Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын іске асыру аяқталды. Осы жылдары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға қаржыландырудың барлық көздерінен 976,0 млрд. теңге бағытталды.
Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде атқарылған бұл жұмыстар ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға жағдайлар жасайтын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауылдардың орналасуын үлгілеу және мамандардың табысын арттыра отырып, оларды ауылдарда тұрақтандыру жөніндегі шаралар кешенін қамтиды.
Ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың нысаналы индикаторларының бірі даму әлеуеті жоғары ауылдардың санын арттыру болып белгіленді. Ауылдық елді мекендердің 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына жүргізілген мониторинг әлеуеті жоғары АЕМ санының өсу үстінде екендігін көрсетті. Мәселен, 2004 жылмен салыстырғанда даму әлеуеті жоғары ауылдардың саны 1409 бірлікке көбейе түскен екен.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында ауылдық елді мекендерді білім беру нысандарымен қамтамасыз ету деңгейі өсіп, ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның ішінде бірыңғай ақпараттық кеңістік құру үшін ауылдық білім беру ұйымдарын Қазақстанның бірыңғай білім беру жүйесіне телекоммуникациялық желілер және интернет арқылы қосу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылды.
Ауылдарды денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз ету көрсеткіші жақсарып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, ауылдық учаскелік және аудандық орталық ауруханалар олардың емханалық бөлімшелерімен бірге бекітілген нормативтерге сәйкес медициналық құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөлікпен қамтылды. Аудандық және облыстық орталық ауруханаларда халқының саны аз шалғай орналасқан елді мекендерге қызмет көрсету үшін штаттық жылжымалы дәрігерлік амбулаториялар құрылды. Ауыл халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдардың тәжірибесіне телемедицина енгізілді.
Орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар ауылдық елді мекендердің үлесі 13 пайызға өсіп, ондағы ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Ал тасымалды суды пайдаланатын ауылдардың саны 517-ден 189 бірлікке дейін кеміді. Орталықтандырылған электр қуатына қосылмаған ауылдардың саны азайып, табиғи газбен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендердің саны артты. Барлық ауылдар телефон байланысымен қамтылды. Ауылдарды заманауи телекоммуникациялық қызметпен қамтамасыз ету үшін каналдар санын көбейте отырып, шалғай аудандарда «Дама» спутниктік жүйесі енгізілді. Бүгінгі күні еліміздің барлық ауылдары радиохабарлармен және телекөрсетіліммен қамтылған. Осы жылдары ауылдық пошта байланысының материалдық-техникалық базасы едәуір күшейтіле түсті.
2009-2010 жылдары «Жол картасы» бойынша ауылдық жерлерде мәдениет нысандарына, кентішілік жолдарға, суару каналдарына, білім беру, денсаулық сақтау нысандарына және жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген ауылдар абаттандырылды.
Ауыл халқын оңтайлы жайғастырудың үлгісін әзірлеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Олардың шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан 50-ден астам нормативтер мен әдістемелік ұсынымдар әзірленді, статистикалық есеп нысандарына өзгертулер енгізілді. Әрбір ауыл бойынша ауыл тұрғындарының табыстарының көрсеткіштерін статистикалық есепке алу жөнге келтірілді, олардың әлеуетті сыйымдылығы анықталды.
Осы жылдары ауылшаруашылық өндірісін дамыту үшін қолданылған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік көрсеткіштері елеулі өсті және бұл ауыл тұрғындарының табысының өсуіне оң әсер етті. 2010 жылы ауылдық жерлерде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 10,5 пайызды құрады, бұл 2004 жылғы көрсеткіштен 3 есе төмен. Жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға төмендеді.
Осы шаралардың ықпалымен ауылдық жерлерге келетін әлеуметтік сала мамандарын мемлекеттік қолдаудың заңнамалық негізі де жасалды. 2009 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың тарапынан көтерме жәрдемақы төлеу мен тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беру түріндегі әлеуметтік қолдау шараларының топтамасын ұсыну арқылы ауылдық елді мекендерге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарын тарту және оларды тұрақтандыру бойынша шаралар қолданылуда.
2011 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ауылдық жерлерге барлығы 14 110 маман келді. Олардың 10 666-сы немесе 76 пайызы – ұстаздар, 2 727-сі (19%) – денсаулық сақтау мамандары, 450-і (3,5%) – мәдениет қызметкерлері, 149-ы (1,3%) – спорт мамандары, 118-і (0,7%) – әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің мамандары. Олардың бәріне әлеуметтік қолдау көрсетілді. 2011 жылдың соңына дейін ауылдарға тағы да 4 500 әлеуметтік сала мамандарын тарту жоспарлануда.
Соңғы 3 жыл ішінде ауылға мамандардың көптеп келуі өткен жылдардың көрсеткіштерімен салыстырғанда едәуір өскендігін көрсетеді. Атап айтқанда, ауылға келіп жұмысқа тұрған ұстаздардың саны 1,8 есеге, дәрігерлердің саны 2,7 есеге өскен. Оларға берілетін бюджеттік несие мөлшері 630 еселік айлық есептік көрсеткіштен 1500 еселік айлық есептік көрсеткішке көбейді.
Ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мәселелері жаңадан қабылданатын мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар аясында одан әрі іске асырылатын болады.
Санат ТҰҢҒЫШБЕКОВ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері комитетінің төрағасы.