• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2018

Сегізбаев есімі стадионға сұранып тұр

773 рет
көрсетілді

2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында футбол стадиондары жайлы көптеген ақпараттарға қанықтым. Футбол тарихы өте бай келетін Бразилияда стадиондардың да кейбір бөлімдері мұражайға айналып кеткен. Ондағы әр стадионның өзінің ерекшелігі, мол дәстүрі бар. Мысалы, «Маракана» стадионын салдыруға ықпал еткен, Бразилия футболының әкесі саналатын Марио Фильоны білмейтін бразилиялық жоқ. Негізгі мамандығы журналист Марио Фильо – ел футболының дамуына үлес қосқан қайраткер. «Маракана» стадионына есімі беріліп, басты кіреберіске сол кісінің ескерткіші қойылған. Міне, футбол жайлы әдемі тарих осылай басталады. 

Сәл ертерек, 2013 жылы Ита­лияның Милан қаласындағы «Сан-Сиро» стадионында болған едім. Бұл стадионның да екінші атауы – «Джузеппе Меаца». Джузеппе Меаца Бенито Муссолини кезеңінде Италия ұлттық құрамасының шабуылшысы болған. Финалдық ойында гол соғып, Италияның әлем чемпионы атануына зор үлес қосқан. Әлемдегі атақты стадиондардың біріне Меацаның есімі берілуі де заңды құбылыс. Бір жағынан кейінгі ұрпаққа италиялықтардың да «катеначчо» атты ойын мәнері болғанын баршаға мәлім етеді. Кезінде дүркіреген құрамасы, әлемнің кез келген командасына гол соға алатын шабуылшысы болғанын айғақтайды. 

2017 жылы Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионына жолымыз түсті. Бұл кешен атақты «Реал» команда­сына тиесілі. Сантьяго Бернабеудің өзі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, кейіннен «Реалдың» пре­зиденті болып, клубты даңқты ұжымға айналдырған. Клубтың абыройын асқақтатқан Бернабеудің есімі осылайша стадионға берілді. Бұл «Реалдың» өткен ғасырдың бел ортасында ешкімге дес бермей, Еуропаның нөмірі бірінші клубы болғанынан сыр шертеді. 

Жалпы, атақты футболшының есімін ір­гелі ғимараттарға беру таң­ғала­тын да дүние емес. Солтүстік Ирлан­дия елі Белфасттың халық­­аралық әуежайын аңызға айналған футбол­­шысы Джорд Бест атымен ұлықта­ды. Ал өт­кен жылы Порту­га­лияның Мадейра қала­сы­ның әуежайы «Криш­тиану Роналду атын­дағы халық­аралық әуежай» деген атауға ие болды. 

Одан кейін Еуропада, жалпы әлемде ста­дион құрылысына кеткен қаржыны толық­тай ақтап алатын тағы бір үрдіс пайда болды. Лондонның «Арсенал» командасының су жаңа стадионның атауын «Эмирэйтс» компаниясы сатып алды. Бұл – Біріккен Араб Әмірліктерінің брендтік жарнамасы. Одан кейін «Манчестер Сити» командасының стадионына да «Эттихад» есімі берілді. Оны «Эттихад эйруэйс» әуе тасымалы компаниясы қомақты қаржы құйып, меншіктеді. 

Ал бізде ше? Қазақстандағы стадион­дар­дың атауларының түгелге дерлігі – «Ор­­талық». Бұрынғы Кеңес кезінде «Цен­­тральный» аталған стадион­дар­дың бар­лығы осы атаумен келеді. Яғни тек қазақ­шаланғаны болмаса, еш өзгеріссіз қала берген. Тек тәуел­сіздік алғалы бері халық­аралық стан­дарттарға сай салынған жалғыз стадионымыз «Астана Арена» деп аталады. Бір қуантарлығы, Ақтөбедегі 1975 жылы ашылған «Орталық» стадион кейін­нен «Қобыланды батыр» атауын алды. Ал Шымкенттегі, Алматыдағы, Астана­дағы стадиондардың бар­лығының атауы – «Қажымұқан Мұңайтпасов». Әрине, Қажы­мұқан қазақ тарихындағы даңқты балуан, оған ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ қазақ спортына өлшеусіз еңбек сіңірген басқа да саңлақтарымыз бар емес пе? 

12 мамыр күні Тимур Сегіз­баев­тың дүниеге келген күні аталып өтті. Даңқты футболшының туған күніне орай еліміздің әр қиырында еске алуға арнал­ған шаралар ұйымдастырылды. Арда­герлер арасында турнир де болды. Кезін­де қазақтар доп тебе алмайды деген қағиданың быт-шытын шығарып, Мәскеудің «Спартагына» «Лужникиде» екі гол соққан Тимур Сан­жарұлы қандай құрметке де лайық­ты! Бүкіл ғұмырын «Қайратқа» арнап, қазақ футболына өлшеусіз үлес қосқан Сегіз­баевты білмейтін қазақ жоқ. Біздің елден бөлек бұл кісіні күллі Кеңес Одағы таныды, «Тимур и его команда» деген мақа­ла­лардың жарияланғаны да сол тұс. Тимур Санжарұлы сонымен қатар Йемен ұлттық құрамасының бапкері болып 3 жыл қыз­мет етті. Сол елдің футболының да дамуы­на үлес қосты. Енді Алматының Орта­лық стадионына Тимур Сегізбаев есімі беріл­се, керемет емес пе! Олимпиадаларда жүл­де алған саңлақтарымыз дараланып жатқанда, барлық жеңістердің бастауында тұрған Тимур Сегізбаев сынды даңқты футболшымыздың атын асқақтатқанымыз елімізде футболдың дамуына да серпін беретіні сөзсіз.

Ермұхамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»