Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғам федерациясының президенті Франческо Роккамен кездесті.
Тараптар Халықаралық федерациясының әлемдегі төтенше жағдайлар мен қақтығыстар салдарының алдын алу, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары бойынша жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетуі жөніндегі қызметі туралы талқылады.
Қ. Әбдірахманов сенімділік үшін алғысын айта отырып, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғам федерациясының 10-шы Еуропалық конференциясын 2018 жылғы 2-3 мамырда Алматыда өткізгені үшін ілтипат білдірді. Сәтті өткізілген осы іс-шара аймақтағы әлеуметтік сала бойынша халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін де атап өтті.
Министр, сондай-ақ Қазақстанның аталған федерациямен, екіжақты деңгейде де, басқа халықаралық алаңдарда да, соның ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын іске асыру шеңберінде ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін жеткізді.
Ф.Рокка өз кезегінде маңызды конференцияны Алматы қаласында ұйымдастыруда көрсетілген қолдау үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек, Халықаралық федерациясының президенті Сириядағы дағдарысты шешу үшін Астанада ұйымдастырылған келіссөздерді жоғары бағалады және жақын арада Сирия Араб Республикасына жасаған іссапары қорытындылары жөнінде сөз қозғады.
Кездесу нәтижесінде тараптар бір-бірімен тұрақты түрде хабарласа отырып, кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Айта кетейік, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғам федерациясы 189 ұлттық қоғамды қамтиды. Бұл ұйым төтенше жағдайлар мен техногендік апаттар құрбандарына, босқындарға, төтенше жағдайларда денсаулық сақтау органдарына Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғам федерациясы тарапынан көрсетілетін халықаралық көмекті басқарады және реттейді. Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғам федерациясының аймақтық өкілі Қазақстан Республикасында 1992 жылдан бері қызметін атқарып келеді.
Қазақстан бұл федерациямен өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2017-2018 жылдары мүшелігі шеңберінде де өзара байланыс орнатуда.