Кеше ENRC (Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы) мен «Егемен Қазақстан» газетінің бастамасымен ұйымдастырылған еліміздегі өнеркәсіп тақырыбына жазатын қазақ журналистері арасындағы ІІ республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Байқау ағымдағы жылдың қаңтар айында бастау алған болатын. Оның негізгі мақсаты – қазақ журналистикасында кенжелеп қалған экономика және өнеркәсіп тақырыбына қалам тартатын журналистерді ынталандыру. Арнайы құрылған әділ қазылар алқасының құрамына ENRC Қазақстан президентінің бас кеңесшісі Ибрагим Еділбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, белгілі қаламгерлер Алдан Смайыл және Жарасбай Сүлейменов енген еді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін Ибрагим Еділбаев ашып, алғашқы сөзді Сауытбек Абдрахмановқа берді. Қазақ тілді мерзімді басылымдардағы кенжелеу қалып келе жатқан сала – өнеркәсіп тақырыбы. Өндіріс саласының инновациялық қыр-сырына терең бойлап, бүгінгі өркениетті өнеркәсіп жетістіктеріне қалам тартатын қазақ журналистерінің шоғыры аз. Сондықтан ел экономикасының маңызды тақырыптарын жазуда мемлекеттік тілдің беделін арттырып, аясын кеңейту мақсатында екі жылдан бері ENRC компаниясы мен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті осындай республикалық байқау өткізуді қолға алды, деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов. Алғашқы жылға қарағанда биылғы өткізіліп отырған байқауға қатысқан қазақ журналистерінің қарасы мол, байқауға келіп түскен мақалалар үш есе көп болды. Алдағы уақытта осындай байқау өткізу дәстүрге айналады.
Одан кейін сөз алған жазушы Алдан Смайыл өнеркәсіп тақырыбына қалам тартудың күрделі екендігіне тоқтала келіп, тіпті еліміздің терминология орталықтары да жаһандану үрдісіне терең кіріккен өндіріс, экономика тақырыптарының жаңалықтарына үнемі ілесе бермейтіндігін атап көрсетті. Ал Жарасбай Сүлейменов пен ENRC Қазақстанның корпоративтік коммуникациялар басқармасының басшысы Майра Қуандықова бүгінгі өткізіліп отырған шараның қазақ журналистикасында кенжелеп қалған экономика, өндіріс тақырыптарында мемлекеттік тіліміздің беделін арттыруға ерекше ықпал ететіндігін тілге тиек етті.
Жыл бойы өткізілген ІІ республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауының қорытындысы бойынша бірінші орын және 500 мың теңге бас бәйге «Жас қазақ» республикалық газетінің экономика және талдау бөлімінің редакторы Гүлзат Смағұловаға берілді. Екі екінші орынды «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Жылқыбай Жағыпарұлы мен Павлодар облыстық «Сарыарқа» самалы газетінің журналисі Нұрбол Жайықбаев иеленіп, әрқайсысы 400 мың теңге сыйлыққа ие болды. Үш үшінші орын «Дала мен қала» республикалық әлеуметтік саяси басылымының журналисі Нұрлан Жұмаханов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің экономика бөлімінің меңгерушісі Суханберді Оразалиев және Атырау облыстық «Мұнайлы астана» газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадиярға берілді. Олардың әрқайсысы 300 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде алды. «Үздік жас журналист» номинациясында «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық саяси ақпараттық газетінің тілшісі Камшат Сәтиева марапатталып, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Қазақ журналистері арасындағы республикалық «Алтын қалам» шығармашылық конкурсының басты мақсаты мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсету, өнеркәсіп саласына қалам тартатын қазақ тілді журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдау, мерзімді баспасөзде жаңа экономикалық ойлау үрдісін қалыптастыру болып табылады. Бұл байқау ENRC компаниясының БАҚ-тарда мемлекеттік тілге қолдау көрсету жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір жобасы ретінде жүзеге асып отыр.
Берік САДЫР.
___________
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.