• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:53

Жалпыұлттық коалиция құрылды

10 рет
көрсетілді

Елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және прогрес­сивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлт­тық коалиция­ға бірікті. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллионда­ған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден аса қоғамдық ұйым енді.

Отырысқа қатысушылар жаңа Консти­туция жобасы саяси жүйе архитектурасын қоғамның жаңа сұранысына сай түбегейлі қайта жаңғыртатынын атап өтті. Бұл биліктің барлық тармағының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Мәжіліс спикері, Жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция – шын мәнінде тарихи құжат. Онда ең алдымен, адамға басымдық беріліп, мемлекеттің басты байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің алтын арқауы. Енді ол ең жоғары конституциялық деңгейде бекітіліп жатыр.

«Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін – осы асқақ арман. Сол арманға – әділетті әрі прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік», деді Е.Қошанов.

Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.

«Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты. Сондықтан бұл – елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін Конституция», деді ол.

Сондай-ақ шара барысында «Ауыл» пар­тия­сының төрағасы Серік Егізбаев, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы­ның төрағасы Азат Перуашев, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Мә­жі­ліс депутаттары, «Amanat» партиясы фрак­­ция­сының мүшелері Ерлан Саиров, Үнзила Шапақ, Сергей Пономарев сөз сөйледі.

Сонымен қатар «АгромашХолдингKZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы ойын ортаға салды.

Кездесуге қатысушылар жаңа Конститу­ция жобасы мемлекеттің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылымды, мәдениетті және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарға толық сәйкес келетінін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет институцио­налдық өзгерістер жолында маңызды кезеңнен өткені аталып өтті. «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­му­ласы нығаюда, Конституциялық сот жұ­мыс істеуде, заңсыз шығарылған активтер мем­ле­кетке қайтарылуда, ұлттық ресурстарды әділ бөлу қағидаты күшейтілуде. Бұл барлық ше­шім әділдік, теңдік және болашақ ұрпақ ал­дын­дағы жауапкершілік құндылықтарына негізделді.

Жаңа Негізгі заң қоғамдағы терең өзгерістер мен дүниетанымы жаңарған, мемлекетке жоғары талап қоятын жаңа буынның қа­лып­тасуына жауап ретінде қабылданғаны ата­лып өтті. Осы үміттердің өзегінде адалдыққа, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне деген құр­метке және адам құқығына кепілдік беруге де­ген сұ­раныс жатыр. Жаңа Конституция осы қо­ғам­дық талаптарға айқын әрі нақты жауап береді.

Сондай-ақ Негізгі заң жобасы қоғаммен ашық әрі ауқымды диалог аясында әзірленгені айтылды. Конституциялық комиссия жұмысы жария түрде, тікелей эфирде және тұрақты кері байланыс орната отырып жүргізілді. Осы уақыт аралығында азаматтардан, сарапшылардан, кәсіби қауымдастықтардан және түрлі сала өкілдерінен 10 мың ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Олардың әрқайсысы құжатты әзір­леу барысында қаралып, ескеріліп отырды.

Сөз сөйлеген барша азамат осы шешуші кезеңде жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызын қалың жұртшылық арасында ілгерілету үшін қоғамдағы жетекші күштерді біріктірудің маңызын атап өтті.

Коалиция құрамына саяси партиялар­дың орталық және өңірлік құрылымдары, рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестіктер, Парла­мент және мәслихат депутаттары, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіподақ ұйымдары, салалық қауымдастықтар мен жас­тар бірлестіктері кірді.

Жуырда Коалиция мүшелері өңірлер­де түсін­діру жұмысын бастайды. Алдағы ре­фе­рен­дум қарсаңында ашық диалог пен аза­мат­тар­­дың саналы түрде қатысуын қам­тама­сыз ету мақ­сатында еңбек ұжым­дарымен, са­рап­шы­­лар қауымымен және тұрғындармен кез­де­су өт­кізу жоспарланып отыр. Соның ішін­де шал­ғай ел­ді мекендер де назардан тыс қал­май­ды. Себебі әрбір азаматтың дауысы аса маңызды. 

Соңғы жаңалықтар