Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында еңбек күші жетіспейтін өңірлерге азаматтарды ынталандыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға тапсырма бергендігі белгілі. Бұл саяси, демографиялық және әлеуметтік маңызы бар ауқымды реформаның бастауы болатын. Осы орайда арнайы бағдарлама құрылып, халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен теріскейді бет алып үлкен көш қозғалды. Бүгін біз еліміздің жарқын болашағы үшін қолға алынған осы ауқымды шараны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жөнінде аз-кем сөз қозғағанды жөн көрдік.
Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында осы көшті жүзеге асыруға бас-аяғы 85 млрд теңге бөлінгені белгілі. Оның 45 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қаралып, қалғаны жергілікті бюджеттердің үлесіне тиді. Енді қыруар қаржы жұмсалып, атқарылған жұмыстардың бір парасын жекелеген облыстардың мысалымен келтірейік.
Оңтүстік Қазақстан облысынан аталған бағдарлама бойынша 347 отбасы немесе 1400-ге жуық адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Биылғы меже – 665 отбасын көшіру. Облыс әкімінің орынбасары Берік Садырдың мәлімдеуінше, солтүстікке қоныстануға ниетті отбасылардың өкілдері алдын ала болашақ ауылдарына барып, тұрмыстық жағдайы, жұмыс орындарының жайы мен тұрғын үй мәселелерін өз көздерімен көрмек.
Тиісінше бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы да өткен жылғы көрсеткіштерін екі еселеп, биыл 600 отбасын қабылдауға дайын отыр. Қызылжар өңіріне арнайы бағдарлама шеңберінде келетін әрбір адамға белгіленген тәртіп бойынша 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақы беріледі. Аталған облыс басшысының орынбасары Мадияр Қожахметтің айтуына қарағанда, қоныс аударушылардың басына баспана беріліп, алдына мал салынып, еңбекке араластырудың амалдары барынша ыждағаттылықпен атқарылады. Оның үстіне, жергілікті жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында шаруашылық құрылымына кемі бес адамды жұмысқа алғандығы үшін субсидия төлеу көзделген.
Осы аталған жеңілдіктерге қарамастан барған жағын жерсінбей кетіп жатқандар да бар. Бірақ М.Қожахмет олардың үлесі 10 пайыздан аспайтындығын және көбі ауа райының жақпауы, жұмыс тәртібіне қанағаттанбау сияқты жеке басының мәселелеріне байланысты кері оралғандарын айтып отыр. Жергілікті билік көшкен елді тұрақтандыру бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алған.
Жөн делік. Ал туған өлкесіне оралған азаматтардың келу пұлы, тұрғын үй мен өзге де тұрмыстық шығындары өтелген бюджет қаржысы қалай кері қайтарылмақ? Бұл мәселеге байланысты да әзірге келіспеушілік жоқ екен. Еңбек келісімінде қаралған кемі 3 жыл тұру шарты бұзылған жағдайдағы істер әзірге сотқа жетпей, медиациялық жолмен шешіліп жатқанға ұқсайды. Ағайынның азары болса да, безері болмас, тұрмыс жағдайы өзгерген қандастарымыз қаржыны мемлекетке уақтылы қайтарып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, биыл аталған бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден 1706 отбасы немесе 7119 адам көшіру жоспарланған.
Тұрғылықты халықтың тұрақтылығына сын барМойындау керек, бұл бағдарламаның астары тереңде. Шекараға жақын облыстарда, тіпті мемлекетаралық белдеуге жақын елді мекендердегі халық саны соңғы жылдары азайып барады. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында мектеп бітіруші жастар Ресейдің оқу орындарына ынтығып тұрады. Бірер мысал. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тек Қызылжар өңірінің халқы 5,5 адамға, ал шығысқазақстандықтар 14 мың адамға кеміген.
Жалпы, халықты тұрақтандырудың жолы көп. Егер жергілікті атқарушы органдар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ұтымды пайдалана білсе, халықты тұрақтандыруды оңай шешуге болар еді. Ал жұмыс орындарының аздығы да жайлы тұрмыс іздеген жұртшылықтың қиындықтарға тап болып, тауы шағылуына негізгі себеп болатыны айтпаса да түсінікті.
Осы орайда, Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ахуалға қайтадан тоқтала кетейік. 2013-2018 жылдар аралығында өңірден жалпы көшіп кеткендер саны 26 мыңға жуықтайды. Халықтың көбі облыс орталығы мен Астана тәрізді ірі шаһарларға таңдау жасаған. Алайда, облыс әкімінің орынбасары М.Қожахмет алдымен ауылдық елді мекен халқының азайып кеткендігін жеткізді.
Бұның себебі белгілі және алдын алудың жолдары да қарастырылған. Мысалы, солтүстіктің егіс алқаптарында жосып жүрген заманауи трактор, комбайндар мен алып кешендер адам күшін қажет етпейді. Бір адам бірнеше сатыдағы жұмысты қадағалап, автоматты жүйеге адамның араласуын азайтты. Бұндай әрі қауіпке, әрі жетістікке баланатын өзгерістер жайында бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Оны уақытында ескермесек, қолды мезгілінен кеш сермейтініміз анық.
Бірақ жергілікті басшылық ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы қосымша жұмыс орындарын іздестіріп жатыр. Дәстүрлі егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуды қолға алып, ауылдықтарды жұмыспен қамтудың дербес жолын таңдаған. Өткен жылдың өзінде Қызылжар аймағында жаңадан 13 мың жұмыс орны ашылғанымен, бұл әлі де аздық етеді.
Ортақ мәселе, ортақ қиындықтармен солтүстік облыстар бірлесе күресуге дайындық жүргізіп көрмек. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, солтүстікке көшкен азаматтардың тек 30 пайызы ғана жұмыспен қамтылады және бұл – заңдылық. Өйткені, бұл бала-шаға, отбасындағы зейнеткерлерді есепке алмағандағы нақты көрсеткіш болып отыр.
Алдарқатуға көнбейтін мәселелерБағдарлама басталғалы ерікті түрде қоныс аударған адамның барлығы бірдей жұмыспен қамтылмауының статистикалық заңдылығын айттық. Еңбекке жарамдылары қол қусырып отырған жоқ және жұмыс күшіне сұраныс та кемімейді. Мәселен, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған 128 отбасындағы 357 адамынан еңбек жасындағыларының 75 пайызы жұмыспен қамтылған.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкованың мәлімдеуінше, көшіп келушілерді жұмыс күші тапшы Риддер қаласы мен Шемонаиха ауданына қоныстандыру бағдарламасы жасалған. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерге арнайы топ аттандырылып, жергілікті тұрғындарды шығыстағы жайлы тұрмыстың мүмкіндіктерімен таныстырып келеді.
Жергілікті тұрғындардың да тұрақтап қалуын қамтамасыз ету үшін де жастарға арналған тың бағдарламалар қолға алынып, оларды елде қалдырудың амалдары жасалуда. Соның нәтижесінде өткен жылы алыс-жақын шетелдердің оқу орындарына кету көрсеткіші екі есеге азайған. Сайып келгенде, тұрақтылық пен тепе-теңдікті қалыптастыратын бағдарлама бойынша әр өңірдің басымдылықтары да, кемшіліктері де бар. Ал жұмыс орындарын ашып, тұрғылықты халықтың тұрмыстық қиындықтарын шешуге бағытталған бағдарламалар одан да көп. Демек, оңтүстіктен бастау алған ішкі көштің бағытын бағдарлап, жайлы жағдай жасау ерекше көзқарасты талап етеді.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»