Елімізде тұңғыш рет хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионатының А тобындағы бәсекелері өтетін болды. Бұл туралы Қазақстан шайбалы хоккей федерациясы хабарлады.
Федерацияның ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, әлем чемпионатын Қазақстан қабылдайтындығы туралы Копенгагенде (Дания) шайбалы хоккейдің жылдық халықаралық конгресінде белгілі болған. «2019 жылы әлем біріншілігінде ерлер арасында А тобының дивизионын қабылдауға Қазақстан мен Словения ұсыныс тастады. Дауыс берудің нәтижесі бойынша Қазақстан жеңіске жетті! Қазақстанның хоккей тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігін қабылдайды», делінген федерацияның ресми хабарламасында.
Хоккейден әлем чемпионатының 2020 жылғы элиталық дивизионында ойнау үшін А тобының құрамалары Астанадағы «Барыс Аренада» 2019 жылдың 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында сынға түседі. Онда Қазақстан, Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения және Литва құрамалары қатысады.
Қазақстан құрамасы екі жыл қатарынан бірінші дивизионнан элиталық әлем біріншілігіне өте алмай келеді. Соңғы рет отандастарымыз элиталық дивизионда 2015 жыл ойнаған-ды.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»