• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 05 Мамыр, 2018

Банк қызметінің тұрақтылығы ел дамуында елеулі рөл атқарады

608 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатында «Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.

Елбасы 18 сәуірде Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында «Қазір «Эксимбанк», «Астана банкі» және Qazaq Bank акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті», дей келіп, «...жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан әрі мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін» ашық айтқан болатын. 

Парламент Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі күннің өзінде банк ме­нед­жменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын өкінішпен мойындауымыз керек», деп халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түскен бүгінгі осы жүйеде қалыптасқан ахуалды сынға алды.

Мемлекет басшысы қаңтар айындағы Жолдауында қаржы сек­торына серпіліс қажет еке­нін атап көрсеткенін еске салған Сенат Төрағасы,  еліміздің қар­жы жүйесін реттейтін негізгі құ­рылым – Ұлттық банктің алдына екінші деңгейдегі банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банк портфелінің жағдайын сауықтыру мен берілген ипо­те­калық несиелер мәселесін шешу мін­деті жүктелгенін, сонымен қатар Президент банктердің порт­фельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банктерден қа­ра­жатты шығаруды тоқтату жө­нінде талап қойғанын атап өтті.

Елбасы қойған талаптар бойын­ша не істелді? Қандай шаралар қолға алынды? Бұл саланы сауықтыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Осы тұрғыдан келген Сенат Төр­ағасы әуелі мемлекет тарапы­нан бұл салаға қаншалықты кө­ңіл бөлініп келгенін, алайда осы мүмкіндікті олардың тиімді пайдалана алмай отырғанын баса айтты. 

«Елімізде банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы әзірленіп, жү­зеге асырылды. Осы бағдарлама шең­берінде жүйелі жұмыс жүр­гізіп келе жатқан банктерге мемлекет тарапынан қомақты қаржылық қолдау көрсетілді. 

Уақтылы қабылданған ша­ра­лар нәтижесінде банк сала­сын­дағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұл­ғалар салымдарының сақ­та­луын қамтамасыз етуге мүм­кіндік жасалды.

Бұл ретте мемлекеттік қар­жы ресурстарының есебінен мүм­кіндігі төмен банктерге қол­дау көрсету жөніндегі мәжбүр­лі шаралардың соңы осы болар деп үміттенеміз. Мұндай сая­сат кейбір банктердің мемле­кет­тің қолдауына иек артып, қар­жы саласындағы әділетті бәсеке­лестіктің бұрмалануына жол беру­мен қатар, банк секторы жұмы­сының тұрақтылығы мен беде­ліне теріс әсер етеді», деді Қ.Тоқаев. 

Ұлттық банк қызметі негі­зі­нен қаржы жүйесіндегі тәуекел­дер мен осы салада пайда болуы мүмкін құрылымдық түйт­кіл­дерге алдын ала баға бере оты­рып, қордаланған мәселе­лер­ді реттейтін тиімді тетіктер­ді ке­шіктірмей іске қосуға ба­ғыт­талуы керектігін айтқан Сенат Төр­ағасы парламенттік тыңдауда қаржы саласын сауықтыруға қа­тысты 10 мәселеге ерекше тоқ­талды. 

Бірінші, банк секторы жұ­мы­сының сапасына қатысты сын-пікірлерді бағамдап, оған себеп болған нақты жағдайларды анықтау;

Екінші, банк жүйесі бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде не­сиелендіру арқылы ел эконо­ми­касының өсімін ынталандыру;

Үшінші, банк саласында ық­тимал қауіп-қатерлерді басқа­ру­д­ың ұтымды моделін қалып­тас­тыру; 

Төртінші, банк жүйесінің қар­жылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беру;

Бесінші, қаржы саласын рет­теу мен қадағалау жүйесін заңна­малық тұрғыдан одан әрі жетіл­діре түсу;

Алтыншы, қажеттілігіне қарай тиісті заңдарға түзетулер ен­­гізу арқылы Ұлттық банк­тің құ­­қы­­ғын күшейтіп, екінші дең­гей­­лі банктердің иелері мен ак­цио­нерлерінің жауапкершілігін арттыру;

Жетінші, банк активтерін шы­ғарып әкетуге тосқауыл қою үшін банк акционерлеріне жә­не олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою;

Сегізінші, бірқатар банк­тердің айналымын «нашар» несиелерден тазарту жұмыстарын аяқтау;

Тоғызыншы, азаматтың ба­сын­дағы жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр­ған ипотекалық несиелерді қай­та қаржыландыру бағдар­ла­масын жалғастыру;

Оныншы, халықтың қар­жылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру.

Елбасы қойған міндеттерден туын­дайтын он талапты алға тар­та отырып, Қ.Тоқаев Парла­мент өз кезегінде Ұлттық банк­тің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетіл­діру жөніндегі бастамаларын қол­дауға дайын екендігін атап өтті.

Бұдан бөлек Сенат Төрағасы қаржы жүйесіне деген ха­лық­тың сенімін төмендетіп отырған қаржы саласындағы қара­пайым тілдегі ақпараттың жетіс­пеушілігі; қаржылық қызмет­тер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі; алаяқ­тық тәсілдердің, қаржы пирами­да­ларының өріс алуына да  тоқ­талып, Ұлттық банк осы және жоғарыда аталған барлық сала­ларға кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтай­лы шешімін табу үшін екін­ші деңгейлі банктермен ке­шенді жұмыстар жүргізуін талап етті. Бұл талапты «Бүгінгі банк жүйесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртудағы жаңа мін­деттерді орындауға және азамат­тардың заман талабына сай сұра­ныстарына әзір болуы тиіс», деп шегендей түскен Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін «Банк қызметінің тұрақты дамуы тұтас­тай алғанда мемлекеттің тұрақ­тылығын қамтамасыз етеді» деп аяқтады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сенаторлар алдында баяндама жасап, банк секторының қызметін жетілдіру мақсатында қаржы реттеушісі жүзеге асырған шаралар туралы жан-жақты хабардар етті. 

Шараға қатысушылар алдында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлер ассо­циациясы кеңесінің төраға­сы міндетін атқарушы Юлия Якупбаева, Еуропа қай­та құру және даму банкінің Қа­зақстандағы кеңсесінің басшысы Агрис Прейманис, Стратегиялық бастамалар орталығының аға әріптесі Олжас Құдайбергенов сөз сөйледі.  Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырған парламенттік тыңдаудағы пікір­сайысқа Сенат депутаттары Бір­ғаным Әйтімова қарыз беретін онлайн компанияларды тексеру туралы, Мұхтар Жұмағазиев банктердің өз қызметі туралы шынайы ақпараттың жетімсіздігі туралы, Серік Жақсыбеков жинақ салымдары туралы, Дәурен Әділбеков проблемалық несиелерді қайтару туралы, Бақтыбай Шелпеков Ислам банктерімен жұмыс істеудің болашағы туралы, Нариман Төреғалиев қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қымбаттығы туралы, Ғұмар Дүйсембаев проблемалық активтер туралы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев аудиторлық тексерулер нәтижесінің жариялылығы туралы ашық пікірлерін ортаға салып, мәселені жан-жақты талқылауға атсалысты. 

Әділбек ҚАБА