Мына бір фотоға көз тоқтатқан адам еріксіз бас шайқары сөзсіз. Өздеріңіз көріп отырғандай, кілемнің үстінде салмағы жеңіл балуан өзінен екі есе алыпты қапсыра құшақтап, кеудеден асырып лақтыруда.
Мәселенің мән-жайын тарқатып айтсақ, бұл оқиға 1972 жылы Мюнхен қаласында өткен жазғы Олимпиада кезінде орын алыпты. Белдесіп жатқан қос балуанның бірі, яғни салмағы жеңілі – неміс балуаны Вильфрид Дитрих де, екіншісі америкалық алып Крис Тейлор. Екі мықтының осындай керемет белдесуін таспаға тартып, тарихқа таңбалаған адам – швед фотографы. Автор бұл туындысын «Ғасыр әдісі» деп атаған екен. Расында фото осы атпен тарихта қалды.
Жалғыз белдесумен тарихта аты қалған қос алып жайлы айтсақ, салмағы 198 кило америкалық балуанды басынан асыра лақтырып жатқан Вильфрид Дитрихтің салмағы осы кезде 118 кило ғана екен. Неміс жігіті 1933 жылы туған. Еркін және грек-рим күресімен шұғылданып, спорттың екі түр бойынша аса ауыр салмақта Олимпиада және әлем чемпионаттарында өнер көрсетіпті. Нәтижелері де жаман емес. Атап айтсақ, еркін күрестен 1960 жылы Рим Олимпиадасының чемпионы, 1968 жылы Мехико Олимпиадасында қола жүлдегер атанса, 1961 жылы Йокогамада өткен әлем, 1967 жылы Ыстанбұлда өткен Еуропа біріншілігінің жеңімпазы болған. Сонымен қатар Германияның 17 дүркін чемпионы. Ал грек-рим күресінен Олимпиададан екі дүркін күміс (Мельбурн – 1956, Рим – 1960), бір мәрте қола (Токио – 1964), әлем чемпионатынан күміс (Мар-дель-Плата-1969) және қола (Толидо-1962) медаль алған, өз елінің 14 дүркін чемпио- ны. Әлемде ауыр салмақтағы балуандар арасында үзіліссіз 8 Олимпиадаға қатысқан жалғыз саңлақ. Осы жетістігі арқылы Гиннестің рекордтар кітабына есімі тіркелген тұлға.
Екінші алып Крис Тейлорға келсек, бұл азамат 1950 жылы туып, күрестің екі (еркін және грек-рим) түрімен қатар айналысқан екен. Грек-рим күресінен бірнеше дүркін АҚШ чемпионы атанса, еркін күрестен Мюнхен Олимпиадасының қола жүлдегері.
Мюнхен кілемінде екі балуанның жолы әуелі еркін күрес түрі бойынша түйісіп, В.Дитрих ұтылып 5-ші орынға табан тірейді де, қарсыласы К.Тейлор қола медальға ілігеді. Арада бірнеше күн өткен соң екі мықтының жолы қайта түйіседі. Бұл жолы грек-рим күресі бойынша сайысады. Ол кезде К.Тэйлордың жасы 22-де.
Суретте көріп отырғандарыңыздай, екі балуанның салмақ айырмашылығы жер мен көктей. Көпшілік америкалық алыптың жеңетініне күмән келтірмейді. Бірақ Дитрих олардың жорамалын жоққа шығарды. Кездесудің 4-ші минутында америкалық алыпты белінен қапсыра құшақтап кеудесінен асыра лақтырып, жауырынын жерге жапсырады.
Белдесуге куә болған журналистер «Дитрих Тэйлорға жасаған осы әдісі арқылы-ақ даңқы Олимпиада чемпионы атанған саңлақтардан асып түсті» деп жазса, жеңілген Тэйлор: «Әлі сенер емеспін, мені кілемнен жұлып алып, басынан асыра лақтыратын адам жер бетінде жоқ шығар деп ойлаушы едім, қателескен екенмін» депті.
Неміс балуаны Дитрих 1977 жылы үлкен спортпен қоштасып, 1992 жылдың 3 маусымында 58 жасында Оңтүстік Африкада өмірден озса, суреттегі екінші тұлға К.Тейлор спорттық бабы таймаған 29 жасында жүрек талмасынан қайтыс болыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»