Облыс орталығында өңірлік Ішкі істер департаменті мен мемлекеттік кірістер басқармасы бірлескен рейд өткізді. Мақсат - көлік салығы бойынша қарыздары бар автокөлік иелерін табу.
Кірістер басқармасының мәліметінше, рейд қаладағы «Ақ Отау» мейрамханасының жанында, «Ертіс» бақылау-өткізу пункті және Успен көпірінің қасында жүргізілді. Қала көшелерінде орналасқан бейнебақылау камераларының да көмегі бар. Былтыр 1,6 миллион теңге қарызы бар «Лексус» көлігі айыппұл тұрағына қойылыпты, 4 миллион теңге салық төлемеген 9 көлік арнайы авто тұраққа жіберілген. Бір тоқсан аралығында айыппұл тұрағына 10-нан 15-ке дейін автокөлік қойылады. Жыл басынан бері автотұраққа 2 миллион теңге қарызы бар 5 көлік жіберіліпті. Екеуі кейін қарыздарын өтепті. Сонымен бірге, 5 мыңнан аса жүргізушілерге ескерту жіберіліпті.
Облыстық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, көлік салығы 670 миллион теңгеге жеткен, автокөлік иелері тіпті, қолдарына салығы төленбегені жайлы ескертуді алса да, қарыздарын өтеуге асықпайды.Салық төлеу үшін бір ай уақыт беріледі. Нәтиже болмаған жағдайда, рейдттерге шығуға тура келеді. Биыл Салық Заңына өзгертулер де енгізілді. Енді көлік салығына қатысты бұйрықтарды мемлекеттік кірістер басқармасы да шығара алады. Бұл бұйрық жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Жүргізуші куәлігі алынып, әкімшілік қамауға алынуы да мүмкін.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар