Бір жыл – лауазымды қызметке тағайындалған шенеунік үшін аз мерзім емес. Сынақ барысында өзіне жүктелген сенім үдесінен көрініп, жұртшылықтың жылы ілтипатына бөленіп жататындар да, керісінше, міндеттер мен тапсырмаларды орындай алмай басы төмен салбырап кететіндер де кездесіп қалады. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов алдыңғы лекке қосылатын іскер басшылардың бірі. Біз осы уақыт аралығында оның бастамасымен жүзеге асырылған іс-шаралардың кейбіріне тоқталғанды жөн көрдік.
Экономиканың жаңа драйвері
«Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек». Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында қойған осы талабы Солтүстік Қазақстан облысына тікелей қатысты. Астықты өлкеде басты салмақ диқандар қауымына түсетіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне ел ризығының үштен бірі өңірде өндірілетінін, тұрғындардың 56 пайыздан астамы елді мекендерде тұратынын, экономикалық белсенді адамдардың негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететінін ескерсек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экспорттық белсенділіктің маңызы арта түспек. Құмар Іргебайұлы Елбасы сеніп тапсырған қызметке бел шеше кірісісімен жедел қолға алған шараларының бірі астық өндірісін әртараптандыруға, жерді тиімді пайдалануға, егіншілік мәдениетін жетілдіруге бағытталды. Әкімдіктің алғашқы отырыстарының бірі жемқорлыққа бейім сала – жер қатынастары мәселесіне арналуы, жер бөлуді тұмшалап ұстайтын ведомство жетекшілері мен аудан әкімдерінің өткір сынға алынуы себепсіз емес еді. Алпауыт фирмалар ондаған мың гектар жер телімдерін иелікке алғанмен, дұрыс игермегендіктен өнімділік төмендеп кеткен. Салықты аз төлегендіктен, еңбекақыны уақытылы бермегендіктен жұмысшыларға жасалатын әлеуметтік жағдайды сөз етудің өзі артық. Халықтың басты байлығы таран-таражға түспеуі, әділеттілікпен бөлінуі қатаң талап етілген. Менің жұмысымның басты қағидаты – ашықтық, қолжетімділік. Сауалдарға барынша нақты, түсінікті жауап берсек, қордаланған проблемаларды мезгілімен шешсек, адамдардың жергілікті билікке деген сенімі нығая түседі, деген еді сонда.
Ауылдық округтерге ілесе барған бір іссапар да есте қалыпты. Мамлют ауданында агроқұрылым жетекшілерімен өткен кездесу бүкпесіз сұхбат түрінде өрбіп, өңдеу мен экспорттың өзектілігі ашық талқыланған. 2016 жылы бидайдың – 10, сүттің – 49, еттің 20 пайызы ғана өңделген. Өндірілген өнімнің бар-жоғы үш пайызы ғана шетелдерге шығарылған. 5 миллион тоннадан астам астық жиналса да, тартылған ұн 363 мың тонна ғана болған. Ауылшаруашылық кәсіпорындарының кредиторлық берешегі 600 миллиард теңгені құраған. Қит етсе кінәні ауа райына арта салатын сылтауды доғару керек. Олай болса, бір-бірімен көрші орналасқан шаруашылықтардың түсімділігі неге әрқилы? Демек, жерді пайдалануда масылдық, тұтынушылық көзқарас әлі басым деген сөз. Өңірде жердің 70 пайызына қожалық ететін 511 агроқұрылымның 106-сы ғана табысты жұмыс істейді. Мәселе, озық технологияларды қолдануға, жоғары сұрыпты тұқым себуге, тыңайтқышты дер кезінде сіңіруге келіп тіреледі. Өсірілетін бидайдың 40 пайызы 4-5 санатты. Элиталы тұқым жеткіліксіз. Отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға іспен жауап беруге тиіспіз, деп мәселені төтесінен қойған.
Содан бергі аралықта қолдағы мүмкіндіктер мен ішкі-сыртқы резервтерді ұтымды іздестірудің оңтайлы бағыт-нұсқауларын ұсына отырып талап қоюдың, жауапкершілік жүктеудің, қатаң бақылаудың арқасында жағдайдың көп өзгергенін, астық өсіріп, төрт түлік баққанның ырысы артып, несібесі түгелденетінін бүгінгі тәжірибе анық байқатып отыр. Былтыр майлы және бұршақты дақылдар көлемі 712 мың гектарға дейін көбейтіліп, республика бойынша 30 пайызды құраса, биыл бір миллион гектарға дейін ұлғайтылмақ. Сөйтіп жалпы өнім көлемі қосымша 60-70 миллиард теңгеге еселене түседі. Экспортқа алғашқы ет өнімдері жөнелтілді. Жыл аяғына дейін оның көлемі 1500 тоннаға жеткізілмек.
Алда ұлан-ғайыр міндеттер тұр. 32,2 миллиард теңгеге 1310 жаңа техника бірлігі сатып алынып, машина-трактор паркі айтарлықтай жаңарады. 7 заманауи сүт кешені салынып, жобалық қуаттылығы 10 мың тоннаға жетеді. Қайта өңдеудің жол картасы аясында 35 миллиард теңгенің 19 инвестициялық жобасы іске қосылып, жарты мың адам тұрақты жұмысқа орналасады. Ет пен жұмыртқа өндіруді – 2, сүтті 3 пайызға арттыру талабы қойылып, ауылшаруашылық кооперативтері қозғалысына басымдық беру көзделген.
Құрылыс индустриясына батыл бетбұрысТұрғындарды баспанамен қамту Президент белгілеп берген жалпыұлттық сипаттағы міндеттер мен басым бағыттар болып табылады. Әкім ерекше назарға алған саланың бірі осы құрылыс индустриясы. Облыста 20 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұрса, 13 мыңдайы қалалықтар. 2016 жылы 160 мың, 2017жылы 200 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылса, биыл бұрын-соңды болмаған асу бағындырылмақ. Яғни кемі 230 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, өз кезегін сарыла күткен жандар жайлы пәтерлерге қоныстанады. «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы 19 тұрғын үй (1463 пәтер) пайдалануға берілді. Әлеуметтік жағынан әлжуаз топтар 400 пәтерге ие болды. Нысандардың сыртқы келбетіне ерекше мән беріңіздер. Арзан, сапасыз материалдарды жапсыра салмаңыздар. Шаһар сырттан келетін меймандар мен инвесторлар үшін жақсы әсер қалдыруы керек, деген еді қала құрылысы кеңесінің отырысында.
Жыл өткен сайын Петропавл қаласы гүлденіп келеді. Қысқа мерзім ішінде «Береке», «Юбилейный», «Жас өркен» шағын аудандары сап түзеп, 1768 пәтерлі 24 көп қабатты тұрғын үй бой көтерді. Магистральды-инженерлік желілер тартуға 4,1 миллиард теңге бағытталды. Жылумен, сумен жабдықтау, кәріздік жүйелер құрылысының кешенді жобалары жүзеге асырылды. «Жас өркен» шағын ауданы жайлы сөз бөлек. Бұл аймақта 2700 пәтерлі тұрғын үй, ондаған әлеуметтік-тұрмыстық, спорттық, мәдени нысандар бой көтеруде. Қ.Ақсақаловтың бастамасымен тұрғын үй құрылысын жаңғырту бағдарламасы қабылданып, қала жоспарына бірқатар түзетулер енгізілгенде бекітілген нұсқадан ауытқымау, ескі ғимараттардың қасбетін жаңарту, сәулеткерлік әйнекпен, керамикалық мәрмәртаспен көмкеру, басты жол-көлік айналмасына Қожаберген жыраудың ескерткішін орнату, гүлзарлармен көркейту, аспалы шамдар қою талаптарын қатаң сақтау атап өтілген. «Солнечный» кентінде 2094 жер телімі бөлініп, бірыңғай сәулеткерлік үлгідегі 973 жекеменшік баспана салу басталып кетті.
Қазақстан және Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын биыл Петропавл қаласында өткізу белгіленгені мәлім. Осы орайда шаһардың абаттандырылуы әлемдік трендтерге сәйкес көрікті, жайлы болуы барынша ескерілген. Алқалы басқосу қарсаңында бой көтеретін «Hampton by Hilton» сауда-қонақүй кешені, неоклассика үлгісіндегі 500 орынды қазақ театры, IT-технологияға негізделген төрт қабатты оқушылар сарайы, теннис орталығы қала ажарын аша түсері күмәнсіз. Петропавл халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағы, жолаушылар терминалы күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларды күтіп алуға сақадай-сай. Омбы, Қорған, Түмен облыстары бағыттарындағы жолдарды қалпына келтіру арқылы ресейлік туристердің санын 15 пайызға көбейту белгіленген.
Жұмыссыздықты еңсеру – басты мақсатҚұмар Іргебайұлы жолдауларда белгіленген тапсырмалардың бірі– жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздықты азайту, тұрғындардың кірісін көбейту, тұрмысын оңалту, ішкі көші-қон үдерісін реттеу, серпіндік жастардың орнығуы, тұрақтап қалуы мәселелерін де басты назарда ұстап келеді. Жуырда әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенконың оңтүстік аймақтардан тұрғындарды көшіру бағытында атқарылған шаралар туралы хабарламасы тыңдалды. Оның есебінде «мін» болмай шықты. Айтуынша биыл 767 отбасын (3445 адам) көшіріп әкелуге квота бөлініп, 203 отбасы ат басын тіреген. Олар экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге орналастырылып, 258 миллион теңге демеуқаржы қарастырылған. Жадағай цифрлардан құралған баяндаманы ақырына дейін сабырмен тыңдаған аймақ басшысының адамдар әлі күнге дейін неге жұмыссыз жүр деген сауалына тұшымды жауап берілмеді. Жұмыссыздар санын сырттан көшіп келушілер есебінен көбейту ешқандай қисынға келмейтіні сын тезіне алынды. Тимирязев ауданы 54 отбасын қабылдауға өтініш берген. Ал бос үйлердің саны 19 ғана. Сонда қалғандары қайда тұрмақ? Айыртау ауданы 38 отбасын ғана қабылдауға қауқарлы. Қалған 12 отбасы қайтіп күнелтпек?
Тіпті кей әкімдер қоныстанушылармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрауға ерінетін тәрізді. Шымбайға батса да ащы айтылған сөз ойлантары, ширатары, ширықтырары сөзсіз. Өйткені қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдайтын жеті аймақтың бірі Солтүстік Қазақстанда демографиялық теңгерімсіздік өткір күйінде тұр. Соңғы үш жылда облыстан 80 мыңдай адам көшіп кеткен. Көбі еңбекке жарамды. Шекара өтінде орналасқан 94 ауылдың тұрғындары мүлдем селдіреп қалған. Осы себепті ішкі еңбек нарығын үйлестіруде «Оңтүстіктен – Солтүстікке!» жобасының маңызы өте зор. Оның арғы жағында шекаралық аймақтарды бекемдеу, мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыру секілді қабырғалы мәселелердің жатқанын алдымен жергілікті билік өкілдерінің жете түсінгендері абзал. Осы себепті болар үкіметтік кешенді бағдарламада нарық сұранысы, шағын бизнес мүмкіншілігі, толыққанды әлеуметтік жағдай жасау, қаржылық демеу жеңілдіктері жете қарастырылған. Көшу – әр адамның жеке ісі. Ешкімді күштемейміз. Ал ниет білдіргендерге мемлекет көмегінен басқа жер бөлуге, жұмысқа орналастыруға, қолайлы кәсіппен айналысуға жәрдемдесуге әркез әзірміз, дей келіп, аймақ басшысы Мамлют ауданы, Ленин ауылына Жамбыл облысынан аялдаған дұңған бауырларымыздың өтініш-тілектерін заматта шешіп берген.
Биыл жергілікті еңбек нарығы жас кадрлармен толықпақшы. Олардың негізін «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастар құрайды. Жоба аясында берілетін гранттарға 5 облыстың талапкерлері ие бола алады. Демографиялық ахуалы мүшкіл, кадр тапшылығы қатты сезілетін теріскей жақтарда халық санын көбейтуге, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған бағдарлама шеңберінде білім алған серпіндіктердің техникалық-кәсіптік мамандық алуына барлық жағдай жасалғанымен жоғары жалақылы жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету жағына жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгені рас. Соның салдарынан былтыр Ақжар ауданындағы Ленинград ауылшаруашылық колледжін тәмамдаған 22 түлек түгелдей туған жерлеріне оралуға мәжбүр болды. Биыл жағдай қалай болады деген серпіндіктердің күпті көңілін Құмар Іргебайұлы орнына түсірді. Ол бағдарлама аясында университет бітіргелі отырған түлектермен кездесіп, менторлық жобаның қолға алынатынын, өзі де қамқоршы болып, іс-тәжірибемен алмасатынын, жұмысқа орналасуды жеке бақылауына алатынын жария етті. Жұп жарастырып, отау құрса, сәби үні естілсе, тегін баспана салып беретін боламыз, дей келіп кәсіпкерлерді, кәсіпорын басшыларын, серіктестік жетекшілерін ментор болуға, екіжақты меморандум жасасуға шақырды.
Бүгінгі күні экономикалық белсенді тұрғындардың арасынан тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,6 пайызға жуық. Былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 4,5 миллиард теңге қарастырылып, бірқыдыру шаралар атқарылды. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік оқуларға 426 қатысушы жіберіліп, екі мыңнан астам аз қамтылған отбасы мүшелері қысқа мерзімді даярлық курстарынан өтті. Шағын және орта бизнеспен айналысушылар мен өз кәсібін кеңейтушілерге 2 миллиард теңгенің 437 несиесі берілді. 13492 жаңа жұмыс орыны ашылып, 30714 адам еңбекке тартылды. Биыл 27,5 мың адамды жұмыспен қамту міндеттері тұр.
Осылайша уақыт алға жылжыған сайын астықты аймақтың ажары арайланып, тұрғындардың өмір сапасы жақсара беретіні еш күмән туғызбайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы