Каспий жағалауында суға шомылу кезеңі басталуының қарсаңында теңізде адамдардың қаза болуының алдын алу және қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жедел-құтқару жасағымен бірлесіп, теңіз жағалауларында рейд шарасын жүргізді.
Рейд барысында қызметкерлер демалушыларға судағы өлімдердің себептері мен салдарын түсіндіріп, олардың ішіндегі басым бөлігі мас күйінде суға түсу, тыйым салынған жерлерде, балаларды қараусыз су жағасында қалдыру екенін айтып өтті. Қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы толығымен түсіндіріліп, жаднамалар таратылды. Жыл сайын суға түсу маусымында алғаш болып қауіпсіздік ережелерін сақтамай суға түсетіндер де балалар екені белгілі.
Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен суға шомылу маусымында үгіт-насихат түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы