• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Жас ұландарға – жаңа нысандар

310 рет
көрсетілді

Астанада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Халық Қаһарманы», армия генералы Сағадат Нұр­ма­ғам­бетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешені ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы мектеп тәрбиеленушілерін жаңа кешен­нің ашылуымен құттықтаған соң, Қорғаныс министрі Әділбек Жа­қ­сы­беков мектептің оқу-материал­дық базасымен таныстырды. Қа­рулы Күштердің Жоғарғы Бас қол­басшысы 51 сыныбы бар 4 қабатты оқу ғимаратының ауди­то­рияларын, 500 орындық жатақ­ха­насын, кітапхана мен оқу және мәжіліс залдарын аралап көрді. Мектептің әкімшілік ғимараты мен асханасы, спорт кешені де назардан тыс қалған жоқ. Елбасы спорт кешенінің 16 жолақты, ұзындығы – 25, ені 11 метрлік бассейнімен, үстел теннисі, бокс, күрес, футбол залдары мен ашық аспан астындағы баскетбол, волейбол, футбол алаңдарымен танысты. Келесі кезекте мектеп оқушыларымен кездесіп, оларды ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылған мектептің жаңа кешенімен құттықтады. – Бұл еліміздің бірегей оқу орны екенін білесіңдер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Мектеп осыдан 12 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың қараша айында болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелей­тін оқу орны ретінде ашылды. Енді сендер жаңа ғимараттың қа­бырғасында оқуды жалғастыра­тын боласыңдар. Мен сендердің оқуда табысты болғандарыңды қа­лаймын. Өйткені, біздің бола­ша­ғымыз сендер, жастарсыңдар. Мен сендердің әрқайсыңнан әс­ке­ри қолбасшы шығады деген сенімдемін. Одан кейін Мемлекет бас­шы­сы Қазақстан әскері әрқашан ел тәуелсіздігінің күзетінде екенін, кез келген армияның жауын­гер­лік қабілеті ол қанша жерден заманауи қару-жарақ және әскери-техникамен жарақтандырылса да бірінші кезекте мамандардың кә­сіби дайындығы мен моральдық ахуалымен байланысты болаты­нын атап өтті. «Сондықтан, – деді Елбасы, – ұландар біздің бо­ла­шағымыз. Ұландар ертеңгі күні Отанымыздың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін күзететін болашақ өз ісінің шеберлері». Осылай дей келе, ел Президенті мектеп алғаш құрылған кезден бері балалар үйі­нің тәрбиеленушілері мен тұр­мысы төмен отбасыларынан шық­қан балаларды оқуға қабыл­дауға баса назар аударылып келе жатқанын, болашақта мектеп осыны әрі қарай жалғастыра беретінін айтты. Мемлекет басшысымен кездесуде мектеп тәрбиеленушілері Елбасына алғыс сезімдерін білдірді. Соның бірі 7-сынып оқу­шы­сы Әділет Оспанов Президентке мемлекеттің «Жас ұлан» мектебіне жасап келе жатқан қамқорлығына, еліміздің әскери саласын дамытудағы ісіне рахметін жеткізді. «Біздің мектепте барлық жағдай жасалған. Біз Сізге мектептің оқу-материалдық базасын нығайтып, балалардың оқуына барлық жағдайды жасап жатқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазір бізде мемлекеттік және шет тілдері, әскери тәртіп пәндері терең оқытылса, ұландардың дене тәрбиесі дай­ындығына ерекше мән беріледі. Болашақта біз шымыр, жинақы да жігерлі болып, Отанымызды қор­ғайтын нағыз ерлер болып өсеміз», – деді ол. Мектептің жаңа кешенінің аума­ғы 24,165 шаршы метрді алып жатыр және 7 павильоннан тұ­ра­ды. Бұрынғы ғимараттың кө­ле­мі 14 мың шаршы метр болған екен. Мектептің жаңа кешені Қор­ғал­жын жолы бойында ор­наласқан. Президент Нұрсұлтан Назарбаев екінші кезекте Астанадағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан жаңа нысан – Оқу­шы­лардың шығармашылық са­райы­на келіп, кешеннің жаңа зал­дары мен бөлмелерін аралап көрді. Жалпы аумағы 60 мың шар­шы метрді алып жатқан Оқу­шы­лар сарайы – 4 қабаттан тұратын, көпбейінді, сырт пішімі күрделі ғимарат. Бірінші қабатында жеңіл атлетикалық манеж, екі жаттығу залы, жүзу бассейні, мұз айдыны, театрлық көрермен залы, асхана, әкімшілік және техникалық бөл­мелер орналасқан. Екіншісінде экс­позиция мен тақырыптық көр­мелерді ұдайы ұйымдастырып тұруға арналған көрме залы, Интернет-орталық және кітапхана бар. Үшінші қабатында баскетбол, күрес, теннис залдары, ор­кестр, би, хор және драма ұжымдары үшін дайындық залы, медициналық орталық орын тепкен. Төртіншісіндегі 170 орын­дық планетарийде стереоскоптық 3D технологиясын пайдалану ар­қы­лы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге мүмкіндік жасалған. Амфитеатр түрінде пайдаланы­ла­тын көпбейінді бөлмелер, хореография залы, саз сыныбы, изостудия, сазды-теориялық оқу сы­нып­тары, театр студиясы, зертхана, бейнефотостудия да осы қабатта. Елордада бой көтерген бірегей ғимараттардың қатарын то­лықтырған Оқушылар сарайында мектеп жасындағы балалар спорт­пен жан-жақты айналысуға мүмкіндік алады. Мұндағы жеңіл атлетика залының трибуналары – 336, мұз айдынының әмбебап залы – 384, бассейн залы 144 кө­рерменге есептелген. Бірегей ғимараттың бір ерекшелігі – онда 170 орындық планетарийі бар обсерватория жұ­мыс істейді. Сондай-ақ, планетарийде күмбез бен қабырға­лар­дағы экрандардан медиамате­ри­ал­­дарды көрсетуге мүмкіндік бар. Мұнда электр және радио­техникалық зертхана, компьютерлік техника зертханасы, әуе, зымыран, кеме үлгілерін жасау зертханасы ашылған. Сарайда мүмкіндіктері шек­теу­лі балалар мен жасөс­пі­рім­дер­ге де барлық жағдай жасалыпты. Мә­селен, жеңіл атлетика және драма театр залдарында арнайы көтеру құрылғылары орнатылған, бассейнде «Дельфин» көтеру құ­рылғысы бар. Яғни, ғимарат арнайы тетіктермен және пандуспен жабдықталған. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, жетім балалар Оқу­шы­лар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады. Оқушылар сарайы танымдық, мәдени-ағартушылық, спорттық-сауықтыру, рекреациялық және ұйымдастыру-әдістемелік қызмет атқаратын Астананың жетекші әлеуметтік, білім беру институты рөліне ие. Ғимараттың ішіндегі 50 үйір­ме­ге бір мезгілде 3880 адамның қатысуына болады, алайда, бір күннің ішінде ол бұдан үш-төрт есе көп бала қабылдай алады. Балалар осы жерде жүріп, кәсіби тұр­ғыда мамандануға, шығарма­шы­лық әлеуетін көтеруге мүм­кіндік алмақ. Оқушылар сарайын аралаған Президент: «Осындай Оқушылар сарайы көп өңірде жоқ. Бір ғана кешенде 50 үйірме орналасқан, қалауың бойынша сурет, би, модельдеу, спорттық үйірмелер, жеңіл атлетикалық манеж және өзге де секцияларға қатыса ала­сың. Балалар өз білімдерін одан әрі жалғастырып, өз қабілеттерін көрсету үшін негіз болатын білімді осыдан алады. Біз болашақ үшін жан-жақты, мәдениетті, ден­саулығы мықты ұрпақ тәр­бие­лейміз. Балалар, сендердің бар­лы­ғыңа бақыт тілеймін», – деді. Сарайдағы жаттығулар ғы­лым, өнер және спорт түрлері бойынша үш бағытта жүреді. Болашақта секциялар санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланған. Оқушылар сарайы жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығына айналмақ. Дастан КЕНЖАЛИН, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.