Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан ХХV қысқы Олимпиада аламанының бесінші күнінде де спортшыларымызға медаль бұйырмады.
Қысқы Олимпия ойындарының бесінші күнінде биатлоннан қыздар аламанға қосылды. 15 шақырымға жүйткіген шаңғышылардың арасында сенім мен үмітімізді арқалап Айша Рақышева мен Милана Генёва сөреден аттанған еді. Өкінішке қарай, Айша өзінің алғаш қатысқан Олимпиада додасында 86-орынды місе тұтса, Миланаға 89-орын бұйырды. Шаңғышларымыз ату түрінің төртеуінде де нысана көздеуден көңіл көншітпеді, атқан оғының тоғызы далаға кетті. Олимпиаданың алтын, күміс медалін француз спортшылары Жюлья Симон мен Лу Жанмонно иеленді. Қола медаль болгар қызы Лора Христоваға бұйырды.
Жүлде аламыз деп үміт еткен спорт түрінің бірі фристайл-могул еді. Еліміздің әйелдер құрамасы іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, финалдық кезеңге шықты. Бірақ Аяулым Әміренова, Юлия Галышева, Анастасия Городко финалда жоғары ұпай жинай алмады. Аяулым 18-орынды місе тұтса, Анастасия 15-сатыға орнықты. 2018 жылы Пхенчхан (Оңтүстік Корея) Олимпиадасында қола жүлде еншілеп, ел мерейін асырған Юлияның өнерін қазылар 14-орынға лайық деп бағалады. Осылайша, қыздарымыз фристайл-могулдан жекелей жарысты жүлдесіз аяқтады. Енді ертең параллельді могулдан сынға түседі. Фристайл-могулдан құраманың бас бапкері Елена Круглыхина спортшылар барын салғанын жеткізді. Ерлер додасында, сонымен қатар параллельді могулдан сынға түсетін спортшылар сенімді ақтауға тырысатынын айтты.
Шаңғы қоссайысынан додаға қосылған Шыңғыс Рақпаров тұғырдан секіру сайысында 35-орынды місе тұтса, шаңғы жарысында көмбеге 32-болып жетті. Бұл бәсекеде жеңіс тұғырына Енс Лурос Офтебру (Норвегия), Йоханнес Лампартер (Аустрия) Ээро Хирвонен (Финляндия) сынды саңлақтар көтерілді.