• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 14 Мамыр, 2018

Қазақтың біртуар қызы – Ләтипа Мұңайтпасқызы

1310 рет
көрсетілді

Қазақтың біртуар қызы, суретші Қожықова Ләтипа Мұңайтпасқызының дүниеге келгеніне биыл 125 жыл толып отыр. Бойында сан қырлы өнері болған осынау тұлғаның өмірі мен өнері туралы екінің бірі біле бермейді. Біз сөз еткелі отырған хас шебер, суретші, әртіс, сән үлгісінің шебер тігіншісі Ләтипа Мұңайтпасқызы 1892 жылы қазіргі Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында туған.

Әкесі Мұңайтпас Әнді­жандағы «Кеңтүп» ауылында болыс болған кісі. Ол өз заманының озық ойлы азаматы ретінде ауылында «Хан» мектебін ашқан. Ләтипа осы мектепте білім алып өседі. Бұл ХХ ғасырдың басы болатын. Сол мектепке сабақ беруге осы өңірде туып-өскен, парсы, араб, шағатай сияқты көптеген тілді меңгерген, парасатты, ойлы, өткір көзді жігіт Қоңырқожа мұғалім болып орналасады. Латипа мен Қоңырқожа осылайша танысып, табысады. Алайда әлеуметтік жағдайлары ара­сындағы айырмашылыққа байланысты екі жастың қосылуына әке тарапынан қарсылық туындап, екеуі елден кетуге мәжбүр болады. Олардың осылай кетуіне Ләтипаның туған ағасы Сер­әлі көмектесіп, басқа уезге барып, жұмысқа орналасады. Ол кісі де этнограф, ғалым, қайраткер болған. Өнерлі әулеттің қос шынары осылайша өмір жолдарын бастаған еді. Қос ғашық Орта Азияны түгелдей дер­­лік шарлап шығады. Үл­кен ұлдары Қожахмет Қы­­зыл­ордада, Құлахмет Түр­кістанда, Нұрахмет Шым­кентте, Сұлтанахмет Жам­былда дүниеге келеді. Соған қарамастан Ләтипа Ташкенттегі қазақ педагогикалық училищесіне түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Үйірме мүшелерінің күшімен 1921 жылы «Шығыс кештері» ойын-сауық бағдарламасы бойынша әзірленген «Біржан – Сара» спектаклінде Сара­ның рөлін сомдайды. Лә­типаның суретшілік ше­берлігі 1925-1926 жылдары қазақ драма театрында, 1936-1958 жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп жүрген кезінде ерекше көзге түседі. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне, сонда қойылған қазақ опералары киімдерінің авторы ретінде қатысады. Лә­типа Қожықованың шығар­машылығы алуан қырлы болатын. Өмірінің соңғы жыл­дары ол қазақ ою-өрнек өне­рінің фольклорлық қо­рын жасауға белсене араласты. 1958 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде оның қолынан шыққан киіз үй әдемілігімен көз тар­тып, орындаушылық ше­берлігімен келушілердің назарын өзіне аударды. Ләтипа Мұңайтпасқызының мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың отыз екін­ші президенті болған Фран­клин Рузвельтке сыйға тартылған. Ол қазір Құрама Штаттардағы Рузвельт му­зейінде тұр. Ләтипа – жүз­ден аса өрнектік туындылардын авторы. Қазір оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт, Вашингтон му­зейлерінде сақтаулы. Л.Қо­жықованың дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұлдары да еліміздің көрнекті өнер қай­раткерлері: Қожах­мет – қазақ бейнелеу өне­рінде жаңа жанрды қалып­тастырған кәсіби график суретші, Құлахмет – қа­зақ­тан шыққан тұңғыш теа­т­р және кино суретшісі, Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қай­раткері, Нұрахмет – мү­сінші-монументалист, Сұлтанахмет – Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ кинематографиясының алтын жұлдызы «Қыз Жібек» фильмінің бас режиссері. Ері Қоңырқожа Қожықов – білімнің, мәдениеттің және қоғам өмірінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ға­лым, ағартушы және қо­ғам қайраткері. Осындай тума талант өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қал­ған Қожықовтар қазақ тарихында таңбалы орны бар әулет. Осы орайда Ләтипа Мұңайтпасқызын еске алу, құрметтеу, еңбегін насихаттау мақсатында Көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты көрмесі өткізілді. Аталмыш ша­ра елордамыз Астана қала­сы­­ның 20 жылдығы және Қы­зылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйым­дастырылды. Көрмеге Құ­лах­мет Қожықовтың қызы Сәуле Құлахметқызының қорында сақталған туындылар, Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың қазақ ки­нофильмдеріне арнайы са­лынған эскиздері, декорация мен сахналық киімдерге салынған ою-өрнек түрлері, қазақ болмысы мен салт-дәстүрін көрсететін картиналар қойылды. Қазақтың осындай біртуар қызының өмірі сағымдай болып ұшып кетті десек те, артында сансыз ізгілікке толы әсем де әдемі із қалды.

Нұрсұлу КҮЗЕМБАЕВА,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Қызылорда облысы