Қостанай облысында 29 киелі орын белгіленіп, олардың картасы жасалды. Солардың арасында 10 қасиетті орын: Торғай геоглифтері, Қамысты мекені, Екідің діни ескерткіші, Барақ, Жәуке, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып, Әбдіғапар хан, Кейкі батыр кесенелері, сонымен қатар Амангелді батыр жерленген орын ұлтымыздың мақтанышы деуге негіз бар. Ал тарихи мазмұны кейінгі ұрпаққа мұра боларлық 19 киелі орынның да рухани маңызы жоғары. Олардың арасында ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен үй де бар. Оның орналасқан жері Жангелдин ауданындағы «Ахаңның Ақкөлі» атанған Ақкөл көлінен, сол жердегі Қарасу мен Южный ауылдарынан алыс емес. Сол маңда Байтұрсынның әкесі Шошақ әулетінің қорымы да жатыр.
Шамамен ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған үйдің біздің уақытымызға тек іргетасы ғана жеткен болатын. Арқалық қаласындағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Елена Цвентух ханымның бастамасымен 2009 жылдан бері Ахмет туған өлкеге қатарынан бірнеше рет танымдық экспедиция жасалған болатын.
– Бұл жерде Ахаңның әкесі Байтұрсынның кенже інісі Мәшеннің шымнан салынған қыстауы болған. Сиыр қоралары бертінге дейін сақталған. Ахаң осындағы қоржын үйде туған екен. Оның қабырғасы 1974 жылға дейін сақталған. Ауыл ақсақалдары ол кезде «Ахаңның үйі ғой» дегенді сыбырласып айтады екен, – дейді осы төңіректің тарихын қолмен қойғандай білетін, Ахаң әулетінің шежіресін «Бабамыз бекзат данышпан» деген кішкентай кітапшаға сыйдырған Ибрагим Ағытай ақсақал.
Расында, Ахмет Байтұрсынов туған бұл үйде өткен ғасырдың 50-ші жылдары осы айналадағы шаруашылықтың қойшылары тұрыпты.
– Біздің экспедиция ең алғаш 2009 жылдың жазында келді. Ол кезде үй іргетасының нобайы ғана қалған екен. Ауыл ақсақалы, осы үйде 50-ші жылдары тұрған Қадыржан Бөрібаев ақсақалды ұйып тыңдадық. Ол кісі «саманнан құйылған кесектен өрілген қоржын үй» деп суреттеген еді, – дейді Арқалық қаласындағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының орынбасары Игорь Роговой.
Ахмет Байтұрсынов туған үй Южный мен Қарасу ауылдарының қақ ортасында орналасқан. Екі жағына да 3,5 шақырым жерде тұр. Екі ауылдан Манат Уәлин, Балғабай Қалиев, Жетпісбай Қадырханов, Бәлдік Бекетов сияқты жігіттер білек сыбанып шығып, асар ұйымдастырады да, Қадыржан ақсақал сызып берген жобамен бір жазда үйді салып үлгереді.
– Үй қайта тұрғызылғаннан кейін, 2011 жылы жазда біздің экспедиция тағы да келді. Үйдің ішіне кілем, көрпеше төселіп, ауыл тұрғындары ас берді. Балалар Ахметтің өлеңдерін оқыды, мен айтып жеткізе алмайтын керемет әсерлі отырыс болды. Сол жолы ауыл ақсақалдарының көзіне жас алғанын көрген едім. Содан кейін Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығы мен «Қазақ» газетінің 100 жылдығында да осы үйде басқосу өтті, деп жалғастырады әсерін Игорь Иванович.
Бірақ уақыттың көшіне саман үй төтеп берер емес. Ахаң ұрпақтары қалпына келтірген үйдің тағы да тозығы жетіп тұр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстағы киелі орындарды жөндеп, қалпына келтіруге демеушіліктен тартылған 88,5 миллион теңге қаржы жұмсалатынын айтты. Биыл Ахмет Байтұрсынов туған үйге, Барақ батырдың кесенесіне және Қасиетті Никольский шіркеуіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ахмет ұрпақтарының бірі Ибрагим Ағытай аға Ахаң үйінің жобасын мамандарға айтып отырып жасатып та қойыпты. Үй дайын болғанда оған келушілер де көп боларына ауылдастардың сенімі мол.Торғайдағы Ақкөл маңына табаны тиген кім болса да: «Ахаң үйіне тізе бүгіп шығайық» деп қалайша айтпас екен? Игі хабар қазақ даласына қуанышпен тарап жатыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазқстан»
ҚОСТАНАЙ
Суретте: Ахмет туған үй орнында қалған кесек