Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында білім алып жатқан бір топ қазақ жастары ХХ ғасырдың басында тарихи шаһарда оқыған, еңбек еткен қазақ зиялыларына ескерткіш белгі орнатуды ниет етіп отыр.
Уфа дегенде тіліміздің ұшына ең алдымен «Ғалия» медресесі келері анық. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, 1906-1919 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалпы саны 154 қазақ ұланы білім алған екен. Олардың ішінде елге танымал Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Нұғман Манаев, Жиенғали Тілепбергенов, Ахмет Мәметов, Бекмұхамед Серкебаев бар.
«Ғалия» шәкірттері өз заманының озық ойлы жастары болған. Олар 1913-1918 жылдар аралығында қолжазба «Садақ» журналының 40 шақты санын шығарған. Медресе шәкірттері сол кездері қазақ тілінде жарық көрген басылымдардың бәріне хабар-ошар, мақала жазып, қазақ балаларының сауат ашуы үшін әліппе кітабын шығарды. Төңкерістен кейін оқу жүйесі қожырай бастаған тұста ел ішінде мұғалімдік курстар ұйымдастырып, Қазақ елін ағартуға белсене араласты.
Әйгілі Мұхтар Әуезов «Ғалия» медресесінде оқыған жастарды – «қазақтың ерте оянған тобы» деп бағалаған еді.
– Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев пен қазақ прозасының майталманы Бейімбет Майлиннің Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіргеніне 100 жылдан астам уақыт өтті. Олардан кейін де қаншама қазақ студенті Уфа қаласында білім алды. Солардың бірі – біз. Тарихы терең қалада оқып жүріп, бір ғасыр бұрын мұнда оқыған аталарымызға ескерткіш тақта орнатуды өзімізге міндет һәм парыз деп санадық!– дейді бүгінде М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасында оқып жүрген оралдық Әли Нәби мен Айболат Серікжанов.
Қазақ зиялылары түлеп ұшқан «Ғалия» медресесі бүгінде – Ресей Ислам университеті. Ғимарат тарихи ескерткіш ретінде үкімет қорғауына алынған екен. Осы оқу орнының қабырғасында Шахизада Бабич, Ғалымжан Ибрагимов сынды татар, башқұрт зиялыларына арналған тақтайшаларды көріп, «біздің қазақ зиялыларына осындай тақтаны неге орнатпасқа?!» деген ой әуелі оралдық Жандос Хамзаға келіпті. Сөйтіп бүкіл қазаққа танымал Мағжан мен Бейімбеттің аты-жөні жазылған мәрмәр тақтаны Орал қаласында өз қаржысына жасатып, Уфаға алып барғанда, күтпеген қиындыққа кездескен. Яғни, мұндай тақтаны мемлекет қорғауындағы ғимарат қабырғасына орнату үшін муниципалдық биліктің арнайы шешімі қажет болатынын біздің жастар ескермей қалыпты.
– Міне, жылға таяп қалды, біз қала басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өз жолымызды жөндеп, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан өтініш хат әкелдік. Ол хат қазір Уфа қаласы әкімдігінде қаралуда. Бұл іске тарихи ғимараттың қазіргі иесі – Ресей Ислам университетінің проректоры Мурсаль Альбертұлы барынша қолдау білдіріп отыр. Жалпы, башқұрт ағайындардың қазаққа ықылас-пейілі дұрыс, – дейді Әли Нәби.
Уфада оқып жатқан бүгінгі қазақ жастарының да ізденімпаздығына, ұлтжандылығына риза болмасқа болмайды. Студент болса да Уфадағы мәдени-ғылыми ортадағы іс-шараларға да белсене атсалысып жүреді. Олар бос уақытында Башқұртстан мемлекеттік архивінде сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды зерттеп, Уфадағы көне мұсылмандар қорымынан Кіші жүздің ханы Нұралы Әбілқайырұлының зиратын іздестіріп жатыр. «Әр қазақ жоқтаушысыз қалмасын!» дейді олар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»