Облыста еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жаңашылдығы басталды. Кейбір субсидия түрлері электронды жүйе арқылы үлестірілуде. Диқандарға ауылшаруашылық жерлерінің, егістік алқаптарының электронды картасын көктемгі егістік жұмыстары алдында аяқтау міндеттелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше,тыңайтқыштарды субсидиялау үдерісі автоматтандырылған. Субсидияның кімге қанша көлемде берілетінін мемлекеттік қызметкерлер емес, компьютерлік жүйе шешеді. Жаңа жүйеде бұрынғыдай шенеуніктер мен шаруалар арасында байланыс болмайды, жемқорлыққа жол берілмейді.
Енді иелігіндегі егіс алқаптарының электронды картасын жасамаған шаруа қожалықтары тыңайтқыштарға субсидия ала алмайды. Сондықтан, жергілікті диқандар цифрландыру жүйесіне қосылуға кірісті. Қазір көктемгі егіс жұмыстары басталды. Басқармасының хабарынша, биылғы көктем кеш келуіне орай топырақ беті әлі жыли қоймаған. Дегенмен, жұмыс басталды. Егіс алқаптарының көлемі 1 миллион 421 мың гектар. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялауға 3,1 млрд. теңге қаржы қарастырылыпты.
Шаруа қожалықтарын қолдау үшін көктемгі егіс жұмыстарына шағын несие түрінде 2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Жеңілдетілген бағамен 16 мың тонна дизель отыны берілмек, 126,8 мың тонна тұқым дайындағані. Егіс науқанына 5 018 трактор дайын. Құны 454 миллион теңгеге 23 жаңа техника сатып алған. Көктемгі егіс науқанына қажетті сапалы тұқым да, ылғал да жеткілікті.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы