Шымкентте 14 жастағы баланы сарышаян шағып, оған шұғыл медициналық көмек қажет болды. Жәндіктің уынан кейін баланың аяқ-қолдары жансызданып, тыныс алуы қиындаған. Уақыт жоғалтудың қауіпті екенін түсінген ата-анасы ұлын өз көлігімен ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жолда оларға полиция қызметкерлері көмек көрсетіп, көлікті медициналық мекемеге дейін алып жүрген. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында жасөспірімнің жағдайы тұрақтанып, қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Т.Орынбаев атындағы қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, науқас 29 мамыр күні орташа ауыр хәлде токсикология бөліміне жатқызылған. Қажетті ем-дом жүргізілгеннен кейін оның жағдайы айтарлықтай жақсарып, келесі күні үйіне шығарылған.
Мамандардың мәліметінше, биылғы маусым басталғалы бері сарышаян шаққан 37 адам стационарлық ем қабылдаса, тағы 102 тұрғын амбулаториялық түрде емделген.
Дәрігерлер сарышаян шаққан кезде қатты ауырсыну пайда болатынын айтады. Мұндай жағдайда алдымен зардап шеккен адамды қауіпсіз жерге шығарып, жараны таза сумен жуып, суық басу қажет. Сондай-ақ удың ағзаға таралуын баяулату үшін зақымданған қолды немесе аяқты қозғалтпай бекіткен жөн.
Ақмола облысында кене шаққан жасөспірім жансақтау бөліміне түсті
Мамандар балаларға, егде жастағы адамдарға және созылмалы ауруы бар азаматтарға сарышаян уының әсері ерекше қауіпті екенін ескертеді. Уланған адамда бас айналу, құсу және қатты бас ауруы байқалуы мүмкін. Дәрігер келгенге дейін ауырсынуды басатын дәрі қабылдауға рұқсат етіледі.
Қауіптің алдын алу үшін қалың шөп өскен жерлерде абай болып, жабық аяқ киім кию ұсынылады. Сондай-ақ далада қалған киім мен аяқ киімді кимес бұрын мұқият тексеру қажет. Үй маңын қоқыстан тазартып, қабырғалардағы жарықтарды уақытылы бітеу де скорпиондардың үй маңына келу қаупін азайтады.