• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2018

Рух көтерудің жолы

1128 рет
көрсетілді

Кейінгі өскелең жас ұрпақты патриот­тық рухта қалай тәрбиелейміз, ертеңгі ел қорғар өрендеріміздің бойына отаншылдық пен патриотизмді, елге, жерге деген сүйіс­пен­шілік сезімін  қалыптастырып, келешекте ержүрек, батыл болып өсулері үшін не істеуіміз керек деп,  жастардың ертеңгі тағдыры мен таңдауына жиі бас ауыртып, жанымыздың жабырқап жататыны рас.

Осы ретте «Тәрбие басы – талбесік» демекші, олардың санасына мұндай асыл қасиеттерді барынша сіңіре білу үшін нені қолға алған жөн дегенде, біріміз отан­шылдық рухта жазылған кітаптарға жүгі­ну керек десек, ал енді тағы біразымыз отан­дық мультфильмдер мен патриоттық фи­льм­дерді қолға алмай істің ілгері бас­пай­тынын алға тартып жататынымыз бар.

Мұны айтып отырғандағы ойымыз, жақында халқымыз Жеңістің 73 жылдығын мерекеледі. Бұл жердегі әңгіме Жеңіс күнін кімнің қалай тойлағанында емес, 9 мамыр мейрамын және соған орай түсірілген фильмдерді ұлттық мүддемізге қалай пайдалана алып жүрміз, насихатталуы, дәріптелуі қай деңгейде деген өте бір өзекжарды мәселе туралы болып тұр. Кешегі отты жылдардың жаңғырығындай әсер қалдыратын жарықтық қарттардың қатары болса жылдан-жылға сирексіп, тіпті ауылды жерлерден көзі тірі бірін таба алмайтындай жағдайға тап болып отырғанымыз тағы ақиқат. Алайда мұнымен екінші дүниежүзілік соғыс туралы барлық шындыққа көз жеткізіп біттік, деп қарсы шапқан жауын сан соқтырып, сағы сынбаған өжет жауынгерлердің сұрапыл соғыстағы ерлігі мен қаһармандық бейнесі туралы әңгімені орта жолдан шолт кесіп тастауға тым ерте, әлі тарихтың қатпарынан қазып алып үлгермей жатқан қазынамыз қаншама.

Мұны тілге тиек етуіміздің себебі неде?

Әдетте, телеарналардан соғыс туралы фильмдердің негізінен Жеңіс күні құрме­ті­не орай көрсетіліп жатуы – ежелден қа­лып­­тасқан дәстүр. Осыған орай мереке күн­де­ріндегі фильмдерді шолып шыққан жайымыз бар. Сонда байқағанымыз, отандық кинематографистердің жаңадан түсірген бірде-бір тұшымды дүниесін кездестіре қоймадық, ал Ресей телеарналары биыл Жеңіс күні құрметіне бес фильмнің премьерасын ұсыныпты. Олар «Балта» («Топор»), «Қалайда тірі қалуы тиіс» («Остаться в живых»), «Жаужүрек» («Один в поле воин»), «Со­ғыс уақытының заңы бойынша» («По зако­­нам военного времени»), «Үзілген махаббат хикаясы» («На пороге любви») деп аталады. Кино өнері мамандарының құлағына алтын сырға, бір айта кетерлігі, олардың қазіргі тү­сіріп жүрген фильмдеріне қарасаңыз, Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қазақтың еш қатысы жоқ-ау деген ойда қалуыңыз ғажап емес...

Неміс басқыншыларына қарсы соғыс туралы сөз қозғағанда, белгілі режиссер Мәжит Бегалин ағамыздың «Мәскеу үшін шайқас» (1967 ж.), «Мәншүк туралы ән» (1980 ж.), Болотбек Шәмшиевтің «Мергендер» (1985 ж.), Лейла Аранышеваның «Пантераның үш рет қарғуы» (1986 ж.), Александр Кар­пов­тың «Ана туралы аңыз» (1963 ж.), Шәкен Аймановтың «Атамекен» (1966 ж.), Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шақтың кермек дәмі» (1983 ж.), Алексей Горловтың Жеңістің 70 жылдығына арналған телесериалы мен  Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» (2016 ж.) сияқты саусақпен санарлықтай ғана фильмдер шоғыры жадымызға оралады. Ұмытпасақ, қазақтар Ресей мен Украина кинематографистерімен бірлесіп соңғы рет, осыдан 4-5 жыл бұрын Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыз жайында бір фильм түсірді. «Хабар» арнасының бастамасымен режиссер Ақан Сатаев ұсынған «Бауыржан Момышұлы» атты минисериалдың экранға жол тартқанына да шамамен соншама уақыт өтті. Бұл хикаяттың жалғасын күткен едік, алайда әзірге «осындай сериал қолға алынып жатыр, жалғасы бар» деген әңгімені құлағымыз шалмағанына қарағанда, жақын уақытта бұл істің жүзеге асырыла қоюы екіталай-ау. Шіркін әйтпесе, батырлығы бір-бір кино­эпопеяға татитын қаһарман қазақ аз ба бұл соғыста шайқасқан.

Бұл жерде біреулер соғыс туралы фильмнің енді бізге керегі қанша, кейінгі жас ұрпақты бұлар қызықтырмайды деген уәжді алға тартуы мүмкін. Ал әлгі Ресейдің жоғарыдағы бес фильмі бізді басқаша ойға жетелейді. Көркемдік сапасы, түсірілу жағы, актерлер ойыны соншама жоғары деңгейде деп айта алмай­мыз. Ал бірақ бұлардың бәріне ортақ бір мықты идея бар. Бұл – орыс солдатының соғыстағы асқан ерлігі мен қаһармандығын көрсету, жастарды патриотизмге баулу, «бұрынғы ел қорғаған орыс жауынгері міне, осындай ешкімнен қаймықпайтын ержүрек болған» дегенді баланың санасына кішкентай кезінен сіңіре беру үшін жасалып жатқан шара. Бұларды тамашалап отырған адам расында мына соғыста фашизмге қарсы олардан басқа бірде-бір халық ерлік жасай қоймаған екен-ау деп қалуы ғажап емес.

Тағы бір айта кететін жайт, орыс фи­льм­дерінде өзге ұлттар аспаз, болмаса қа­тардағы қарапайым жауынгер тәрізді жәй екінші қатардағы қосалқы рөлдерде ой­найды. Бұлай етіп түйіндейтіні  үшін ре­сей­лік кинематографистерді жазғырғалы отыр­ған жоқпыз. Өйткені кино өнері – идео­логия құралы. Ресейде жыл сайын соғыс ту­ралы фильмдердің үздіксіз түсіріліп, пре­мь­ералардың жыл бойына жалғасып жататыны со­дан болса керек-ті. Осыны тәрбиенің мықты қаруы ретінде дұрыс пайдаланып отырған мұндай елден тек үлгі алу ғана қалып тұр.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»