«Аттракциондар әлемі» бүлдіршіндермен қатар ересектердің де сүйікті орны саналады. Немерелерін ерткен ата-әжелерді мұнда жиі кездестіруге болады.
Бүгінде қалалық демалыс және мәдени саябағында орналасқан әткеншектер кешені келушілерге өз есігін айқара ашып, маңай у-ду қызыққа толы. Биыл осы кезге дейін еш мүлтіксіз жұмыс істеп келген «Тасбақалар» және «Иллюзион» сынды нысандар «Ракетоплан» және «Бумеранг» деп аталатын әткеншектермен толықты. Алғашқысын отбасылық карусель десе де жарасады. Әсіресе кішкентай бөбектер үшін таптырмас ойын құралы дерсің. Қуаныштары қойнына сыймай қайта-қайта серуендеуге құмар. Екіншісіне нағыз жүрек жұтқандар болмаса, екінің бірі тәуекел ете бермейді. Сегіз метрге дейін көтеріліп, ауада шыркөбелек айналғанда қанша қауіпсіз саналса да жақсы көңіл-күйден гөрі қорқыныш ұялап, құлын жүректің бір бүлк ете түсері анық.
– Бар жақсылық балаларға демекші, Беларусьтен әкелінген «Бумерангтің» бағасы 40 миллион теңге тұрады. Өйткені қалада мұндай экстремальды аттракцион жоқ болғандықтан, көп ойланбастан тапсырыс бердік. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жеңілдікпен несие алдық. Сұраныс өте жоғары. Қауіпсіздік шаралары барынша ескерілген. Аз жылдың ішінде жұмсалған қаражатты қайтарып алуға болады деген сенім зор, – дейді «Мир аттракционов» ЖШС директоры Александр Козлов.
Қазір саябақта 35 әткеншек бар. Жыл өткен сайын «аттракциондар әлемінің» келбеті өзгеріп, жаңа құрылымдармен толығып келеді. Аумағы абаттандырылып, емен, қарағай, қайың көшеттері жайқала өсіп тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ