Аудан орталығы Баянауыл мен Майқайың кентінің арасы 85 шақырым. Кенттен таңғы сағат 5 те жаяу жүгіріп шыққан Олжас Кәкімжанов Баянауылға кешкі сағат 4 те жетті.
Жүгіру барысында төрт рет қана аялдапты. Әріптесі Данияр Тәшімов көлікпен соңынан ілесіп, жүріп отырған. Торайғыр ауылының бұрылысынан шәкірті Бақтияр Тәшімов ұстазының қатарына қосылады. Аудан орталығында Олжасты аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері, жастар қарсы алды. Олжас жеңіл атлетикаға бала кезінен бастап қызыққан екен. Әскер қатарында жүріп те жылдамдыққа жүгіруден жақсы нəтиже көрсетіпті. Қазір Майқайың кентіндегі орта мектептке денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Жас маман спорттың әр түріне оқушыларын үйретіп жүр.
Аудандық спорт бөлімінің хабарынша, Олжас ауданда өткізілетін спорттық жарыстарға жиі қатысады. Ақпан айында Майқайың кентінде ауданның ауылдық аумақтары арасында спорттың олимпиадалық, ұлттық және халықтық түрлері бойынша XXІ аудандық кешенді спартакиадасы өткен. Ауыл спортшылары нысананы мылтықпен ату, күшті жетілдіру жаттығулары мен қашықтығы 5 және 3 шақырымдағы шаңғы жарысына қатысты. Шаңғы тебу жарысында Олжас екі жыл қатарынан 2-ші орын иеленіпті. Мектепте атаулы мереке күндері мұғалімдер арасында да спорттық жарыстар өтеді. Жарыстар жүгіру, секіру, кедергілерден өту, доппен жүгіру, арқан тарту түрлеріне арналады. Жеңіл атлетикадан басқа қазақ күресімен де айналысады.
- Бұл жүгірген жолымды жалпы, мамыр мерекелеріне арнадым. Мақсатым спортты насихаттап, салауатты өмір салтына жұртшылықтың назарын аудару, жастардың санасына спортпен айналысу қажеттігін қалыптастыру, - дейді Олжас Кәкімжанов.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы