• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Мамыр, 2018

Қостанайда жас суретші-портретшілердің облыстық байқауы өтті

1582 рет
көрсетілді

Қостанайда жас суретші-портретшілердің облыстық байқауы биыл үшінші рет өтті. Жыл сайын бедел алып келе жатқан бұл шара Қостанай өңіріне белгілі суретші-плакатшы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, облыстық «Меценаттар клубы» сыйлығының лауреаты Юрий Новоселовтың бастамасымен ұйымдастырылды. Жақсы істі облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазақстан суретшілер одағының облыстық филиалы да қолдады. Қарт суретші өзінің атаулы сыйлығын тағайындап, оған тек 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ғана қатыса алады деген шартын да бекітті.  

Биыл осы байқауға облыс қала­лары мен аудандарынан жастар 50-ден аса жұмыстарын ұсынды. Байқау шартына орай, олар өздерінің жақын туған-туыстарының, балаларының, достарының, ата-аналарының, қыс­қасы өмірде бар адамдардың бей­несін салуы тиіс. Юрий Новосе­лов­тың байқауды неге тек қана пор­трет жанрында өткізуінің сыры да бар. 

– Портрет ең қиын, күрделі жанр­дың бірі. Жақындарының портретін салу оңай көрінгенімен, оның қиындығы бояулар үйлесім­ділігін, кейіпкердің ішкі және сырт­қы ұқсастығын жасау, портрет­ке психологиялық және рухани сипат беріп, модельдің негізгі идея­сын табу, кісінің суреттегі өзі­не ұқ­сайтын сәтін бейнелеуде болса керек. Портрет өнері басынан аяғына дейін шығармашылық жұмысты талап етеді, – дейді  Юрий Дмитриевич. 

Жыл сайын байқауға түскен жұмыстарды Қостанайдағы сурет­шілер саралайды. Биыл қазылар жастарға талапты күшейтіңкірепті. Олар ең жақсы деген жұмысқа бі­рінші емес, екінші орын берді. Оны Қостанай құрылыс колледжінің студенті Роза Ыбыраева алды. Ал үшінші орынға Л.Русин атын­дағы же­кеменшік көркем сурет мек­тебінің оқушысы Арина Ваке­рова­ның жұмысы лайық деп табыл­ды. Облыстық болғанымен байқау­дың жүлдесіне тағайындалған сыйлық көп емес, 10-15 мың теңге ғана. 

– Бұл сыйлықты мен өзімнің зейнетақымнан бөлемін. Жастар үшін бұл байқаудың сыйлық көлемі емес, ең бастысы оған қатысуы, сол арқылы шығармашылығын шыңдауы, ізденісі, үйренуі маңызды болуы тиіс. Жастарды өнерге баулу, шыңдау үшін мемлекеттен үйіп-төгіп қаржы бөлінеді. Ол көбінесе науқандық сипат алады. Жүлдесі аз болса да, қазір жастар осы байқауға жаппай қатысып келеді. Үш жылдың ішінде байқауға түскен дүниелерден назар аудартатын қаншама жұмысты байқадым. Өсу бар деген сөз. Менің мақсатым осы ғана болатын, – дейді Юрий Дмитриевич. Байқаудың қорытынды көрмесі облыстық Көркемсурет галереясында бір ай тұрады. Қолына қыл­­қалам ұстаған талапкерлердің талпынысын қызықтаушылар да көп. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ