XI Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 аясында «Азаматтық қоғам болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Панельдік сессияға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар, таяу және алыс шет елдердің сарапшылары қатысты.
Шара қатысушылары алдында баяндама жасау барысында ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанда азаматтық қоғамды одан әрі дамыту бойынша бірқатар өзекті мәселелерді қозғады.
«Қазақстан әлемдік үрдістермен бір бағытта жүріп жатыр. Мемлекет басшысы ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, кенттену қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Сондықтан да АЭФ-2018 трансформациялау аясында алғаш рет азаматтық қоғамның болашағы мәселесін қарастыруға шешім қабылдадық. Біз жаңа азаматтық белсенді әрекеттің адамдардың және мемлекеттің күнделікті өміріне қалай әсер ететінін талқылау үшін беделді сарапшыларды шақырдық», — деді Дархан Кәлетаев.
Д. Кәлетаев әлеуметтік желілердің халықтың жаппай сана-сезіміне ықпалы туралы өзінің бақылауымен бөлісті, сондай-ақ азаматтық қоғамның дәстүрлі институттары халықтың пікірін білдіру үшін жаңа желілік институтармен бәсекеге түсетініне тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернет бізге азаматтық белсенділіктің тағы бір түрін ашты — виртуалды белсенділік, мұнда кез келген адам мемлекеттік бастамаларды, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыса алады және оларды шешу бойынша сындарлы ұсыныстар жасай алады.
Министр азаматтық қоғамның жаңа трансформацияның бастаушысы болуы тиіс екенін атап өтті, бұл үшін қажетті білім алып, жаңа дағдылар мен құзыреттерді дамытып, қарым-қатынас пен коммуникация мәдениетін жетілдіру қажет.
ҮЕҰ дамуының заманауи үрдістері, әлеуметтік кәсіпкерлік және азаматтық белсенділік формалары туралы танымал сарапшылар айтып береді, атап айтқанда «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рахым Ошақбаев, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Махмұтова, «Экономика жоғары мектебі» ҰЗУ Азаматтық қоғамды және коммерциялық емес секторды зерттеу орталығының директоры Ирина Мерсиянова (Мәскеу, РФ), AlmaU университетінің ректоры Гүлмира Қорғанбаева, саясаттанушы Саясат Нұрбек.
Панельдік сессия аясында азаматтық қоғам саласында іске асырылған инновациялық жобалар мен озық тәжірибелерге арналған интерактивті көрме өткізілді.