Облысқа жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Мәселен, Руслан Аушев басқаратын «Арго» серіктестігі сыйымдылығы 30 мың тонна астық сыятын және күнбағыс өнімін қабылдайтын элеватор салып жатыр. Құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Яғни, күзгі жиын-терімге дайын болады. Бұл облыс диқандары үшін астық сақтаудағы бірқатар қиындықтарды жеңілдетеді.
Министр содан кейін, облыс орталығындағы алаңда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы шараға қатысты. Осы жерде облыстың мемлекеттік ветеринарлық қызмет инспекторларына Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті атынан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев облыстың 14 аумақтық ветеринарлық инспекциясы бөлімдеріне «Нива» қызметтік автокөліктерін тапсырды. Түстен кейін министр Успен ауданы Галицкий ауылындағы тауарлы сүт фермасын, облыс орталығындағы ет-сүт өнімдерін өндіретін Вячеслав Руф басқаратын «Рубиком» серіктестігін аралап көрді.
Фарида БЫҚАЙ.