Ұлы Жеңіске жетпіс үш жыл толды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қан майданда қаза тапқан ағайындарын іздеушілер легі елу жылда ел жаңарып жатса да еш толастар емес. Сол жауынгерлердің бірі, аға лейтенант Мұқаш Оспановтың жерленген орнын отбасы осыдан жыл бұрын ғана білді. Бірі ғұмырлық жан серігін, бірі асқар таудай әкесін, бірі қиялындағы атасын іздеген жетпіс жылдан астам уақыт адам төзімі мен сағынышының табымен өлшеген де тасбақадай жылжыған жылдар ғой.
Отанына адал жауынгер Оспановтың от орнында қалған ұлы Ақын, немересі Марат пен қызы Надеждадан туған жиені Венера Ресейдегі бауырластар зиратында жатқан әке рухына таяуда тағзым ете барды. Қала күні мен ауданды фашист басқыншыларының шеңгелінен азат ету күніне орайластырылған шарада Брянск облысының Злынков ауданының тұрғындары Марат Оспановтың атасының соғысқа дейінгі тағдыры мен қаза болған жерін қалай іздегені туралы әңгімесін ілтипатпен тыңдады. Бұл кейіннен жоғалған жауынгер жөнінде аталған ауданның «Знамя» газетінде жарық көрген «Мұқаш Оспанов: ата, әке, мұғалім және жауынгер» атты мақалаға арқау болды.
Иә, туған түтінінен жырақта, бөгде жерде, қан майданда шейіт болған ерлердің рухы әрдайым биік. Байтақ Ресейде, Украинада, Белоруссияда, Балтық жағалауында немесе Кеңес жауынгерлері азат еткен Шығыс Еуропа елдерінде болсын, олар бейбіт өмір үшін қолға қару алды, жан аямай шайқасты, құрбан болды. «Ер есімі – ел есінде», «Ешкім де ешқашан ұмытылмайды» деген сияқты түрлі тақталарға, ескерткіштерге, мемориалдарға таңбаланған сөйлемдер сол отты жылдарға тағзымсөз болып ерліктің туын желбірете берері анық.
Қазақ елінен келген қонақтарды аудан басшысы А.Грищенко, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Макаренко, Злынка қаласындағы мектеп директорлары құрметпен қарсы алды. Бауырластар зиратындағы салтанатты шарада қала мектептерінің жас ұландарынан құралған құрметті қарауыл сап түзеп, қала қонақтары мен мұғалімдері, ардагерлер, тыл еңбеккерлері жиналды. Жергілікті басшылардың жан тебірентерлік сөзінен соң аға лейтенант Мұқаш Оспановтың ұлы Ақын және немерелері Марат пен Венера әке есімі жазылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданнан қайтпаған ерлерді үнсіздікпен еске алысты. Ал жас ұландар бейбітшілік үшін жан қиған жауынгерлер рухының құрметіне әуеге үш дүркін оқ атты. Осыған дейін Оспановтың соңында қалған отбасы отағасының қай жерде жерленгенін, тіпті қалай қаза тапқанын білмей келген еді. Ресей Федерациясы Орталық архиві арқылы олар аталарының 1943 жылдың 3 қарашасында қаза тапқанын һәм жерленген жерін анықтады. Осылайша, бұған дейін белгісіз солдат болып келген Мұқаш Оспанов туралы деректер 72 жылдан кейін мәлім болып отыр. Әрине әке бейнесін жадында мәпелеп келген кез келген перзент ағыл-тегіл көз жасын төккісі, зарығын басқысы, әке рухына тағзым еткісі келеді. Баба рухы байыз тапқан бауырластар зиратына барып, перзенттік парызды өтеуге бел байлаған жауынгердің балалары ойдағылары орындалғанына бір сәт жылады да, күлді де, алай-түлей сан сезімді өткерді. «Ештен кеш жақсы» деген осы болса керек.
«Әкемді тапқаныма сенер-сенбесімді білмедім. Тіпті жүзін білмесем де қатты толқыдым. Ол 1941 жылы майданға аттанғанда бар-жоғы 3 жаста едім. Анамыз қолындағы 4 баласымен қалды, оған өте ауыр болды. Үйге «хабар-ошарсыз кетті» деген жазуы бар қаралы қағаз келгенде анамның қалай жылағаны есімде. Міне, ұзақ жылдан кейін Злынка қалалық қорымының ішінен бауырластар зиратын іздеп келдік. Қоршауы аласа, жанында әсем қайыңдар бой түзеген, гүлдер егілген екен. Ескерткіш тақтада ондаған есім жазылыпты, енді әкемнің есімі де жазылды. Оның рухымен сөйлескендей болдым, туғандарым оңаша қалуыма мүмкіндік берді, бар шерімді тарқаттым. Онсыз қалай өмір сүргенімізді, соғыс уақытында қандай қиындық болғанын, суыққа тоңғанымызды, аштықты... Қазір қалай өмір сүріп жатқанымызды да айттым. Әкесіз өссек те, әкеміздің батыр болғанына шүбәміз болған жоқ. Ол 1941 жылы қазіргі Астана, бұрынғы Ақмола қаласында құрылған 387-атқыштар дивизиясының 471 жеке медико-санитарлық батальонының политругі ретінде майданға аттанған болатын», дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқалы тұрған Ақын Мұқашұлы.
Отбасы Мұқаш Оспановтың әскери тағдыры жайлы мүлде хабарсыз болғанын айттық. Әскери-медициналық архивтің дерегі бойынша, политрук Мұқаш Оспанов 1943 жылы 3 қарашада сол аяғының мина жарықшағынан жаралануының салдарынан болған жұқпалы сепсис пен ишемиялық асқынудан қайтыс болған екен. Өкініштісі, майданға шығарып салғаннан кейінгі соншалық сарғайған жылдар ішінде жауынгердің түтінін түтетіп, шаңырағын құлатпай ұстаған жары Алтынжан, балалары Роза, Надежда, Уран әке тағдырын білместен дүниеден өтті. Осы жылдар ішінде олар жары мен әкелерінің мақтан тұтар азамат болғанына сенсе де, «із-түзсіз кетті» деген жапсырмамен өмір сүрді. Бұл соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары да «опасыздық пен қашқындыққа» баланатын ауыр сөз-тұғын. Майдангерлерге құрмет көрсетілгенде көршілері туған-туыстарының ерліктерін мақтан тұтып жатса, әке тағдырының белгісіздігі бұлардың аузын буатын. Әлбетте, хабар-ошарсыз кеткендердің отбасылары мыңдап саналады. Олар да бұл күйді талай бастан кешкен болар, сірә...
Архивтен табылған құжаттарға сүйенсек, Мұқаш Оспанов 1903 жылы дүниеге келген екен. Ата-анасынан ерте айрылғанымын 1917-1920 жылдары Семейдің татар приходское училищесінде және кешкі педтехникумда оқып білім алады. 17 жасында ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істей бастайды. 1924 жылы М.Оспановқа Семейдегі бастауыш мектепті басқару сеніп тапсырылады. 1931 жылы сауатсыздықты жою мақсатында Қарағанды қаласына жіберілді. Қарағанды ол кезде Семей губерниясына қарайтын. 1938 жылға дейін Қарағанды қалалық халықтық білім бөліміне жетекшілік етіп, 1939 жылдан бастап майданға аттанғанға дейін Қарағанды облысындағы БКП (б) Ленин аудандық комитетінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Әрине Кеңес өкіметі енді орнап жатқандықтан ағарту саласының ахуалы ол жылдары өте күрделі болғаны белгілі. Әсіресе мұғалімдер мен басқа да интеллигенция өкілдерінің көзқарасына байланысты қудалаулар, жазықсыз жапа шегуге соқтыратын жағдайлар жиі болып жатқан кезде педагогика саласындағы табанды еңбегімен М.Оспанов өзіне тапсырылған жұмысты абыроймен атқара білді. Семей және Қарағанды қалалық кеңестерінің халық депутаты, Семей губерниясы сотының халық қосшы биі, IV Бүкілқазақстандық ағарту қызметкерлері съезінің делегаты, I Бүкілқазақстандық мәдени құрылыс қызметкерлері съезінің делегаты болып сайланды. «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде Мұқаштың соңында қалған 4 баладан 12 немере, 27 шөбере өрбіп, іргелі әулетке айналды.
– Біз үшін атамыздың адалдығын әйгілеу өте маңызды еді. Бәлкім бұл да осы жылдар бойы бізге күш-қуат берген болар, – дейді немересі, запастағы әділет полковнигі Марат Оспанов. Ол әскери прокуратура гарнизонында тергеушіден бастап Қазақстан Республикасы әскери прокурорының орынбасарлығына дейінгі абыройлы жолды өтті. Қорғаныс және Әділет министрліктерінде түрлі жетекші лауазымда болып, денсаулығына байланысты запасқа шықты. Ағасы Орал да өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында әке жолын жалғап, Қазақ педагогикалық институтына оқуға түскен болатын. Ұзақ жылдар бойы мұғалім, балалар үйінің меңгерушісі және бірнеше мектептің директоры болып еңбек еткен Орал «Жоғары санатты мұғалім», «Қазақстан Республикасы ағарту саласының үздігі» атанды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ауыл шаруашылығына ауысып, бүгінде шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр.
Мұқаш Оспановтың әскери қызметі туралы толымды ақпаратқа қол жеткізу ұрпағы үшін де қиынға түсті. Құжаттардың көбі әскери бөлімшелер мен ұрыс жолдары туралы ақпараттың құпиялығына байланысты мүлдем жабық болды. Соңғы жылдары осы келеңсіздіктің көбесі сәл де болса сөгілгендей. Әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан немесе хат-хабарсыз кеткен майдангерлер туралы ақпараттар жинақталған «Мемориал» компьютерлік банкінің құрылуы мен мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отырғаны талай сарғайған үміттердің отын жақты. Осы орайда 48-Армияның 31 жеке автомобильді-санитарлық ротасының әскери комиссары, аға лейтенант Мұқаш Оспановтың да дерегі толыға түсуіне аталған орталық жәрдемдесіп, оның әрі қарай індете нақтылануына Брянск облысы Новозыбков ауданаралық әскери комиссариатының қосқан үлесі зор екенін де айта кеткен ләзім.
Иә, қара жер құшағына алған әлі қаншама белгісіз жауынгер бар десеңізші!.. Соғыстың жазылмас қасіреті де сонда емес пе?!
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»