Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың алғашқы 4 айындағы елдегі әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы, төртінші деңгейдегі бюджет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін енгізу барысы, 2017-2018 жылдарғы жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды.
Экономикалық өсім байқалады
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндамасында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі − 3,8 пайызды құрап отырғанын айтып, елдегі экономикалық ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. Тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған инфляциялық қысымның төмендеуі мен инвестициялық белсенділіктің артуы. Инфляция жыл басынан бері 2,2 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендегені анықталып отыр. Ал жылдық инфляция 6,5 пайыздық деңгейінде сақталады деген сенім бар. Соған қарамастан елде өсімі кері кетіп отырған салалар да анықталып отыр. Әсіресе құрылыс және металлургия саласында өсім өткен жылмен салыстырғанда төмен. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті келтірген мәлімет бойынша, өңделмеген және жартылай өңделген күмістің немесе ұнтақ түріндегі өндірістер көлемі 334 194 килоны құраған, бұл − алдыңғы жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 6,5 пайызға төмен болып отыр.
Сонымен қатар Т.Сүлейменов жылдың бірінші тоқсанында елдің халықаралық резервтері 1,8 пайызға артып, 90,7 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайғанын, алтын-валюта резервтері 3,4 пайызға өскенін, Ұлттық қордың активтері 0,9 пайызға артып отырғанын жеткізді.
Жыл басынан бері Қазақстандағы сыртқы сауда айналымы да артып, 24,3 пайызға өсім көрсетіп отыр. Бұл нәтижені Ұлттық экономика министрі аталған саласындағы іскерлік белсенділікпен байланыстырып, ел экспортының 27 пайызға өскенін сыртқы нарықтағы жағдайдың жақсара бастауымен сабақтастырды. Сыртқа шығарылған шикізаттық емес тауарлардың өсімі 11,2 пайызды құрап отыр. Бұл ретте импорт көлемі де 19,4 пайызға артқан. Сонымен қатар министр еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отырғанын, ағымдағы жылдың басынан 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылғанын айтты.
«Ағымдағы жылғы сәуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды және 4,9 пайызды құрады. Айтарлықтай ұзақ мерзімнен кейін, үстіміздегі жылдың басынан бастап нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2 пайызды құрады. Қаңтар-сәуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңге болды», деді Т. Сүлейменов.
Жиында сөз алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ағымдағы жылдың 4 айында Қазақстанда газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6 пайызға өсім көрсеткен. Ал газ экспортының көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,1 пайызға жоғары. Осы жылдың 4 айының ішінде сұйытылған газ өндірісі 1,24 млн тоннаны құрады. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,5 пайызға артық.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 4 айының ішінде отын-энергетика саласы бойынша оң көрсеткіштер динамикасы жалғасын тауып отыр. Мұнай және конденсат өндіру көлемі 29,9 млн тоннаны құрады. Яғни, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өсім көрсеткен. Соның ішінде министрдің дерегінше, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 17,9 млн тоннаны құраған. Атап айтар болсақ, Қашағанда – 3,8 млн, Теңізде – 9,9 млн, Қарашығанақта 4,2 млн тонна мұнай өндірілді. Ал, мұнай экспорты көлемі 24,1 млн тоннаны құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 4,3 пайызға артық.
Сонымен бірге уранның әлемдік нарықтағы бағасының төмендеуіне байланысты сұраныс кеміп, жылдың бірінші тоқсанында небәрі 7 137 тонна уран өндірілген. Сол сияқты көмір өндіру көлемі 36,8 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Ішкі нарыққа 26,8 млн тонна көмір жеткізілгені және 8,6 млн тонна экспортқа шығарылғаны анықталып отыр. Осы ақпараттан кейін Премьер-Министр Б.Сағынтаев орталық және жергілікті атқарушы органдарға алдағы уақытта көмір тапшылығын болдырмауды қатаң тапсырды.
Жылыту маусымына дайындық – ерте бастан
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алдағы 2018-2019 жылдары жылыту маусымына уақытында және сапалы дайындалу мақсатында Инвестициялар және даму министрлігінің жылыту маусымына дайындық жөніндегі жұмыс жоспарын бекіткенін атап көрсетті.
Жоспарға сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығын, 2018 жылдың 15 қазанына дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің дайындығын аяқтап, автономды қазандықтарды отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет екенін жеткізді. Министрдің баяндамасынан кейін Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жылыту кезеңінің тұрақты өткенін, енді алдағы күзгі, қысқы кезеңдерге орталық және жергілікті атқарушы органдар дайындықты ерте бастап, қамдануы керектігін айтты. Сонымен қатар Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктеріне жылыту кезеңіне дайындықтарды орындау барысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Өз кезегінде әкімдер жылумен, энергиямен жабдықтаудың, коммуналдық сектор мен әлеуметтік саланың барлық нысандарына жоспарланған жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс екенін шегелеп айтты.
Барлық өңір қамтуы тиіс дербес бюджет
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы аясында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді көздейтін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды. Осыған орай елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілмек. Осы жайында кеңірек баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов келтірген ақпарат бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын 1062 ауылдық округте енгізілген, ал келер екі жылда бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірлерін қамтымақ.
Министрдің айтуынша, дербес бюджетті енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және салықтарды тікелей өз бюджетіне алуы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуге мүмкіндік берді. Биылғы жылғы жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттер кірістерінің жоспары 113,8 млрд теңгені құрамақ.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуді жүктеп, сонымен қатар Қаржы министрлігі ауылдық округтер бюджетінің ақпараттық жүйелерде толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық дайындық іс-шараларын аяқтауы қажеттігін баса айтты. Ауыл тұрғындарына кейбір қызметтерді жеңілдік шарттарымен ресімдеуге мүмкіндік беру қажеттігі жайында айтылған ұсыныстың орынды екенін жеткізіп, мәселенің жіті қадағалауда болатынын айтты.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»