Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ресми сапармен Мәскеуге келді. Сапар барысында Мәжіліс Төрағасы Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Спикері Вячеслав Володинмен келіссөз жүргізіп, Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның оныншы отырысына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге Мемлекеттік Думада «Қазақстан – Ресей ғасырларға жалғасқан достық» көрмесінің ашылуы болды.
Парламент палаталары басшыларының кездесуіне Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты сөз еткен Мәжіліс Төрағасы жоғары деңгейдегі кездесулер мен жеткен жетістіктер стратегиялық әріптес саналатын қос мемлекеттің өзара іс-қимылының жарқын үлгісіне айналғандығын атап өтті.
Н. Нығматулиннің пікірінше, біздің елдеріміз арасында сенімді саяси үнқатысу орнап, терең экономикалық байланыстар артқан, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жыл сайын нығайып келеді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, бұл – Қазақстан мен Ресей басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің өзара түсіністік пен достыққа негізделген бірлескен тиімді жұмысының нәтижесі.
Н.Нығматулин екі ел басшыларының келісімдерін заңнамалық тұрғыдан қолдауға ерекше назар аударды.
Мемлекеттік Дума Төрағасы Мәжіліс делегациясының ресми сапарының маңыздылығына тоқталды. Бұл – соңғы 10 жылдағы алғашқы сапар. В.Володин қазақстандық және ресейлік депутаттардың бүгінгі кездесулері парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
Қазақстан-Ресей байланысын дамытудың өзекті мәселелері Мәскеуде өткен екі ел парламенттері палаталарының басшылары Нұрлан Нығматулин мен Вячеслав Володин қатысқан Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның 10-отырысында одан әрі жалғасты.
Күн тәртібінде шекаралас ынтымақтастықтың перспективалары, көлік және логистика, инновацияны және экономиканы цифрландыру мәселелері талқыланды. Осыған орай Н.Нығматулин инновациялық технологияларды енгізу, экономиканы цифрландыру Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Цифрлы экономиканы дамытуды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды заңдық тұрғыдан қолдау екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға жол ашады.
Екі елдің тату көршілік қарым-қатынасын Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин және Мемлекеттік Дума Спикері В.Володин қатысқан «Қазақстан және Ресей: ғасырларға жалғасқан достық!» көрмесіне қойылған суреттер айшықтай түсті. Н.Нығматулин көрменің ашылуында сөйлеген сөзінде:
– Көрменің тақырыбы да, оған қойылған экспонаттар да Қазақстан мен Ресейдің 25 жыл ішінде жүріп өткен тарихи жолынан сыр шертеді. Біздің елдеріміздің басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путиннің салиқалы саясатының арқасында Қазақстан мен Ресей ең жақын, ең бауырлас елдер ретінде бүгінгі күні мемлекетаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл біздің бүгінгі және болашақ табыстарымыздың кепілі. Осы жолда парламентаралық байланыстың да рөлі өте зор, – деді.
Өз кезегінде Мемлекеттік Дума Төрағасы көрме ортақ тарихымызды еске алып, болашаққа байлам жасаудың тамаша көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл сапар біздің әріптестік мүмкіндігіміздің зор екенін көрсетеді. Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның жұмысы өте маңызды. Әсіресе, біздің елдеріміз басшыларының келісімдерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолында өзектілігі жоғары, – деді В.Володин.
Көрмеде Мемлекеттік Думаның XX ғасыр басындағы бірінші және екінші шақырылым жұмыстарының мұрағаттық суреттері қойылған, ол жұмыстарға қазақ депутаттары да қатысқан болатын.
Ал ортақ тарих туралы Ұлы Отан соғысы, тың игеру кезеңіндегі ерліктер, Байқоңырдан ғарышқа алғашқы сапар жайындағы естелік қойылған.
Көрменің ашылуына қатысқан алғашқы әйел-ғарышкер, қазірде Мемлекеттік Дума депутаты Валентина Терешкова Қазақстан Президентіне деген ыстық ықыласын жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Біздің елдеріміздің тұрғындары ең алдымен, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айрықша ілтипатпен және құрметпен қарайды. Мен де өз халқының игілігі үшін қызмет ететін әйгілі мемлекет қайраткерін зор құрмет тұтамын, – деді.
Сондай-ақ көрмеде екі мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан орнаған қарым-қатынас жайында мағлұмат беретін естеліктер бар. Ол суреттерден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенттерімен кездесулері кезінде маңызды стратегиялық құжаттарға қол қойып жатқан сәттерін, Еуразиялық интеграция туралы алғаш рет жария еткен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де сөз сөйлеген сәттерін көруге болады.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еуразиялық идея – ол тек идея ғана емес, ол – жүзеге асқан бағдарлама. Біз Еуразиялық одақсыз сенімді, тұрақты болашақты қамтамасыз ете алмайтынымызды түсінуіміз керек. Сондықтан Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Мемлекеттік Думаның осы идеяны жүзеге асыру жолында бірлесе іс-қимыл жасайтыны құптарлық, – деді «Ресей Федерациясы Коммунистік партиясы» фракциясының жетекшісі Геннадий Зюганов.
Көрме барысында, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның айшықты белгісі – Астанаға да айрықша назар аударылған. Көрмеге қойылған Астананың даму қарқыны мен көз тартар сұлулығынан сыр шертетін суреттер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Осы орайда Мемлекеттік Дума депутаты Ирек Зиннуров:
– Назарбаев – нағыз Көшбасшы. Сондықтан да сіздердің елде болып жатқан барлық өзгерістер тікелей Президенттің атымен байланысты. Бұл Астанаға да қатысты деуге болады. Мен ол жерде бұрын да болғанмын, кейін де бардым. Бұл – ертегі қала, – деген пікірін білдірді.