Қарашаның соңғы жексенбісінде Алматыда «Ақ жол» демократиялық партиясының Х съезі болып, онда сайлауалды тұғырнаманың алғашқы нұсқасы тыңдалып және Парламент сайлауына түсетін адамдар тізімі белгіленген болатын.
Жалпы саны 79 адамды тізімге енгізген ақжолдық үміткерлердің арасында кәсіпорын басшылары, ірі бизнесмендермен қатар, елге барынша танымал әрі ұлт жанашыры болып жүрген талай ғалымдар мен ақын-жазушылар, журналистер, спортшылар бар. Солардың ішінде Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Исраил Сапарбай, Қазбек Иса, Бақыт Сәрсекбаев және т.б. белгілі қазақстандықтар бар.
Кеше «Ақ жол» партиясының Астанадағы Орталық кеңсесінде отырыс болып, онда съезд барысында талқыланған сайлауалды тұғырнаманың соңғы нұсқасы бекітілді. Съезде барлығы 22 адам шығып сөйлеп, ұсынылған тұғырнамаға 100-ден артық өзгерістер мен толықтыруларды қосу қажеттігін айтқан-тын. Біз солардың бәрін есепке ала отырып, сайлауалды тұғырнаманы толықтырып әрі барынша пысықтап шықтық. Енді ол сіздердің бекітулеріңізге ұсынылады, деді партия төрағасы Азат Перуашев. Сонымен бірге, ол кіріспе сөзінде Қазақстанның аз уақыттың ішінде нарықтық экономикалы елге айналып, қоғамдық, әлеуметтік тұрғыда тұрақты даму жолына түскенін атап өтті.
– Азия елдері арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттік. Қазір ядросыз әлем жолындағы халықаралық қозғалыстың көшбасшысы болып келеміз. Осының бәрі елімізді сыртқа таныту жолындағы өлшеусіз тиімді қадамдар болып отыр. Әрине, бізде барлық проблема шешімін тапты деп айта алмаймыз. Әсіресе, ауылдың болашағы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселесі бізді қатты алаңдатады, – деді төраға.
Одан әрі сайлауалды тұғырнаманың соңғы нұсқасы бойынша Орталық кеңес мүшелерінен пікірлерін айту сұралды. Алғашқы болып сөйлеген Амангелді Айталы жетілдірудің шегі жоқ екенін айта келіп, бүгінгі таңда осы тұғырнаманың жарайтындығын атап өтті. Біздің басқалардан бөлектігіміз – осы заманға сай кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде олардың ұлттық мүддені, халыққа жанашырлығын жақтау жағына үлкен мән беріп отырмыз. Сайлауалды тұғырнамада соның бәрі көрсетілген, дей келіп, А.Айталы сайлаушылар дауысын алу жолындағы күрестің кейбір әдістері туралы өзінің ойларын ортаға салды.
– Біз БАҚ мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға тиістіміз. Соның ішінде өзіміздің «Жас қазақ үні» газетінің тиражын арттырып, оның кеңінен таралуына мүмкіндік тудыруымыз керек. Америкада некрологтан басқа дүниенің бәрі сайлау үшін тамаша дейді екен. Сондықтан жеңуге мүмкіндік тудыра алатын дүниенің бәрін қолдана білуіміз керек, – деді ол.
Осыдан кейін де Орталық кеңестің бірнеше мүшесі сөйлеп, тұғырнаманың соңғы нұсқасын бекіту қажеттігін айтты. Отырыс қорытындысында «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасы бекітілді.
Сонымен бірге, осы отырыста Азат Перуашев партияның бірнеше байырғы әрі белсенді мүшелеріне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен берілген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарын табыс етті. Наградталғандардың арасында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Айталы, партия төрағасының орынбасары Людмила Жуланова, «Жас қазақ үні» газетінің редакторы Қазбек Иса, «Меланж» АҚ президенті Шолпан Жарасова және т.б. болды. Марапатталғандарды партия мүшесі, танымал әнші Кенжеғали Мыржықбаев әнмен құттықтады.
Жақсыбай САМРАТ.