• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2018

Мемлекет басшысы V Ха­лықаралық «KADEX-2018» көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты

502 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев V Ха­лықаралық «KADEX-2018» қа­ру-жарақ және әскери-тех­ни­калық мүліктер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.

Әлемнің 40 елінің ресми делегациясы, шетелдік 108 кәсіпорынның басшылары келген көрменің ашылу салтанатында Елбасы аталған іс-шараның бас­ты ерекшелігі ретінде «Қазақстандағы ғарыш күндері» форумын атады.

– Бесінші рет өткізіліп отырған ай­тулы іс-шара биыл Аста­на­ның 2 0 жылдығымен тура келіп отыр. «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумның ұйымдас­тырылуы – биылғы көрменің басты ерек­шелігі. Мұнда әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылды. Бүгінде «KADEX - 2018» халықаралық көрмесі қару-жарақ және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әлемдік маңызы бар шараға айналды. Әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін осы көрмеге ұсынып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешенінің және ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатын болады. Бұл ретте электрондық жүйе байланысы, қару-жарақты басқару жүйесін дамыту ісіне баса мән берілген. Ақпараттық қа­уіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесіне де назар аударылды. Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге сеп­ті­гін тигізеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті, сондай-ақ шараға қаты­сушылар арасында өзара тиімді келі­сім­шарттар жасалуына тілектестігін жеткізді. Көрмеге қатысушылар мен ұйым­дас­тырушылар жұмысына зор табыс тілеп, ел үшін пайдалы, әріптес­тер үшін тиімді шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіре отыра, қазақстандық тараптың көрмені өткі­зуге қолдан келетін барлық шараны жаса­ғандығын атап өтті.

– Өздеріңіз де білетіндей, біздің елі­міз таяу және алыс елдермен тату көр­шілікті нығайтуға бағытталған бейбіт­сүйгіштік саясат жүргізіп келеді. Деген­мен әлемдегі бүгінгі жағдай барлық ел­дерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр. Біз де ҰҚШҰ аясында дәл осыны жасауға ұмтыламыз. Онымен қоса, Қарулы Күштерді қауіпсіздік сала­сын дамыту – мемлекеттің басым ба­ғыт­тарының бірі. «KADEX - 2018» – Орталық Азия өңіріндегі жалғыз көрме. Осы жылдардың ішінде ол ауқым­ды оқиғалардың, қорғаныс әлеуетін нығайту мен елдер арасындағы әскери-өнер­кәсіптік ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңдарының біріне айналды. Жаңа технологиялық дәуір қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, экономиканы одан әрі жаңғыртуда да аталған саланың айрықша маңыздылығын айқындайды, – деп атап көрсетті Елбасы.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар биыл қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесін алғаш рет жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырғандығын да айтып өтті. Елбасы қазіргі геосаяси тұрақсыздық дәуірінде аталған көрменің мазмұны мен мәні өзекті екендігіне тоқталды.

Президент өз сөзінде отандық және шетелдік қорғаныс саласы кәсіп­орындарының алдыңғы қатар­лы өнім­дері, ғарыштық саланың озық жетістік­тері көрсетілетін көрме ая­сында халық­аралық коопера­цияның, әріптестік­тің дамуына жол аша­тын іскерлік келісімдердің, келісімшарт­тар­дың жасала­тындығына сенім білдірді.

– «KADEX-2018» көрмесі елімізге инвес­тиция тартуға, экспорттық әлеуе­тіміз­ді арттыруға ықпал етіп, эконо­ми­каның тұтастай алғандағы бәсекелес­тікке қабілеттілігін арттыра түседі. Көр­ме­нің қорғаныс өнеркәсібі кешенінің көк­жие­гін кеңейтіп, жоғары деңгейде өтетін­дігіне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасының құттықтау сөзінен соң көрменің туы салтанатты жағдайда көтеріліп, соңы Қазақстанның әскери-ғарыштық әлеуетін айшықтайтын шоу көріністермен жалғасты.

Әлбетте, еліміздің ғарышты игерудегі үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды. Алдымен ғарышқа жол салған Бай­қоңырдың бәсі бәрінен биік. Бүгінде осы теңдессіз кешеннің игілігін әлем көріп, оны игеруге еліміз де құлшына кірісті. Ал ғарышқа үш ұланын ұшырған ұлттардың өзі әлемде кем де кем. Осы және басқа да жетістіктердің барлығы көрме сахнасында көрініс тапты.

Елбасы көрменің ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының, Ресей мен Қытайдың павильондарын аралап көрді.

Ал енді жаһанның назарын аударған көр­меге тоқталар болсақ, көрменің алаңқайы­нан құдды бір адамзат қиялын­дағы техникалардың шындыққа айналып, күнделікті қолданысқа енгендігіне көз жеткіздік.

Жалпы, «KADEX-2018» халық­ара­лық көрмесіне ресми делегацияларын жі­берген Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Арме­ния, БАӘ, Түркия, Иордания, Әзер­байжан, Египет, Израиль, Италия мен Моңғолияның әскери-өндірістік салада осал еместігін ешкім жоққа шығармайды.

Ал экспонент ретінде аталған көрмеге қатысуға ниет білдірген Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Из­раиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланд, Ресей Федерациясы, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кә­сіп­орынның өнімдері – осы сала­ның озық үлгілері екені де дау тудырмас.

Тағы бір атап өтерлігі, «KADEX» халық­аралық көрмесі 2010 жылдан бері тұ­­рақты өткізіліп, осы уақыт аралы­ғын­да қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндіру­шілер мен тұтынушылар арасын­дағы оңтайлы байланыс орнату мен да­мытуға қолайлы жағдай жасау және қорғаныс күштерін технологиялық тұр­ғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжі­рибе алмасу үшін тиімді алаңға айна­лып үлгерді. Бұл сөзімізді аталған көр­меге қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ға­рыш саласындағы отандық жә­не шетел­дік кәсіпорындар, жетекші конс­трук­торлық бюролар, ақпараттық қауіп­сіздік саласы бойынша ғылыми-зерт­теу институттарының қатысуының өзі дәлелдей түседі.

Көрмеге жер-жаһаннан жиналған қо­нақтар алдымен еліміздің Қарулы Күш­тері Әуе қорғанысы күштері авиациялық техникасының үлгілік өнер көрсетулерін тамашалады. Небір алып әуе кемелерін төмен құлдилатып, көкте шиырып, өршелене шарықтатқан қазақ қырандары шетелдік қонақтарға таңдай қақтырды. Сол сәттегі ұшқыштардың шеберлігі мен ширақтығы ұрыс өнерінің шарықтау шегі екендігі анық.

Осы жерде биылғы жылы көрмеде 10 павильонның жұмыс істейтіндігін, оның ішінде Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, отандық «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Пара­маунт инжиниринг» ЖШС, «Қазтех­нология» АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған «Ғарыш» атты дербес павильонның алғаш рет шығарылғандығын айтып өту керек.

Сонымен қатар көрме алаңында 124 бірлік құрлық техникасы, 18 бірлік әуе және ұшқышсыз басқарылатын техникалармен танысу мүмкіндігі жасалған.

Ең бір атап өтерлігі, көрмеге келушілер 2015 жылдың 12 қыркүйегінде еліміздің үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті қазақ даласына сәтті қондырған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің дәл өзімен таныса алады. Павильонның орталық бөлігінде «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» жерді қашықтықтан зондтау серіктерінің 2 макеті қойылған.

Көрмеге қатысушы Семей машина жасау зауыты көпшілік назарына автомобильдер мен арнайы техниканың үлгілерін шығарған. Көрменің алғашқы күні-ақ әлеуетті тапсырыс берушілер мен қатысушылар кәсіпорынның шынжыр табанды тасымалдау-тартқышын (ШТ-Т) көріп, экологиялық басымдығына, құры­лымының қарапайымдылығы, жөндеуге жарамдылығымен ерекшеленетіндігіне және құмды жерлерде төмен жүктеме қабілетімен күрделі климаттық жағдай­лардағы жұмыстарға пайдалануға арнал­ған көрсеткіштеріне көз жеткізді.

Ал көрмедегі басты кәсіпорындардың бірі – «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС – еліміздің қорғаныс өнер­кәсібі көш­басшыларының бірі болып отыр. Кәсіпорын шығаратын «Барыс» броньды машинасының 6х6 және 8х8 дөңгелекті формуласындағы үлгілері, со­нымен қатар 4х4 дөңгелекті формуласын­дағы «Арлан» және «Алан» броневиктері де көрмеге келушілер назарына ұсы­нылды. Егер «Барыс 8х8» «KADEX-2016» көрмесінде ресей­лік «АУ-220М» жауынгерлік моду­ліне орналас­қан 57-мм автоматты зең­­бірегімен көр­сетілсе, осы жылы БДМ отандық өнді­руші «КАЕ» ЖШС әскери мо­дулімен көр­меге қойылған.

Зауыт­тық және көрсеті­лімдік екі жылдық сынақ­тардың нәтижесінде «Барыс 8х8» бірқа­тар конструк­торлық, техникалық және так­тикалық өз­герістерден өткізілген. Көр­менің қонақ­тары ең танымал қазақ­стандық бронь­ды машина – «Арланмен» қатар, алғаш рет көп мақсатқа арналған «Алан» маши­насымен де танысты. Бұл көлік әртүрлі құқықтық тәртіпті сақ­тау, арнайы жа­сақ және айрықша әре­кет ету тобы­ның операциясына, ішкі қауіпсіздікке, шекараны шолғындауға және қарулы қақ­тығысты жоюға арнал­ған. Кәсіпорын­ның бізбен тілдескен өкілі, жоба инженері Данияр Айтқұлов биыл көрмеге «Қазақ­стан Парамаунт инжи­ниринг» кәсіпор­нының барлық өнімдері шығарылғандығын атап өтті.

– Бұл көрме арқылы барша әлемге Қазақстанда жоғары деңгейдегі маши­на­лардың жасалатындығын паш етеміз. Сондай-ақ жаңа тапсырыстардың бола­тындығына сенімдіміз. Осы жердегі кез­де­сулерден соң өнімдерімізді экспорт­қа шығаруға талпыныс жасай­мыз. Өйт­кені экспортқа шығу үшін осыдан екі жыл бұрын кәсіп­орын­ның баянды та­рихы мен тәжірибесі же­тің­кіремеді. Қазір осы уақыт аралы­ғында төрт құбыламызды түгендеп алдық, – дейді Д.Айтқұлов.

Ал Көкшетау қаласында орналасқан «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қал­манбаев «KADEX-2018» көрмесіне авиа­циялық саладағы өнімдерді жеткіз­ген­діктерін және бұл өнімдер қазіргі уақытта Ресей, Беларусь елдерінде кең сұ­ранысқа ие екендігін атап өтті. «Ты­ныс­тың» ұсынатыны – 100 пайыз отандық өнім. Сондай-ақ кәсіпорын жеке сақтандыру амунициясы, брондалған күртеше, брондалған қалқанның озық үлгілерінің де өндірісін жолға қойған.

– «Болашақтың жауынгері» атты жобамыз да қазір сұранысқа ие болып отыр. Бұл жоба түнгі дүрбілер, нысана көздеу жабдықтарымен толықтырылды. Көрме­нің алғашқы күнінде Иордания Король­дігімен келісімге қол жеткіздік. Ресейлік компаниялар да жаңа жобалар бойынша келісім жасауға мүдделілік білдіруде, – деп атап көрсетті Қ.Қалманбаев.

Сөз орайы келгенде кәсіпорынның авиация саласындағы өнімдеріне бәсе­келестік жоқтың қасы екендігін және өзге өнімдер бойынша отандық кәсіпорынның тек сапалық көрсеткіштер бойынша озық тұрғандығын айта кету керек. Демек «KADEX-2018» көрмесі «Тыныстың» тынысын аша түсетіндігіне еш күмән жоқ.

Ал оралдық «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнело­ме­довтың сөзіне қарағанда, аталған кәсіп­орынның 40 жылдық тарихында әс­кери-әуе күштерінің керек-жарағын, су көліктерін жасауда елеулі табыс­тарға қол жеткізген. Шағын кемелер, маман­дандырылған техникалар, сүңгуірлердің құрылғылары қазір Қарулы Күштер жасағының құрылымдарында кеңінен пайдаланылады.

– Қазір шетелдік тұтынушылармен байланысымыз жолға қойылған деп айта алмаймыз. Алайда бізге ең алдымен отандық тұтынушылармен байланысты жетілдіру қажет. Өнімдерімізді жер­гілікті құрылымдар көптеп алса – мақса­тымызға жетеміз. Ал бұл үдеден шығу­ға «KADEX-2018» көрмесінің пайда­сы тие­ді деп ойлаймын, – дейді А.Гнело­медов.

Жалпы, Астана қаласының 20 жыл­дығына тұспа-тұс келген «KADEX-2018» көрмесі жаңа форматта өтуде. Көр­менің ғылыми-іскерлік бағдарламасы аясын­да алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумын және «Cyber and Digital Security», «Advan­ced Def Tech» конференцияларын өткізу қарастырылған. Оның бірін­ші күніндегі жиынға қорғаныс өнер­кәсібі кешенінде жұмыс істейтін компа­ниялардың өкілдері, Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь және басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен конструктор ұйымдарының мамандары қатысты. Олар әскери-техникалық ынтымақтастықты тиімді дамытудың өзекті мәселелері, қорғаныс-өнеркәсіптік саланы жаңғыртудың стратегиясы мен тетіктері, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ көрменің алғашқы күні шетелдік құрметті қонақтардың қаты­суымен «Қазғарыштың» 25 жылдығына арналған «KADEX - 2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрқалыбы соғылған пошталық марканы соғу салтанаты өтті.

Сонымен бірге «KADEX-2018» көрмесі көпшілік үшін аралауға 25-26 ма­мыр күндері аралығында ашық бола­тын­дығын айта кеткен жөн. Онда кез келген адам марка мен пошта мөрқалыбы соғыл­ған конверт, жеке түтікке, сыйлық қорап­шаларына салынған ғарыш тамақтарын естелікке ала алады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»