Астанада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Халық Қаһарманы», армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешені ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Мемлекет басшысы мектеп тәрбиеленушілерін жаңа кешеннің ашылуымен құттықтаған соң, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков мектептің оқу-материалдық базасымен таныстырды. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы 51 сыныбы бар 4 қабатты оқу ғимаратының аудиторияларын, 500 орындық жатақханасын, кітапхана мен оқу және мәжіліс залдарын аралап көрді. Мектептің әкімшілік ғимараты мен асханасы, спорт кешені де назардан тыс қалған жоқ. Елбасы спорт кешенінің 16 жолақты, ұзындығы – 25, ені 11 метрлік бассейнімен, үстел теннисі, бокс, күрес, футбол залдары мен ашық аспан астындағы баскетбол, волейбол, футбол алаңдарымен танысты. Келесі кезекте мектеп оқушыларымен кездесіп, оларды ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылған мектептің жаңа кешенімен құттықтады.
– Бұл еліміздің бірегей оқу орны екенін білесіңдер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Мектеп осыдан 12 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың қараша айында болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелейтін оқу орны ретінде ашылды. Енді сендер жаңа ғимараттың қабырғасында оқуды жалғастыратын боласыңдар. Мен сендердің оқуда табысты болғандарыңды қалаймын. Өйткені, біздің болашағымыз сендер, жастарсыңдар. Мен сендердің әрқайсыңнан әскери қолбасшы шығады деген сенімдемін.
Одан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан әскері әрқашан ел тәуелсіздігінің күзетінде екенін, кез келген армияның жауынгерлік қабілеті ол қанша жерден заманауи қару-жарақ және әскери-техникамен жарақтандырылса да бірінші кезекте мамандардың кәсіби дайындығы мен моральдық ахуалымен байланысты болатынын атап өтті. «Сондықтан, – деді Елбасы, – ұландар біздің болашағымыз. Ұландар ертеңгі күні Отанымыздың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін күзететін болашақ өз ісінің шеберлері». Осылай дей келе, ел Президенті мектеп алғаш құрылған кезден бері балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан балаларды оқуға қабылдауға баса назар аударылып келе жатқанын, болашақта мектеп осыны әрі қарай жалғастыра беретінін айтты.
Мемлекет басшысымен кездесуде мектеп тәрбиеленушілері Елбасына алғыс сезімдерін білдірді. Соның бірі 7-сынып оқушысы Әділет Оспанов Президентке мемлекеттің «Жас ұлан» мектебіне жасап келе жатқан қамқорлығына, еліміздің әскери саласын дамытудағы ісіне рахметін жеткізді. «Біздің мектепте барлық жағдай жасалған. Біз Сізге мектептің оқу-материалдық базасын нығайтып, балалардың оқуына барлық жағдайды жасап жатқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазір бізде мемлекеттік және шет тілдері, әскери тәртіп пәндері терең оқытылса, ұландардың дене тәрбиесі дайындығына ерекше мән беріледі. Болашақта біз шымыр, жинақы да жігерлі болып, Отанымызды қорғайтын нағыз ерлер болып өсеміз», – деді ол.
Мектептің жаңа кешенінің аумағы 24,165 шаршы метрді алып жатыр және 7 павильоннан тұрады. Бұрынғы ғимараттың көлемі 14 мың шаршы метр болған екен. Мектептің жаңа кешені Қорғалжын жолы бойында орналасқан.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев екінші кезекте Астанадағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан жаңа нысан – Оқушылардың шығармашылық сарайына келіп, кешеннің жаңа залдары мен бөлмелерін аралап көрді.
Жалпы аумағы 60 мың шаршы метрді алып жатқан Оқушылар сарайы – 4 қабаттан тұратын, көпбейінді, сырт пішімі күрделі ғимарат. Бірінші қабатында жеңіл атлетикалық манеж, екі жаттығу залы, жүзу бассейні, мұз айдыны, театрлық көрермен залы, асхана, әкімшілік және техникалық бөлмелер орналасқан. Екіншісінде экспозиция мен тақырыптық көрмелерді ұдайы ұйымдастырып тұруға арналған көрме залы, Интернет-орталық және кітапхана бар. Үшінші қабатында баскетбол, күрес, теннис залдары, оркестр, би, хор және драма ұжымдары үшін дайындық залы, медициналық орталық орын тепкен. Төртіншісіндегі 170 орындық планетарийде стереоскоптық 3D технологиясын пайдалану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге мүмкіндік жасалған. Амфитеатр түрінде пайдаланылатын көпбейінді бөлмелер, хореография залы, саз сыныбы, изостудия, сазды-теориялық оқу сыныптары, театр студиясы, зертхана, бейнефотостудия да осы қабатта.
Елордада бой көтерген бірегей ғимараттардың қатарын толықтырған Оқушылар сарайында мектеп жасындағы балалар спортпен жан-жақты айналысуға мүмкіндік алады. Мұндағы жеңіл атлетика залының трибуналары – 336, мұз айдынының әмбебап залы – 384, бассейн залы 144 көрерменге есептелген.
Бірегей ғимараттың бір ерекшелігі – онда 170 орындық планетарийі бар обсерватория жұмыс істейді. Сондай-ақ, планетарийде күмбез бен қабырғалардағы экрандардан медиаматериалдарды көрсетуге мүмкіндік бар. Мұнда электр және радиотехникалық зертхана, компьютерлік техника зертханасы, әуе, зымыран, кеме үлгілерін жасау зертханасы ашылған.
Сарайда мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдерге де барлық жағдай жасалыпты. Мәселен, жеңіл атлетика және драма театр залдарында арнайы көтеру құрылғылары орнатылған, бассейнде «Дельфин» көтеру құрылғысы бар. Яғни, ғимарат арнайы тетіктермен және пандуспен жабдықталған. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, жетім балалар Оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады.
Оқушылар сарайы танымдық, мәдени-ағартушылық, спорттық-сауықтыру, рекреациялық және ұйымдастыру-әдістемелік қызмет атқаратын Астананың жетекші әлеуметтік, білім беру институты рөліне ие.
Ғимараттың ішіндегі 50 үйірмеге бір мезгілде 3880 адамның қатысуына болады, алайда, бір күннің ішінде ол бұдан үш-төрт есе көп бала қабылдай алады. Балалар осы жерде жүріп, кәсіби тұрғыда мамандануға, шығармашылық әлеуетін көтеруге мүмкіндік алмақ.
Оқушылар сарайын аралаған Президент: «Осындай Оқушылар сарайы көп өңірде жоқ. Бір ғана кешенде 50 үйірме орналасқан, қалауың бойынша сурет, би, модельдеу, спорттық үйірмелер, жеңіл атлетикалық манеж және өзге де секцияларға қатыса аласың. Балалар өз білімдерін одан әрі жалғастырып, өз қабілеттерін көрсету үшін негіз болатын білімді осыдан алады. Біз болашақ үшін жан-жақты, мәдениетті, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелейміз. Балалар, сендердің барлығыңа бақыт тілеймін», – деді.
Сарайдағы жаттығулар ғылым, өнер және спорт түрлері бойынша үш бағытта жүреді. Болашақта секциялар санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланған. Оқушылар сарайы жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығына айналмақ.
Дастан КЕНЖАЛИН,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.