бөлек. Бұл әдеттен тыс интеллектуалдық күшті және форвардтық болжаумен айналысатын адамдардың қарым-қатынасын қажет етеді. Футурология көбіне даналанған зат және ешқандай коллайдерлердің құруын күтпейді. Оның дамуы үшін қоғам мен билік тарапынан бірыңғай назар аударудың маңызы зор. Бірақ интернет алаңдарының қолдауы, зерттеулердің гранттық қолдауы, жинақтар мен монографиялардың шығарылуы, халықаралық байланыстардың қолдауы өте өзекті болып табылмақ. Инновациялық экономика құру жолында тұрған Қазақстанға тұрақты болашақты болжаудың лайықты институттарын дамыту қажет. Қазіргі уақытта ҚР ИЖТМ «НИФ» АҚ-пен және жетекші халықаралық сарапшылармен бірігіп инновация саласында Қазақстан 2030 жылға дейінгі инновациялық даму жоспарын жасау үстінде, осыған байланысты өткізіліп отырған шара әлемдік инновациялық процесті дамытудың болашақ сценарийлерін анықтауда өте маңызды орын алады. Футурология бойынша сессияны өткізудің өзектілігі соңғы жылдарда жетекші футурологтарды маңызды халықаралық форумдарға (әсіресе, инновациялық) тартудың таралып бара жатқандығымен сипатталады. Мысалы, «Иннопром-2011» атты Ресейдегі жетекші инновациялық форумдардың бірінде «Жиырма жылдан кейінгі қоғам: инновациялық технологиялар неге алып келеді. Футурологтардың көзқарасы» атты дөңгелек үстел өтті. Сонымен қатар, RUSNANOTECH-2011 төртінші халықаралық форумында батыстық жетекші футуролог Эрик Декслер баяндама жасады, оны нанотехнологиялардың негізін салған атасы ретінде есептеуге болады. 2011 жылдың атаулы оқиғаларының бірі бесінші сингулярлық Саммитінің өткізілуі болды, оның басты идеологы әлемге әйгілі футуролог Рэй Курцвейл. Айта кету керек, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Инновациялық форум шеңберінде Президенттік инновациялар клубының алғашқы отырысы да өтеді. Президенттік инновациялар клубы – бұл Инновациялық Форумның басты шарасы. Клубтың бірінші ашық пленарлық отырысында елдің инновациялық дамуына арналған бағдарламалық баяндамасымен, сондай-ақ Президенттік инновациялар клубының құрылуы туралы Елбасы сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр. Клубты құру туралы шешім ағымдағы жылдың мамыр айында өткен жұмыс бабындағы кеңесте қабылданған еді. Клубтың басты мақсаттары – отандық инновациялық жобаларды алға жылжыту және тарату, оларды іске асыруға көмектесу, елге жоғарғы технологияларды, трансұлттық корпорацияларды тарту, ғылым мен инновацияларды дамытуды инвестициялау және т.б. Сонымен қатар, Клуб ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүргізуді және Қазақстан территориясында халықаралық компаниялар тарапынан Қазақстан экономикасын қаржыландыратын лайықты инфрақұрылым жасауды ынталандырады деп күтілуде. Клуб: Қазақстанның инновациялық дамуының өзекті мәселелерін сараптамалық талдайтын сұхбат алаңына айналады. Кәсіби шешімдер мен келесі жылға арналған елді орта және ұзақ мерзімді уақытта инновациялық дамыту бойынша ұсыныстар жасайтын кеңес беру ұйымы болады. Елге жетекші халықаралық сарапшыларды, ірі халықаралық корпорациялар, жоғары техникалық компаниялар, танымал ғалымдар мен инноваторларды, салиқалы венчурлы қаржыгерлер мен инвесторларды тарту алаңына айналады. Елдегі инновациялық қызметті қолдау мақсатында инновацияларды тарату және мемлекет бастамаларын түсіндіретін бұқаралық іс-шара болады. Елдің инновациялық дамуы бойынша ғылыми, жастар ортасында, бизнес-ортада ұсыныстар мен пікірлерді жасайтын қоғамдық қозғалыс болады; Дарынды инноваторларды қолдау құрылымы, әлеуметтік лифтілер институты, бірегей инновациялық жобаларды қолдау және Мемлекет басшысы деңгейінде және халықаралық деңгейде қолдау механизмі. Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауын жариялаудың беделді алаңына айналады. Клубтың басты мәселелерін талқылауға қазір жұмыс істейтін, сонымен бірге әлеуетті шетелдік инвесторлар, отандық жетекші және шетелдік компаниялар, халықаралық сарапшылар мен ғылым және инновациялар саласындағы халықаралық сарапшылар мен ғылым саласындағы аналитиктер, жетекші венчурлық қаржыгерлер қатысады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Қанат ЕСКЕНДІР.–––––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.