• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Мамыр, 2018

Тағдыры теперішке түскен әйелдер немесе ана аты ардақталса екен

805 рет
көрсетілді

Адамзат атаулы әдетте әдемілікті әйел затымен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар нәркес нәзіктік пен ұяңдық та қыз-келіншектерге ғана тән. Өзінің ешкімге ұқсамас әлемінде үлбегей үмітпен өмір сүретін, қызғалдақ ғұмырын аялауды ғана тілейтін әйелдердің жалпы адамзат тарихында алатын орны ерекше. Баба дәстүріндегі адами құндылықтың негізі де әйел затына құрмет көрсетуді, қыз баланы сыйлауды міндеттейді. Дала философиясы қалыптастырған «Әйел-Ана», «Қыз – өріс» даналығын қазақтың дегдарлығын дәріптеген ұлы ұғым десек те болады.

Әр адамның басында өмірдің өнегелі сәті де, өкінішті тұсы да болады әрине. Тағдыр деген тара­зының тең ұшында тайталасып бақ пен сор тұрады. Әрбір жан бақытты болуға, жақсы өмір ке­шуге лайықты десек те, кейде өмірдің өткінші сәтінде өзін жоғалтып алатын, жалғанның жасанды жарқылдарында көзі қарығып, өзінен басқа өзгені көрмей қалатындар да болады. Мұның бәрін тағдырға те­ліп, маңдайға жазылғаннан кө­ру оңай сияқты болғанымен, әр адамның тағдыры өзіне тікелей байланысты екенін де ұмытпаған дұрыс сияқты. Тарихта талай теперіш көрсе де, бір рулы елдің отын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай отыр­ған аналар жайлы білеміз. Тіп­ті бір кейуананың сөзінен екі елдің ортасындағы дауға нүк­те қойылып, екі жақ­тың бітімге келгені де көне аңыздар мен әңгімелерде баяндалады. Қазақта қалыптасқан ердің мәртебесі, әйелдің абыройы де­ген адами құндылық пен әр адамның дәрежелі орны өз­геріп бара жатқандай болып тұ­рады кейде. Әсіресе бүгінде әйелдер қауымының отбасылық жағдайларда күйеуінен зор­лық-зомбылық көргені жайлы да жиі айтылатын болды. Мұндай мәселе еліміздің әрбір өңірінде бар. Мәселен, Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, әйелдерге қатысты құқық бұ­зушылықтар биыл 1051 фак­тіден 1057 фактіге дейін өскен. 

– Жалпы, әйелдерге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылыққа негіз болып отырған бүгінгі таң­дағы дағдарыс деуге болады. Осыған байланысты жергілікті жер­лерде тұрғындардың жұ­мыстан қысқаруы және толық қамтылмауы, азаматтардың со­ның салдарынан спиртті ішім­дік­ке салынуы отбасында туындап жататын жанжалдарға себеп болады. Кейін бұл отба­сындағы өзара қарым-қатынастың шие­­ленісуіне алып келеді, – дей­ді облыстық жергілікті поли­ция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлі­нісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жа­нысова. Жамбыл облысында әйел­дерге қатысты жасалған қыл­мыстардың жалпы санының 67,9 пайызын жекеменшікте жасалған қылмыстар құрайды екен. Мәселен, кісі өлтіру фак­ті­сі бойынша биыл қылмыс тір­келмегенімен, зорлау фак­тілері бойынша – 16, ауыр дене жарақаты бойынша 4 факті тіркелген. Қарап отырсақ, әйел азаматтар бүгінде қоғамның құрбандығына шалынып бара жатқандай әсер қалдырады. Әрине мұндай жағ­дайлар ер­лердің де беделін түсіретіні анық. 

Бүгінгі таңда Тараз қала­сын­да Жамбыл облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­­қармасына қарасты зорлық-зомбылық құрбандарына ар­налған әлеуметтік қызмет көр­сету орталығы жұмыс істей­ді. Аталған мекеме осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Ор­­талық директоры Жамал Қа­лыбекованың айтуынша, 2014 жылдан бері мұнда 357 адам келіп көмек алған екен. Оның 123-і әйелдер болса, 234-і – балалар. 

– Біздің орталыққа өмірлік қиын жағдайға тап болған әйел­дер келіп, көмек алады. Сондай-ақ мекемеде оларға 8 түрлі кө­мек көрсетіледі. Әйелдер мен ба­лаларға арналған 2 психолог бар. Негізгі мақсатымыз – отбасында қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек беру арқылы оларды отбасына қайтару. Нәтижесінде 7 әйел 9 баласымен бірге отбасына оралды. Өкінішке қарай, сол күйі отбасымен ажырасып кететіндері де бар. Көбіне мұнда келген келіншектер сурет салып, кесте тігеді. Сонымен қатар ән салып, би билейтін өнерпаз жандар да кездеседі, – дейді директор.

Жалпы, зорлықтың экономи­калық, психологиялық сияқты түрлері көп. Бұл тұрғыда жапа шегетіндер де әйелдер қауымы. Сол сияқты бұл орталыққа кел­ген келіншектердің дені жоқ­шылық пен маскүнемдіктен зә­­бір көргендер екен. Тіпті бұл жер­ге жиырмадан жаңа асқан жас келіншектер мен жасы жетпіске тақаған әйелдер де пана іздеп келеді. Қашанда ана аты ардақталуы тиіс қой. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда олай болмай тұр. Осында келген төрт ананың тағдырын әңгімелеген орталық директорының айтуынша, оларды баласы мен келіні қосылып сабап, үйінен қуып жіберіпті. Жасы жер ортасына келіп, балаларынан енді жақсылық көрем бе деген шаққа келгенде тағдырларының тұйыққа тірелгені ойлантпай қоймайды. Сондай-ақ 2016 жылы аталған орталыққа ба­сындағы қиын жағдайды айтып бір келіншек 9 баласымен ке­ліпті. «Әлгі келіншектің 8 қы­зы бар екен. Кенжесі ұл бала. Бірақ от­басындағы жанжал оның қыз туғанынан шығыпты. Ке­­лін­шектің айтуынша, күйеуі күн сайын қол көтеріп, намысына тиеді екен. Кейіннен әлгі келіншектің енесі мен қайын інісі осында келіп, балалар­ды өздерімен алып кетті. Ал келін­шек осында қалды», дейді Ж.Қалыбекова. Ағымдағы жылы мұнда 19 әйел және 32 бала келген. Отбасындағы түр­лі жағдайлармен осында қайы­рылған жандардың тағды­рын ойлаудың өзі қиындау. Орталыққа келген әйелдер мұнда 6 ай ғана тұрады. Егер олар­дың отбасындағы жағдай рет­телмесе, мерзімі біткен соң олар қайда барады? Дей тұр­ғанмен, орталық олардың балаларының мектепке, ал өз­дерінің жұмысқа орналасуына көмектеседі екен. Орталық ашылғалы бері 40 әйел жеке кәсіпкерлердің қолдауымен, ал 4 әйел Тараз қалалық жұмыс­пен қамту орталығы арқылы жұ­­мысқа орналасыпты. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша бүгінде өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдердің дені Бай­зақ ауданынан болып шықты. Сонымен қатар Шу ауданынан көп келеді екен. Тек Мойынқұм ауда­нынан келмепті. 

 Адам аты әрдайым бірін-бірі сыйлаумен, құрметттеумен қалыптасады әрі мәңгі жасайды. Ал әйел тағдыры, ана тағдыры бұл жерде аса маңызды. Мейлі, әйелдерге көмек көрсететін ор­талық болсын, басқа болсын, бәрібір әйел затының өз отба­сымен, өз отының басында болғаны жақсы ғой. Жамбыл облыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету ор­талығында болғанымызда, талай тағдырдың теперішке ұшырап отырғанын білдік. Тіп­ті бейкүнә бүлдіршіндердің жас­қа толы жанары жәудіреп қара­ғанда, жаның шырқырайды. «Олар еліміздің ертеңгі болашағы ғой» деген ойға қаласың. Ал бола­шақтың тағдыры бүгін қа­лыптаспаса, ертең қалай болады? Адамзат алыптарының бәрі де анадан туған, әйел затын құр­меттеуді кейінгілерге өсиет еткен. Сол өсиеттің қасиетін кетірмей, өз қадірімізді бағалай білгенге не жетсін...

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы