Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев V Халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.
Әлемнің 40 елінің ресми делегациясы, шетелдік 108 кәсіпорынның басшылары келген көрменің ашылу салтанатында Елбасы аталған іс-шараның басты ерекшелігі ретінде «Қазақстандағы ғарыш күндері» форумын атады.
– Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы іс-шара биыл Астананың 2 0 жылдығымен тура келіп отыр. «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумның ұйымдастырылуы – биылғы көрменің басты ерекшелігі. Мұнда әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылды. Бүгінде «KADEX - 2018» халықаралық көрмесі қару-жарақ және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әлемдік маңызы бар шараға айналды. Әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін осы көрмеге ұсынып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешенінің және ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатын болады. Бұл ретте электрондық жүйе байланысы, қару-жарақты басқару жүйесін дамыту ісіне баса мән берілген. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесіне де назар аударылды. Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президенті, сондай-ақ шараға қатысушылар арасында өзара тиімді келісімшарттар жасалуына тілектестігін жеткізді. Көрмеге қатысушылар мен ұйымдастырушылар жұмысына зор табыс тілеп, ел үшін пайдалы, әріптестер үшін тиімді шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіре отыра, қазақстандық тараптың көрмені өткізуге қолдан келетін барлық шараны жасағандығын атап өтті.
– Өздеріңіз де білетіндей, біздің еліміз таяу және алыс елдермен тату көршілікті нығайтуға бағытталған бейбітсүйгіштік саясат жүргізіп келеді. Дегенмен әлемдегі бүгінгі жағдай барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр. Біз де ҰҚШҰ аясында дәл осыны жасауға ұмтыламыз. Онымен қоса, Қарулы Күштерді қауіпсіздік саласын дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. «KADEX - 2018» – Орталық Азия өңіріндегі жалғыз көрме. Осы жылдардың ішінде ол ауқымды оқиғалардың, қорғаныс әлеуетін нығайту мен елдер арасындағы әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңдарының біріне айналды. Жаңа технологиялық дәуір қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, экономиканы одан әрі жаңғыртуда да аталған саланың айрықша маңыздылығын айқындайды, – деп атап көрсетті Елбасы.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар биыл қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесін алғаш рет жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырғандығын да айтып өтті. Елбасы қазіргі геосаяси тұрақсыздық дәуірінде аталған көрменің мазмұны мен мәні өзекті екендігіне тоқталды.
Президент өз сөзінде отандық және шетелдік қорғаныс саласы кәсіпорындарының алдыңғы қатарлы өнімдері, ғарыштық саланың озық жетістіктері көрсетілетін көрме аясында халықаралық кооперацияның, әріптестіктің дамуына жол ашатын іскерлік келісімдердің, келісімшарттардың жасалатындығына сенім білдірді.
– «KADEX-2018» көрмесі елімізге инвестиция тартуға, экспорттық әлеуетімізді арттыруға ықпал етіп, экономиканың тұтастай алғандағы бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра түседі. Көрменің қорғаныс өнеркәсібі кешенінің көкжиегін кеңейтіп, жоғары деңгейде өтетіндігіне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасының құттықтау сөзінен соң көрменің туы салтанатты жағдайда көтеріліп, соңы Қазақстанның әскери-ғарыштық әлеуетін айшықтайтын шоу көріністермен жалғасты.
Әлбетте, еліміздің ғарышты игерудегі үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды. Алдымен ғарышқа жол салған Байқоңырдың бәсі бәрінен биік. Бүгінде осы теңдессіз кешеннің игілігін әлем көріп, оны игеруге еліміз де құлшына кірісті. Ал ғарышқа үш ұланын ұшырған ұлттардың өзі әлемде кем де кем. Осы және басқа да жетістіктердің барлығы көрме сахнасында көрініс тапты.
Елбасы көрменің ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының, Ресей мен Қытайдың павильондарын аралап көрді.
Ал енді жаһанның назарын аударған көрмеге тоқталар болсақ, көрменің алаңқайынан құдды бір адамзат қиялындағы техникалардың шындыққа айналып, күнделікті қолданысқа енгендігіне көз жеткіздік.
Жалпы, «KADEX-2018» халықаралық көрмесіне ресми делегацияларын жіберген Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, БАӘ, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Египет, Израиль, Италия мен Моңғолияның әскери-өндірістік салада осал еместігін ешкім жоққа шығармайды.
Ал экспонент ретінде аталған көрмеге қатысуға ниет білдірген Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланд, Ресей Федерациясы, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорынның өнімдері – осы саланың озық үлгілері екені де дау тудырмас.
Тағы бір атап өтерлігі, «KADEX» халықаралық көрмесі 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп, осы уақыт аралығында қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы оңтайлы байланыс орнату мен дамытуға қолайлы жағдай жасау және қорғаныс күштерін технологиялық тұрғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасу үшін тиімді алаңға айналып үлгерді. Бұл сөзімізді аталған көрмеге қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласындағы отандық және шетелдік кәсіпорындар, жетекші конструкторлық бюролар, ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша ғылыми-зерттеу институттарының қатысуының өзі дәлелдей түседі.
Көрмеге жер-жаһаннан жиналған қонақтар алдымен еліміздің Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері авиациялық техникасының үлгілік өнер көрсетулерін тамашалады. Небір алып әуе кемелерін төмен құлдилатып, көкте шиырып, өршелене шарықтатқан қазақ қырандары шетелдік қонақтарға таңдай қақтырды. Сол сәттегі ұшқыштардың шеберлігі мен ширақтығы ұрыс өнерінің шарықтау шегі екендігі анық.
Осы жерде биылғы жылы көрмеде 10 павильонның жұмыс істейтіндігін, оның ішінде Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, отандық «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС, «Қазтехнология» АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған «Ғарыш» атты дербес павильонның алғаш рет шығарылғандығын айтып өту керек.
Сонымен қатар көрме алаңында 124 бірлік құрлық техникасы, 18 бірлік әуе және ұшқышсыз басқарылатын техникалармен танысу мүмкіндігі жасалған.
Ең бір атап өтерлігі, көрмеге келушілер 2015 жылдың 12 қыркүйегінде еліміздің үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті қазақ даласына сәтті қондырған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің дәл өзімен таныса алады. Павильонның орталық бөлігінде «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» жерді қашықтықтан зондтау серіктерінің 2 макеті қойылған.
Көрмеге қатысушы Семей машина жасау зауыты көпшілік назарына автомобильдер мен арнайы техниканың үлгілерін шығарған. Көрменің алғашқы күні-ақ әлеуетті тапсырыс берушілер мен қатысушылар кәсіпорынның шынжыр табанды тасымалдау-тартқышын (ШТ-Т) көріп, экологиялық басымдығына, құрылымының қарапайымдылығы, жөндеуге жарамдылығымен ерекшеленетіндігіне және құмды жерлерде төмен жүктеме қабілетімен күрделі климаттық жағдайлардағы жұмыстарға пайдалануға арналған көрсеткіштеріне көз жеткізді.
Ал көрмедегі басты кәсіпорындардың бірі – «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС – еліміздің қорғаныс өнеркәсібі көшбасшыларының бірі болып отыр. Кәсіпорын шығаратын «Барыс» броньды машинасының 6х6 және 8х8 дөңгелекті формуласындағы үлгілері, сонымен қатар 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» және «Алан» броневиктері де көрмеге келушілер назарына ұсынылды. Егер «Барыс 8х8» «KADEX-2016» көрмесінде ресейлік «АУ-220М» жауынгерлік модуліне орналасқан 57-мм автоматты зеңбірегімен көрсетілсе, осы жылы БДМ отандық өндіруші «КАЕ» ЖШС әскери модулімен көрмеге қойылған.
Зауыттық және көрсетілімдік екі жылдық сынақтардың нәтижесінде «Барыс 8х8» бірқатар конструкторлық, техникалық және тактикалық өзгерістерден өткізілген. Көрменің қонақтары ең танымал қазақстандық броньды машина – «Арланмен» қатар, алғаш рет көп мақсатқа арналған «Алан» машинасымен де танысты. Бұл көлік әртүрлі құқықтық тәртіпті сақтау, арнайы жасақ және айрықша әрекет ету тобының операциясына, ішкі қауіпсіздікке, шекараны шолғындауға және қарулы қақтығысты жоюға арналған. Кәсіпорынның бізбен тілдескен өкілі, жоба инженері Данияр Айтқұлов биыл көрмеге «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» кәсіпорнының барлық өнімдері шығарылғандығын атап өтті.
– Бұл көрме арқылы барша әлемге Қазақстанда жоғары деңгейдегі машиналардың жасалатындығын паш етеміз. Сондай-ақ жаңа тапсырыстардың болатындығына сенімдіміз. Осы жердегі кездесулерден соң өнімдерімізді экспортқа шығаруға талпыныс жасаймыз. Өйткені экспортқа шығу үшін осыдан екі жыл бұрын кәсіпорынның баянды тарихы мен тәжірибесі жетіңкіремеді. Қазір осы уақыт аралығында төрт құбыламызды түгендеп алдық, – дейді Д.Айтқұлов.
Ал Көкшетау қаласында орналасқан «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев «KADEX-2018» көрмесіне авиациялық саладағы өнімдерді жеткізгендіктерін және бұл өнімдер қазіргі уақытта Ресей, Беларусь елдерінде кең сұранысқа ие екендігін атап өтті. «Тыныстың» ұсынатыны – 100 пайыз отандық өнім. Сондай-ақ кәсіпорын жеке сақтандыру амунициясы, брондалған күртеше, брондалған қалқанның озық үлгілерінің де өндірісін жолға қойған.
– «Болашақтың жауынгері» атты жобамыз да қазір сұранысқа ие болып отыр. Бұл жоба түнгі дүрбілер, нысана көздеу жабдықтарымен толықтырылды. Көрменің алғашқы күнінде Иордания Корольдігімен келісімге қол жеткіздік. Ресейлік компаниялар да жаңа жобалар бойынша келісім жасауға мүдделілік білдіруде, – деп атап көрсетті Қ.Қалманбаев.
Сөз орайы келгенде кәсіпорынның авиация саласындағы өнімдеріне бәсекелестік жоқтың қасы екендігін және өзге өнімдер бойынша отандық кәсіпорынның тек сапалық көрсеткіштер бойынша озық тұрғандығын айта кету керек. Демек «KADEX-2018» көрмесі «Тыныстың» тынысын аша түсетіндігіне еш күмән жоқ.
Ал оралдық «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнеломедовтың сөзіне қарағанда, аталған кәсіпорынның 40 жылдық тарихында әскери-әуе күштерінің керек-жарағын, су көліктерін жасауда елеулі табыстарға қол жеткізген. Шағын кемелер, мамандандырылған техникалар, сүңгуірлердің құрылғылары қазір Қарулы Күштер жасағының құрылымдарында кеңінен пайдаланылады.
– Қазір шетелдік тұтынушылармен байланысымыз жолға қойылған деп айта алмаймыз. Алайда бізге ең алдымен отандық тұтынушылармен байланысты жетілдіру қажет. Өнімдерімізді жергілікті құрылымдар көптеп алса – мақсатымызға жетеміз. Ал бұл үдеден шығуға «KADEX-2018» көрмесінің пайдасы тиеді деп ойлаймын, – дейді А.Гнеломедов.
Жалпы, Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келген «KADEX-2018» көрмесі жаңа форматта өтуде. Көрменің ғылыми-іскерлік бағдарламасы аясында алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумын және «Cyber and Digital Security», «Advanced Def Tech» конференцияларын өткізу қарастырылған. Оның бірінші күніндегі жиынға қорғаныс өнеркәсібі кешенінде жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері, Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь және басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен конструктор ұйымдарының мамандары қатысты. Олар әскери-техникалық ынтымақтастықты тиімді дамытудың өзекті мәселелері, қорғаныс-өнеркәсіптік саланы жаңғыртудың стратегиясы мен тетіктері, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ көрменің алғашқы күні шетелдік құрметті қонақтардың қатысуымен «Қазғарыштың» 25 жылдығына арналған «KADEX - 2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрқалыбы соғылған пошталық марканы соғу салтанаты өтті.
Сонымен бірге «KADEX-2018» көрмесі көпшілік үшін аралауға 25-26 мамыр күндері аралығында ашық болатындығын айта кеткен жөн. Онда кез келген адам марка мен пошта мөрқалыбы соғылған конверт, жеке түтікке, сыйлық қорапшаларына салынған ғарыш тамақтарын естелікке ала алады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»