ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында Семей қаласында кемеңгер ойшыл, аса дарынды ақын, аудармашы, композитор, хакім Абайдың інісі әрі ақындық өнер мектебінің ірісі Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші бой көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Данышпан ақынға арналған ескерткіштің биіктігі - тұғырымен қоса алғанда 7,7 метр. «Шәкәрім Құдайбердіұлы» атты мүсіндік композиция қоладан құйылып, гранит тұғырда орын тепкен. Ескерткіштің Тәуелсіздік күніне орай ашылуының символдық мәні терең. Шәкәрімнің рухани мұрасы азаттық дейтін аяулы ұғыммен, тәуелсіздік тақырыбымен үндесіп жатыр.
Ақынның кіндік қаны тамған мекенде осыған дейін бюсті мен жекелеген ескерткіштері ойшылдың мерейтойлары қарсаңында елімен қауышқан еді. Ал, бұл композиция арқылы мүсінші Шәкәрімнің ойлы бейнесін оң қолына кітап, сол қолына тасбих ұстату арқылы бейнелеп шыққан. Ескерткіш авторы осыған дейін Абайдың, Құнанбайдың және басқа да тарихи тұлғалардың кескін-келбетін келістірген жергілікті мүсінші Нұрбол Қалиев. Ерекше мағына үстеген өнер туындысы тарихи қаланың Шәкәрім даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысына қойылды.
Аталған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Хатты салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев оқып берді.
«Баршаңызды қазақ руханиятының алтын бесігі - Семей төріндегі Шәкәрім Құдайбердіұлы ескерткішінің ашылуымен құттықтаймын!
Шәкәрім Құдайбердіұлы – төл өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлға.
Ғұлама ойшыл ұлағаты мол шығармалар жазып, ұлы Абайдың сара жолын жалғады. Әлем әдебиетінің жауһар туындыларын ана тілімізде сөйлетті. Сол арқылы ұлт дүниетанымын байытуға зор еңбек сіңірді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ халқының ғана емес түбі бір түркі жұртының тарихын жаңғыртып, ағартушылық саласында өшпес із қалдырды. Еуропа мен Шығыс елдерінің ілімін терең зерттеп, ұлттық философияның іргетасын қалауға атсалысты.
Көрнекті ақынның ақ жүрек, таза ақыл, адал еңбек сияқты асыл қасиеттерді кеңінен дәріптеген теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Сәулет өнерінің туындысы ел игілігіне айналсын» делінген мемлекет басшысы жолдаған хатта.
Шәкәрім Құдайбердіұлы ХІХ ғасырдың соңы мен өткен ғасырдың басында қазақ руханиятының қамбасын байытқан айтулы сөз зергерлерінің бірі. Абайдың тәлімі мен тағылымын терең ұғынған ол арнайы Абай аманатын орындап, қажылық сапар шегумен бірге Еуропа елдерін аралап қазақтың түп тарихын тасқа басқан көрнекті тарихшы. Адамзат баласы үшін ең қастерлі ұғым ар ілімін алға тартып өзінің ғұмырлық философиясымен танылған сөз иесі. Оның аса бай әрі сан қырлы мол әдеби мұрасы қазақ халқының ғана емес барша түркі және шығыс мәдениеті үшін, жалпы адам баласы үшін ең қастерлі дүниелер.
Абай облысы