Осыдан біраз уақыт бұрын газетімізде Өскемен тұрғындарына 59 жыл бойы тоқтаусыз қызмет көрсеткен, халыққа ең қолайлы қоғамдық көліктің бірі трамвайлардың тоқтап қалғанын, алайда облыс әкімдігі қатынасты қайта жандандыру мақсатында Алматыдан 13 трамвай әкелуді жоспарлап отырғанын жазған едік. Жақында сол трамвайлардың алғашқы легі облыс орталығына жеткізілді.
«Әзірге Алматыдан КТ-4D маркалы 5 трамвай вагоны әкелінді. Қазір салмағы 20 тонналық вагондарды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 8 вагон жақын күндері жеткізілуге тиіс» дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әсем Қайратбекқызы.
Алайда облыс орталығындағы трамвайлардың қашан іске қосылатыны әлі белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, қарызы бастан асқан Өскемен трамвай паркінің мүлкі наурыз айында сатылымға шығарылып, аукцион нәтижесінде «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 443,5 миллион теңгеге сатып алған болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН