Кеше елордадағы Ұлттық музейде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған маңызды шараның тұсауын кесіп, беташар лебіз білдірген Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык қазіргі таңда ел аумағында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша іске асырылып жатқан жұмыстардың маңызы зор екенін тілге тиек етіп, бұл реткі ұйымдастырылып отырған шара да осы үрдістің заңды жалғасы дегенді атап айтты. Сонымен қатар елші мырза: «Бүгінгі көрме Түркия мен Қазақстан және Орта Азияның тарихи қатынастарынан сыр шертетін біздің ортақ тарихымыздың куәсі», деді.
Түркия елі қай жағынан алсақ та тарихы бай мемлекет. Басқасын былай қойғанда ХV-ХVІІ ғасырларда Еуропа, Азия, Африка қатарлы үш құрлыққа әмірін жүргізген Османлы империясы «күллі әлемдік билеуші» ретінде тарихта аты қалды.
Аталмыш шараның тағы бір қонағы Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ежелгі заман тарихына қатысты қытай архиві, жаңа дәуірге байланысты ағылшын мұрағаты қаншалықты құнды болса, орта ғасыр тарихы үшін Османлы мұрағаты соншалықты маңызды дей келе, «Елбасының «Рухани жаңғыру», «Тарих толқынында», «Мәдени мұра» сынды бағдарламаларының барлығында да біздің жадымызды жаңғыртып, тарихи санамызды қалыптастыру мәселесі көтерілген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл көрменің тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді түгендеуде алар орны айрықша болатыны анық», деді.
Одан кейін жиналған көпшілікке көрме экспонаттары жайлы толық мәлімет айтқан Түркия Республикасы премьер-министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал мырза, түркиялық мұрағат қоры әлемде жетекші орынға ие екенін алға тартты. Бас мұрағатшының айтуына қарағанда, аталмыш елдің мемлекеттік мұрағаттар басқармасы өз ішінен Османлы мұрағаты және Республикалық мұрағат деп екі топқа жіктеледі екен. Ыстанбұл қаласында орналасқан Османлы мұрағатында 95 миллион құжат пен 400 мың жазба-дәптер сақталса, Анкарадағы Республикалық мұрағатта 35 миллион құжат пен 95 мың жазба-дәптер сақтаулы тұр.
Османлы мұрағатында империя өмір сүрген дәуірде оның құрамында болған 40-тан астам мемлекеттің тарихына байланысты құжаттар бар. Осы екі мұрағат қорына келіп жұмыс жасайтын шетелдік зерттеушілер саны орта есеппен күніне 200 адамды құрайтын көрінеді.
Бұл реткі елорда төрінде ұйымдастырылып отырған көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылады. Бұлардың барлығы Османлы мұрағатынан алынған екен. Осылардың кейбіреулерін атап айтар болсақ:
– 1808 жылы Османлы мемлекеті тарапынан Бұхара ұлықтарына тарту ретінде жолданған кітаптар тізімі;
– 1849 жылғы Ахмет Ясауи тегінен шыққан паша Ходжа бин Абдуллахтың қажылық мәселесіне байланысты Османлы сұлтандарына көмек көрсету туралы хаты;
– 1862 жылы Берлин қаласында басылған Түркістан картасы;
– 1877 жылы Бұхаралы қажы Оспан әпендінің Бұхара, Ташкент, Қоқан, Самарқан және Хиуа халықтары арасында болған мәселелер жайлы жазбасы;
– 1880 жылы Орта Азия билеушілері тарапынан Сұлтан ІІ Абдулхамидке жолдаған сый-сияпаттар тізімі;
– 1883 жылғы М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» рапортының таныстырылымы;
– 1904 жылы Қашғар-Құлжадан дін үйренуге келіп, Хамиде мектебіне қабылданған шәкірттерге көрсеткен қамқорлығы үшін Сұлтан ІІ Абдулхамитке жолданған хат, т.б. құжаттар бар екен.
* * *
Осылардың қатарында қазақ тарихына қатысты дүниелер де сақталыпты. Олар ел тарихында әз-Тәуке ханнан кейін 1715-1718 жылдары билік жүргізген Қайып хан мен осы жылдары Османлы мемлекетін басқарған 23-ші сұлтан ІІІ Ахметтің бір-біріне жолдаған хаттары. «Бұл құжаттар Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылып отыр», деді Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының еліміздегі өкілі Алмагүл Исина ханым.
Жоғарыдағы қазақ тарихына қатысты құжаттарға тоқталар болсақ:
– 1713 жылы 21 тамызда қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған ІІІ Ахмет сұлтан хатының көшірмесі;
– 1713 жылы 21 тамызда Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі;
– 1714 жылы 16 қаңтарда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі;
– 1714 жылы 16 қаңтарда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы;
– 1716 жылы 14 желтоқсанда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі. Бұл хатта Османлы мемлекетінің шынайы дос екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған.
Осы құжаттармен танысып, кейбір хаттардың мазмұнын қазақшалаған зерттеушілердің пікірінше Қайып ханның тұсында Қазақ хандығы жан-жақтан анталаған дұшпандардың талауына түсуге шақ қалып, қиналғандықтан әлемге ықпалын жүргізіп отырған ұлы мемлекет Османлы сұлтандарына өз ұлысының болашағы үшін алаңдап, елші аттандырған дейді.
Мысалы, 1713 жылы 21 тамызда ІІІ Ахмет сұлтан қазақ ханына жазған хатында «Әділдік пен діннің қасиетін тұла бойына дарытқан, достық һәм тыныштықтың байрағын көтерген, мұсылманның шекарасын қорғаушы, білгір текті Қайып Мұхаммед ханға сәлемім мен жылы лебізімді білдірем. Бұл хат ханның таңдаулы елшісі Сейітқұл Бахадыр арқылы жеткізілді. Достық лебіңізбен жазылған хатыңыз оқылды. «Рухтар тізілген бейкүнә сарбаздар секілді бір-бірлерін таныған жағдайда бірігеді және араласады» атты хадисте айтылғандай танысу, рухани және діни бірлесуді қажет етеді. Сіздің хатыңыз да бірлесуімізге негіз болып тұр. Ізгі мақсатпен келген елшіңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Елшіге еліне оралу үшін рұқсат берілді және шапан жабылды. Қолыңызға хат та елші арқылы сізде жөнелтілді» делініпті.
Аталған көрме мамыр айының 23-іне дейін жалғасады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»