• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ауа райы Бүгін, 08:18

Бүгін еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады

1 маусымда еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы күтіледі. Синоптиктердің болжауынша, бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Ал оңтүстік аймақтарда ауа температурасы +40°C-қа дейін көтеріледі, деп жазады Egemen.kz.

Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы қалыптасып, аздаған жаңбыр жауады, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы 9-14 м/с, күндіз екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Ауа температурасы түнде +18...+20°C, күндіз +28...+30°C болады.

Алматыда жауын-шашынсыз күн райы сақталады. Түнде +20...+22°C, күндіз +33...+35°C ыстық болады. Шымкентте қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы +35...+37°C-қа дейін көтеріледі.

Қазақстанда жаз айларында ауа райы қандай болады? Синоптиктер болжамы

Оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады. Қонаевта күндіз +36...+38°C, Таразда +35...+37°C, Қызылордада +34...+36°C болады. Ал Түркістанда ауа температурасы +38...+40°C-қа дейін жетіп, өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі тіркелмек.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен қатар бұршақ пен дауыл күтіледі. Күндізгі температура +16...+18°C шамасында болады. Ақтөбеде де жаңбыр жауып, ауа температурасы +17...+19°C-тан аспайды. Атырауда жаңбыр мен найзағай болжанған.

Солтүстік өңірлерде де тұрақсыз ауа райы сақталады. Петропавлда бұлтты болып, жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Желдің екпіні түнде 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, кей уақытта 25 м/с-қа жетуі ықтимал. Көкшетауда түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қостанайда жауын-шашынсыз күн райы болжанған.

Орталық және шығыс өңірлерде күн құбылмалы болады. Жезқазған, Қарағанды және Павлодар қалаларында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал Семей мен Өскеменде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Талдықорған мен Ақтауда да жауын-шашын күтілмейді.

Еске салайық, жалпы мамыр айында ауа райы құбылмалы болды.

Соңғы жаңалықтар