• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Мамыр, 2018

Саңлақ Салах

820 рет
көрсетілді

Әлемді аузына қаратқан футбол тойы – Чемпиондар лигасы аяқталуға жақын. 2 мамырда жартылай финалға жолдама алған төрт команданың соңғы жұбы «Ливерпуль» мен «Рома» арасында шешуші ойынның нүктесі қойылды. Алғашқы кездесуде 5:2 есебімен жеңіске жеткен ағылшындық клуб бұл жолы да жаңылған жоқ. Қорытынды есеп 7:6. Құдай бұйырса, айдың соңына таман финалға жолдама алған қос команда «Реал» мен «Ливерпуль» айқасына куә боламыз. 

Биылғы маусымда «Ливер­пуль» командасы өз тобында көш бастап, 1/8 финалда «Портуды» 5:0, 1/4 финалда биылғы ағылшын чемпионы атақты «Манчестер Ситиді» 5:1 есебімен тізе бүк­ті­руі футбол жанкүйерлерінің түн ұйқысын төрт бөлді. Өйткені «Ли­верпуль» 2014 жылы Луис Суарес команда сапынан кеткеннен кейін ойыны қожыраған-тын. Ал қазіргі қарқыны басқа. Ойын ырғағы толысқан, футболшылар позиция­сына берік. Команданың бұл жетістігін мамандар мысырлық шабуылшы Мұхамед Салахтың арқасы дейді. Басқасын айтпағанда, Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Ромаға» қарсы ойында Салах екі доптың авторы атанып, биылғы маусымдағы 47-ші ойында 43-ші голын соқты. Осы көрсеткішімен-ақ бұл азамат Месси, Роналду, Ней­мар бастатқан көкжалдары шаң­ға көметін түрі бар. 

Сонымен әлем футболындағы жаңа жұлдыз Салах кім? Оның толық аты-жөні – Мұхамед Са­лах Хамед Гали. Египет елінің өрені. 1992 жылы 15 маусымда ор­та­лықтан шалғай Басьюне-Гар­бия жеріндегі Нагриг атты кедей ауылда туған. Жеті жасынан бастап аяқдоппен әуестенген. Оның өзінде спорттық доп емес, елдер лақтырып тастаған ескі-құсқы байпақтарды жинастырып, желімдеп одан домалақ доп жасап алып, тасырлатқанда адамдар таңырқап қарайды екен. Қайдан білсін ел, бұл бұйра бас баланың 10 жылдан кейін жұмыр жерді дүр еткізерін. Қысқасы, Мұхамед Салах 14 жасына дейін көше футболынан ұзап кете қоймаған. 

Қысқасы, ауылда ақ шаңды бұрқыратып доп теуіп жүрген бала біреулердің көзіне түсіп қалып, оны мысырлық футбол клуб «Мокавлун» академиясына алып барады. Осында жүріп 2010 жылы ересектер қатарына өтіп, төл клубы «Мокавлун» сапына алынды. Кейін «Әл Ахлиге» барады. 2011 жылы Египет ұлттық құрамасына қабылданып, келесі 2012 жылы Лондон олимпиадасы үшін жүргізілген топтық ойында қарсыластар (Жаңа Зеландия, Бразилия, Белоруссия) қақпасына қос-қостан доп салып, еуропалық мамандарды жалт қаратты. 

Сол жылдың жазында «Ба­зель­дің» сапынан табылып, Швей­цария чемпионатында 10 гол­дың авторы атанып, 11 дүркін дәл пас жеткізді. Әсіресе, Чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінде «Челсимен» жолы түйіс­кен базелдіктер 2:1 есебімен ағыл­шын­ның азулы клубын тізе бүктірді. Осындағы екі голдың да ав­торы біздің кейіпкер. Сөйтіп 2012 жылы Швейцарияның «үз­дік футболшысы» атанумен қа­тар, Африка құрлығының жас­тар арасындағы үздігі деген марапатқа ие болды. 

Мұхамед Салах 2013 жылы ша­ңырақ көтеріп, үйлену тойын өзі туған жұпыны ауылда өт­кізіп, ақсақалдарды төрдің басы­на шалқытып қойды. Қызық болған­да атағынан ат үркетін той қонақ­тарына босағадан орын тиіпті. «Бұл қалай?» дегендерге Салах: «Ал­ланың алдында адамдардың бәрі бірдей, ендеше мен қалай олар­ды жіктемекпін» деген де қойған. 

Үйлену тойынан кейін оны жазғы трансфер кезінде «Челси» қатарына алып, Салахқа бес жарым жыл ешқайда кетпейтіні жайлы шарт жасасты. Салах «Челси» Чемпиондар лигасында топжарған 2014 жылы 13 дүркін алаңға шықты. Бірақ чемпионат аяқталмай жатып оны италиялық клуб «Фиорентина» жалға алады. Іле-шала Салахқа «Рома» құда түсті. Бұл команда сапында екі маусымда 65 ойын өткізіп, 29 голдың авторы атанды.  Осы тұста «Ливерпуль» соңғы үш жыл бойы маусымдық ойын­дарда 14 голдан аса алмай пұ­шайман күй кешіп жүрген-тін. Бұндай абыройсыздықтан құтылудың жолы ретінде клуб қожай­ындары бапкер Юрген Клопп­қа «команданы аяғынан тік тұр­ғызатын футболшы тап, әке­сінің құнын сұраса да бере­міз» дейді. Клопптың тапқаны Мұхамед Салах. Сөйтіп «Рома» сапында атойлап жүрген жігітті «Ли­верпуль» 42 миллион еуро­ға сатып алды. Сауданы қымбат­сынғандар «Мұндай сомаға екі мықты шабылушы алуға болар еді» деп күңкілдеген. Қызық болғанда Ю.Клопп Салахтан айырылмау үшін оның құнын (алда-жалда сатылар болса) 225 миллион еуроға көтеріп тастады. «Шыдасаң осы, шыдамасаң әрмен жүр» дегендей. Егер бұл трансфер іске асатын болса, әлемдегі ең қымбат ойыншы ретінде тіркелері сөзсіз. Қызық болғанда әлемнің бай клубтары «Реал», «Барселона», ПСЖ жоғарыдағы сомаға кеңкілдеп күліп, «қажет болса Салахты сатып аламыз» деп отыр. Соған қарағанда діндес бауырымыз әлем футболы тарихында ең қымбат ойыншы ретінде тіркелетін сияқты. 

Осылай жазғы трансферде «Ромадан» «Ливерпульге» ауыс­қан Салах 29 кездесуде 23 гол со­ғып, 8 дүркін дәл пас берген екен. Клуб тарихында бұрын-соң­ды қысқа мерзімде дәл бұндай нәтиже көр­сет­кен адам жоқ. Тіпті бұлай жасау атақты Луис Суа­рестің де қолы­нан келмепті. Клуб бапкері Юр­ген Клопп: «Егер Са­лах осы екпіннен жаңыл­маса, әлемдік ре­корд­тардың бәрін талқан­дауы мүмкін» деп болжай­тын көрінеді. 

Сонымен қатар Мұ­ха­мед Салах – лига тарихында сол аяқпен 20 гол соққан алғашқы футболшы. Кәсіби мамандар айтады: Салахпен атақты Мессидің ойын өрнегінде ұқсастық көп, бірақ мы­сыр­лық­тың артық­шылығы – өте жылдам. «Базель» коман­да­сының бапкері Хакан Якин Са­лах­ты «аяқ­доптың Үсейі­ні» деген екен. Яғни оны атақ­ты желаяқ Үсейін Болтпен шен­дес­тіргені. 

* * *

Өткен жылы Мұ­хамед Салахтың жұл­дызы оңынан туды. Атап айтар болсақ, ағылшынның «Ливерпуль» сапында бабы қанған тұлпардай аршындап, арқыраған дүбірі төрткүл дүниені елең еткізген 25 жастағы Салах «Африка құрлығының үздік футболшысы» атағын алды. «Бұл марапат оңай келген жоқ» депті еуропалық баспасөздерге лепес білдірген Салах бауыр. Өйткені қарт құрлықта атойлап жүрген африкалық жігіттер шаш етек­тен. Осылардың ішінен габон­дық майталман футболшы Пьер-Эмерик Обамэянг («Арсе­нал») және Сенегал футбол құ­ра­масының белді ойыншы Садио Манэ («Ливерпуль») үшеуі ше­шуші турға өтіп, 625 дауыс жи­наған мысырлық жеңіске жетті.

Ал биылғы маусымда ол «Ли­верпуль» клубының үздік ойыншысы атанумен қатар, ағылшын премьер-лигасының да үздігі болды. Салахтың бұл жетістігін «Исламның беделі» деп түсінген Саудия патшасы оған Мекке қаласынан жер телімін сыйлады. 

Осылай Салахтың маңына марапаттар үйіріліп жатыр. Жуықта кәсіби футбол федерациясы оны «Жылдың үздік ойыншысы» деп таныса, іле-шала «Еуропаның үздік аяқдопшысы» атағына ұсынылды. Келесі кезең не болуы мүмкін? Яки бұл жігіт әлемнің ең үздік футболшысы атағына лайық ба, жоқ па? Бұл сұраққа көптеген ма­ман­дар мен ақпарат өкілдері бір ауыз­дан «иә» деп жауап берері сөзсіз. 

Мысалы, атақты ағылшын аяқ­допшысы Робби Фаулер «Салах керемет футболшы. Егер ол әлемді мойындатқысы келсе, бірін­шіден, Чемпиондар лигасында командасы топ жаруы керек, екіншіден Египет құрамасы әлем чемпионатына қатысатындықтан олар сенсациялық ойын көрсетуі шарт. Осы екеуін жасай алса, Салах «әлемді бағындырдым» деп есептей беруіне болады» депті.

 Салахтың арқасында Мысыр футбол құрамасы 28 жылдан кейін әлем чемпионатына қатысатын мәртебеге ие болды. Футбол то­йын өткізетін Ресеймен бір топта ойнайды. Қызық болғанда бұл топта Луис Суарес бастаған Уруг­вай және Салахты туған ұл­дарындай қадірлейтін Сауд Ара­бия­сының құрамасы бар. 

* * *

Футболшы өзі туған Нагриг ауылына мектеп, балабақша және аяқдоппен айналысқысы келетін балалар үшін толық жарақты алаң тұрғызып берді. Ауыл жастары үйленген жағдайда олардың шығыны Мұхамедтің мойнында. Осылай жақсылық жасап жат­қан ұлын халқы қадірлемей қайтсін. Са­лах оқыған орта мектепке фут­болшының атын берген екен. Ны­санға адам есімін беру біз­де қа­лыпты оқиға болғанымен, Мы­сырда бұл некен-саяқ.  Өткен жылы Египет экономикасын тығырықтан шығару қорына 210 мың фунт стерлинг аударды. Басьюн қалашығына толық жарақты аурухана салып берді. Мысырдың бір байы «Таңда, Еуропаның қай қаласынан вилла сыйлайын» дегенде Сәкең: «Сіз одан да ол ақшаны менің туған ауылым Нагригтің пайдасы үшін жұмсаңызшы», деп өтініпті. 

Көптеген адамдар «түбі осы жігіт сонау жылдары Либер футболшысы болған Ж.Веа сияқты өз елінің патшасы болатын шығар» деп жорамалдайды. Бұл да әбден мүмкін дүние. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»