Қызылорда қаласында Өнер арбаты ашылды. Таңертең басталған сүргін кешке дейін созылып, төсекке болдырып барып құлайтын қаланың ию-қию тірлігінде арбаттардың жөні бөлек.
Қолы бос адамдардың әрілі-берілі көлік сапырылысқан көшелерден алыс мамыражай алаңда емін-еркін сейілдеп, ондағы көрсетіліп жатқан қызметтерден рухани азық алып, байып қайтатын арбаттар әлемнің барлық ірі қалаларында бар.
Енді олардың қатарына Қызылорда қаласы да қосылды. Мұнда жергілікті қолөнершілер, суретшілер және халық шығармашылығы өкілдері өз туындыларымен жұртты қуантады.
Өнер арбаты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
– Өнер арбаты кәсіби және әуесқой суретшілердің, қолөнер шеберлерінің шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Туындыларын жарнамалауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, бұл орын халықтың рухани демалатын қоғамдық-мәдени мекеніне айналады деген сенім зор. Оған қоса өнер адамдары шеберлік дәрісін өткізе алады. Сонымен қатар қала қонақтарын Сыр өңірінің өнері мен мәдениетімен таныстыратын арнайы орын болады. Қысқасы, бұл жер суретшілер, қолөнершілер және шеберлердің шабыт алатын орнына айналады, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Шиелі ауданынан келген қолөнер шебері Зылиқа Қалендер: – Мен ши тоқу ісімен айналысып келемін. Алғашқыда сурет салатынмын. Ши тоқумен он алты жылдан бері шұғылданамын. Қызылорда қаласында Өнер арбатының ашылып жатқанына қуаныштымын. Бұрын мұндай орындарды Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург, еліміздің Астана және Алматы қалаларында бар екенін білетін едік. Облыс басшылығының қолдауымен тұсауын кесіп жатқан бұл орынның жергілікті жұртқа берері көп, – дейді.
Бүгінде арбатта облыстың қала, аудандағы қолынан өнер тамған зергерлердің бұйымдары қойылған. Енді мұнда Сыр сүлейлерінің, ақын-жазушылардың шығармашылығы насихатталып, мазмұнды жүздесулер болып тұрады.
Халықты береке-бірлікке, татулыққа үндейтін аймақта балдырғандар үшін де қызық көп. Облыс үшін маңызды шараға келген олар «Бесік тербеткен ана» бейнесіндегі архитектуралық белгі маңына өздерінің алғашқы көшеттерін отырғызды.
Ашық аспан астындағы мәдени орын қала жұртшылығы мен меймандарының тағы бір рухани орталығына айналатындығы сөзсіз.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы