Амангелді ауылындағы А.Иманов атындағы мемориалдық музейде Торғай өңірінің арғы-бергі тарихына қатысты 5800-ден аса жәдігер сақтаулы тұр. Соның ішінде Амангелді батырдың бала кезінде жатқан төсегі де бар. Құнды жәдігер батырдың анасы Қалампырдан қалған.
ХІХ ғасырда белгісіз шебердің қолынан шыққан төсектің жақтауы сол дәуірге тән ою-өрнекпен нақышталған.
«Бұл төсекағаштың төсеніші, көрпе-жамылғысы, ағаштан жасалған жастығы түгел сақталған. Астыңғы төсеніші қалың қамыстан жасалған. Бұл бізге өткен ғасырдың 70-жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан келген», дейді музейдің қор сақтаушысы Дана Сейдағалиева.
Төсекағаштың үстінде шағын қалақ домбыра бар. Жанында батырдың ұрпақтарына тиесілі желбегей, Амангелдінің немере інісі Рахымқұл Есетайұлынан алынған қалың шапан, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісте мыңбасы болған Әлжан Қарабайұлының кісе белбеуі ілулі тұр.
Қостанай облысы