Өзгелердің есебінен жергілікті бюджеттің қоржынын толтыруды көздеген петропавлдық шенеуніктердің әрекеті тұрғындарды аң-таң қалдырып отыр.
«Естімеген елде көп» деген рас-ау! Бір бөлмелі пәтерді сатуға конкурс жариялаған Петропавл қаласы әкімдігінің қызметкерлері оған әкелерінің құнын сұрап, айды аспаннан бірақ шығарды. Нарықтағы бағасы әрі кетсе 5 миллион теңгені құрайтын баспананы 33 миллион теңгеге пұлдағанын естіген жұртшылық сенер-сенбесін білмей дал.
Хабарландыруды әкімдіктегілер мемлекеттік сатып алу жарнамаларын орналастыратын сайтта жариялап, айналаны у-шуға бөлеп жіберді. Бір бөлмелі пәтердің құны 33 миллион теңгеден аспауы тиіс деген талаптың қайдан алынғаны белгісіз. Олардың түсіндіруінше нарықтағыдан бақандай алты есе қымбат баспананы қызметтік орын ретінде пайдаланбақшы көрінеді екен. Кімдер үшін екені ашып айтылмайды. Бір ғана белгілісі–қазына қаржысының бей-берекетсіз жұмсалатыны ғана.
Қала әкімінің оынбасары Сәния Исмаилова мұндай хабарландырудың сайтта орналасқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша пәтер күрделі жөндеуден өтуі және жихаздармен толық жабдықталуы, аумағы 80 шаршы метрден кем болмауы болуы тиіс.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы