Бұл күндері еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілері «Пари Сен-Жермен» клубына жолдама алу үшін футбол алаңында бақ таластыруда. Бір ай бойы Қазақстанның 13 облысынан жиналған балалар үйінің 21 командасы еліміздің ең мықты командасы деген атақ пен 2018 жылдың чемпиондығына таласады. Бұл жеңіс жеңімпаздарға Франция астанасындағы «Пари де Пренс» стадионында болу бақыты мен «Пари Сен-Жермен» клубының Неймар, Тиаго Силва сынды танымал ойыншыларымен кездесу мүмкіндігін сыйлайды.
«Бауыржан» қорының спорттық жобалар жетекшісі Айнұр Сәлімбаеваның айтуынша, әлемнің мықты деген футбол клубтарын көру мүмкіндігі тек қана еліміздің ірі қалаларында ғана емес, сонымен қатар басқа аймақтарында да балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболдың дамуына ықпал етпек.
– Әлемнің мықты деген футбол клубына жолдама алу – Қазақстан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осымен алтыншы жыл қатарынан беріліп отырған мүмкіндік. Алты жыл ішінде «Арманыңа жақында» жобасы 11-14 жас аралығындағы 2 мыңға жуық жасөспірімді футболға баулып, оның ішінде 56 жас ойыншының арманы орындалып, теңбіл доптағы өз кумирлерімен көзбе-көз жүздесті. Әлемнің «Милан», «Барселона», «Челси», «Бавария», «Атлетико» сынды мықты клубтар ойыншыларымен кездесті. Енді біз төрт жылдан бері балалардың жігерін жасытпай, армандарының орындалуына көмегін аямай келе жатқан «Цеснабанкпен» бірлесе отырып, биылғы чемпионаттың басталуын хабарлаймыз, – дейді Айнұр Сәлімбаева.
Ал Қазақстан футболының ардагері, «Қайрат» ФК футболды жаппай дамыту басшысы Құралбек Ордабаев жаңа буынға үлкен үміт артатынын және жасөспірімдер арасындағы спортқа деген үлкен қызығушылық барын айтады.
Ұйымдастырушылар сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында спортты дәріптеудің маңыздылығын сол «Арманыңа жақында» турнирінің 60-қа жуық қатысушысы Қазақстанның кәсіби футбол клубтарында жаттығып, ойнайтынын атап өтті.
– Мәселен, былтырғы Павлодар облысындағы іріктеу ойындарында біздің турнирге қатысқан Влад Козаренконы еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Ярышев байқауға шақырды. Бүгінде Влад Павлодар қаласының футбол академиясында жаттығады. Алдыңғы жылдардың қатысушылары – «Таңшолпан» балалар үйінің 4 тәрбиеленушісі «Шахтер» клубының академиясында ойнайды, – деді Айнұр Сәлімбаева.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ