• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Ауғанстанды тұрақтандыру жайы қаралды

311 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы­ның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Германия­ның астанасы Боннда өткен Ауғанстан жөніндегі халық­ара­лық конференцияға қаты­суы аясында өзінің бірқатар елдердегі әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізді. Қа­зақстан сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы, атап айт­қанда, Германия, Ирак, Индонезия, Малайзия, Қытай, Түр­кіменстан, т.б. елдер сыртқы істер министрлерімен екі жақ­ты сауда-экономикалық, оның ішінде көлік және логистика салалары бойынша ынтымақ­тас­тық мәселелерін талқы­лады. Әңгімелесу барысында кей­­бір елдермен әріптестік ауқымы оның әлеуетін толық көлемінде көрсете алмай отыр­ғаны на­зар­ға алынды. Мәселен, лат­виялық әріптесімен кездесу кезінде екі жақты саяси үн­қа­тысудың жоғары деңгейі атап өтілді. Алда ынты­мақ­тас­тық­тың кең ауқымы бойынша жұмысты өрістете түсу ниеті қуатталды. Сонымен қатар, Қазақстанның Еуропа Ода­ғы­мен, Еуропа Кеңесімен ын­ты­мақтастығы мәселелері сөз болып, Қазақстанның 2015-2016 жылдарға БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануға және халықаралық маманданды­рыл­­ған ЭКСПО-2017 көрмесін өт­кізуге тапсырыстары қаралды. Е.Қазыхановтың Португалиямен сауда-экономикалық ын­тымақтастықты кеңейту перс­пективалары осы елдегі әріптесі Паоло Порташпен кездесуінде сөз етілді. Министрлер аталған мәселені кеңей­ту үшін келісімдік-құқықтық базаға сараптама жасаудың ма­ңыздылығын атап өтіп, Қа­зақстан-Португалия бизнес-форумын өткізуге дайындық жүргізу жайын талқылады. Қа­зақстан СІМ-інің басшысы Португалия бизнесінің Қазақ­стандағы индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарла­ма­сы­на, әсіресе, ауыл шаруашы­лы­ғы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қатысуы перспективалары зор екеніне көңіл қойды. П.Порташ өз кезегінде қазақстандық компа­ния­лардың Португалияға инвестиция салу мүмкіндіктері зор екенін атап өтті. Е.Қазыхановтың АҚШ Мем­­лекеттік хатшысының Оң­түстік және Орталық Азия елдері бойынша орынбасары Роберт Блейкпен кездесуінде екі жақты ынтымақтастықтың перс­пективалары мен Ауған­стан­дағы және Орталық Азия өңі­рін­дегі жағдайлар талқыланды. «Егемен-ақпарат».