• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2018

Ақын, сазгер Кәкімбек Салықовтың «Сырымбетте мектебім» атты кітабы жарық көрді

469 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан жуырда жарық көрген кітап «Сырымбетте мектебім» деп аталады. Бұған дейін еш жерде жарияланбаған естеліктер мен лирикалық топтамалардың авторы–белгілі қоғам қайраткері, ақын, сазгер Кәкімбек Салықов.

С.Мұқанов атындағы ғы­лыми-әмбебап кітап­ха­на­да туындының тұсау­кесер рәсімі өтіп, онда сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірін­ші орынбасары Айдарбек Са­паров Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы «Ту­ған жер» бағдарламасына айрық­ша тоқталып, «әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта  сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген ұлағатты  пайымын алға тартты. Жа­ңа кітап асыл ағамыздың туғанына  85 жыл толуына орай жұртшылықтың  қолына тиді, деді.

Тұсаукесер рәсімге Алма­ты мен Астанадан келген мәртебелі меймандардың бірі ақынның ұлы Ерлан демеу­шілік көрсеткені үшін ай­мақ басшысы Құмар Ақса­қаловқа әулеттің алғысын айтты. Әкемнің саналы ғұ­мырының бір бөлігі атаме­кеннен жырақта өтсе де ту­ған жерін еш ұмытқан емес. Алтын бесік ауылын, бал дәурен балалық шағын, ұш­қан ұясын, ұлағатты ұстаз­дарын көптеген жырларына арқау етті, деді ол.

К.Салықов атындағы «Жез­­киік» қорының жетек­шісі Мереке Қасенова екі бөлімнен тұратын кітап «Сырымбетте мектебім» ма­қа­ласымен ашылатынын,  бұл мақаланы зайыбы Мәриям апай бойтұмардай сақтап келгенін, ақын үлкен өмірге түкпірдегі ауылдан қанаттанып ұшқанын әр­кез мақтан етіп отыратынын жеткізді. «Сырымбет маған бұл күнде Пушкиннің Михайловскоесі, Абайдың Қарауыл төбесі сияқты киелі ордам, құтты шаhарым, аруақ­­ты алтын бесігім болып көрі­неді» деп толқи, шал­­қи төгіл­ген екен қарымды қалам­гер. Бұл білім ордасында Шот-Аман Уәлиханов, Қожахмет Балахметов секілді білікті ел азаматтары  тәлім-тәрбие алғанын айта кеткен жөн. 

Жиында облыстың құр­­­­мет­ті азаматтары Жақ­сы­лық­ Ысқақов, Құдай­бер­ген Қа­лиев, алма­тылық ғалым-ака­демик  Амандық Төле­шов, «Сырымбеттегі»  ке­­шен­ді мұражайдың директоры Уәли­хан Құлбаев, ақын­ оқыған мек­тептің тү­ле­­гі, СҚМУ-дің  про­фес­со­ры Жан­­бай Қадыров, тағы бас­қа­лары есте қалар ес­телік­тер­мен бөлісіп, ақын рухына тағзым етті.

Жергілікті өнерпаздар К.Салықовтың әндерін әуе­лете шырқады.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» 

Солтүстік Қазақстан облысы