Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенконың қатысуымен «Қазақстан өңіріндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» тақырыбы бойынша семинар-тренинг өтті.
Іс-шараға ҚХА, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Дін істері комитетінің мамандары, «Діндерді зерттеу орталығы» қауымдастығының сарапшылары, отандық ғалымдар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының этномәдени бірлестіктер жетекшілері, ішкі, жастар саясаты, тілдерді дамыту, дін істері бөлімдерінің өкілдері шақырылып, көпшілікті толғантқан өзекті мәселелер талқыланды.
Басқосуда жобаның үйлестірушісі, Орталық Азия аймағы бойынша ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, ҚХА жанындағы ғылыми- сараптамалық кеңестің төрайымы, социология ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова жиналғандардың назарын бірқатар өзекті жайттарға аударды. Жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастырудың әдістері мен тәсілдерін кеңінен сөз етті. Бірлігімізді, тұтастығымызды нығайту, қазақстандық бірегейлікті берік ету жолында қоғамдық сананы жаңғыртудың басты шарттарына, қоғамдық қатынастардағы діннің алатын рөліне, жат діни ағымдарға қарсы кешенді іс-қимылдарды дұрыс бағыттай білудің, жас буынды жаңа технологияларға дайындаудың, озық жетістіктерді игерудің маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет өз сөзінде Елбасының сан қырлы саясатының арқасында Қазақстан халқы бір шаңырақ астына ауызбіршілікпен топтаса отырып ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы барлық санаттағы адамдардың болашағына жарқын жол ашатынын, ел бірлігі қазақстандықтардың басты ұстанымы болып қала беретінін жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко өз ойын Мемлекет басшысы алға қойған талап-міндеттерден бастап, одан әрі Елбасының қатысуымен өткен ҚХА-ның ХХVI сессиясы тақырыбына ойысты. Ол сессияда сегіз міндет жүктелгенін, қай-қайсысы болсын үлкен жауапкершілік пен белсенді іс-қимылды талап ететін, осыған орай мемлекеттік деңгейде нақты іс-шаралар қабылданғанын, оның ішінде қоғамды ортақ мақсатқа топтастыратын құндылықтарға ерекше басымдық берілгенін айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы