• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2018

Жапония елшілігі кендо клубына спорттық киімдер тарту етті

1023 рет
көрсетілді

Жапонияның Қазақстандағы ел­ші­лігі республикалық «Сарыарқа» вело­трегінің жекпе-жек залында «Қазақ­стан­дағы кендо клубына» кендо спортына қажетті спорттық киімдерін тапсыру рәсімін өткізді. 

Аталған шараға Жапонияның Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Окава Сюитиро, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, сондай-ақ клубтың негізін қалаушы Еркін Тәті­шев қатысты. Жапониялық тарап қазақ­стан­дық кендо клубына 20 дана киім-жабдықты сыйға тартты. Сонымен қатар жа­пониялық тарап болашақта аталған спорт­ты Қазақстанда қарқынды дамыту үшін жұмыстар жасалатындығын атап өтті.

Салтанатты жиында Жапония елшісінің кеңесшісі Окава Сюитиро сөз сөйлеп, екі елдің ынтымақтастығы, әріптестігі кеңінен дамып келе жатқанын айтты. 

«2016 жылы «Жекпе-жек өнері ше­бер­лерінің Орталық Азия елдеріне сапары» жобасы аясында Қазақстанға Жапониядағы кендо федерациясының төрт кендо шебері және Жапония премьер-министрі Синдзо Аюэ келген болатын. Олар келген уақытта қа­зақстандық спортшылар бұл спорт түріне қажетті саймандарды Қазақстаннан табу қиын екендігін жеткізген. Осыған байланысты, Жапониядағы кендо федерациясы бұл құрал-саймандар мен киім-кешекті кендоны Қазақстанда кеңінен таныту үшін сыйға тартуда», деді Окава Сюитиро. 

Айта кетейік, Қазақстандағы кендо спорт клубы 2004 жылы Айкидо мектебі базасында Ал­матыда құрылған. 2004 жылдан бастап кен­до клубы тәжірибе үшін қазақстандық спорт­­шыларға тұрақты түрде іссапар ұйым­дас­ты­рып тұрады. Клуб мүшелері түрлі белгі­лі жапониялық мамандармен Токио, Нии­гата, Кофу, Чичибу, Сандзё және тағы бас­қа қалаларда тәжірибелерін жетілдіріп тұрады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»