Бүгін Астана экономикалық форумының алаңында Батыс Қазақстан облысындағы мал бордақылайтын орын және ет комбинатын жандандыру бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Батыс Қазақстан облысының әкімі ауыл шаруашылығын, әсіресе мал шаруашылығын дамытуда аймақтың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Қол қою рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Dunbia» компаниясының негізін қалаушысы Роберт Джон Добсон (Ұлыбритания), «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов және «Қазақстан ет одағының» ЖКЗТБ-нің бас директоры Мақсұт Бақтыбаев қатысқан. - Біз «Crown Batys» мал бордақылау кешенін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүрізетін боламыз. Инвестор аймаққа қаржы құяды, біз ет және ет өнімдер нарығын дамыту мен экспортқа шығару үшін барлық жағдай жасаймыз, - дейді Алтай Көлгінов.
Аталған шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»