Жақында Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында «Ақан серінің ән бесігі» атты әдеби кеш болып өтті. Негізінен шара Ақан сері Қорамсаұлының шығармашылығына арналған ғылыми-конференция және әдеби-музыкалық кеш ретінде екі кезеңнен тұрды.
Шараны өткізудегі басты мақсат – халқымыздың аспаптық, вокалдық музыкасын сақтау және насихаттау. Сондай-ақ шығармашылық байланыс пен әріптестікті нығайту арқылы Ақан сері тұлғасының тарихи және мәдени маңызын арттыра түсу көзделген.
Жалпы, шығармалары қазақ халқының мәңгілік музыкалық қорына енген ұлы суырып салма ақынның музыкалық мұрасын кеңінен таныту уақыт талабы. Халықтың музыкалық қазынасында өзіне лайықты орнын алған Ақан серінің «Құлагер», «Маңмаңгер», «Мақпал», «Балқадиша», «Көкжендет», «Сырымбет» және тағы басқа туындылары орындалып, қатысушылардың құлақ құрышын қандырды. Бұл ретте музыка мен өнер зерттеушілері Ақан сері шығармашылығын зерттеуде оның жаңа қырларын ашып, музыкалық мұраны насихаттауда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осы тұрғыдан келгенде кештің ұйымдастырылуы қала тұрғындары мен қонақтары үшін керемет ұмытылмастай әуезді музыкалық тарту болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы