2018 жылдың 10 мамырынан бастап «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен «MEN QAZAQPYN» халықаралық мегажобасының екінші маусымына іріктеу кезеңдері басталып кетті.
Биыл, «MEN QAZAQPYN» жобасына еліміздің 14 аймағынан, 180-ге жуық аудан орталықтары мен ауылдарында іріктеу кезеңдері өтетін болады. Аудандық іріктеуден өткен жеңімпаздар, облыстық байқауға өтіп, бақ сынасады. Ұлттық арнаның ауқымды жобасына корпорацияның аймақтардағы барлық филиалдары белсене атсалысуда. Алғашқы іріктеу кезеңдері Әулиекөл, Алтынсарин елдімекендері мен Қостанай қаласында өтті.
Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, төл өнеріміз - күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Биыл «MEN QAZAQPYN» мегажобасының іріктеу кезеңі маусым айының соңына дейін өтетін болады. Байқауға Қазақстан Республикасында тұратын 18 бен 40 жас аралығындағы, қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады. Байқауға қатысқысы келетін үміткерлер «Қазақстан» телерадиокорпорациясының аймақтардағы филиалдарына хабарласып, толық мәлімет ала алады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникация министрілігінің қолдауымен «Qazaqstan» РТРК» АҚ бірлесіп, 2017 жылы «Мен қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мегажобасын алғаш рет жүзеге асырған болатын. Өткен жылы, бұл жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Ал, Астанада өткен телевизиялық жобаға 57 өнерпаз бақ сынасып, өз өнерлерін көрсете алды. Сондай-ақ, «Мен қазақпын» мега жобасына Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымыз да өз өнерлерін көрсетуіге мүмкіндік алған болатын.